Қазіргі кезде қоғамда жастарға қатысты мәселе көп. Жастардың ой-санасы мен көзқарасын дұрыс қалыптастыру, өмірге көзқарасын айқындау да – маңызды міндеттің бірі. Осы орайда Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта жастар арасында әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әлеуметтік маңызы бар экологиялық жобаларды қолдау мақсатында ÁLEMDI ÓZGERT атты үздік жобалар байқауы өтті.
Аталған байқауды Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Бұл шара жастарды өзін өзі тәрбиелеуге баулиды. Әсіресе жастарды экологиялық сананы өзгертуге, жақсы мен жаманды саралай білуге шақырады.
«Жобалардың бәрін де қарап шықтық. Жастар аталған жобаға тың идеялар ұсынған. Сонымен қатар әртүрлі бағыттағы мәселелерді де қамтыған. Осындай байқауларға тұрақты қатысып тұратын жастарымыз да жетерлік. Үздік деп танылған жобалар алдағы уақытта қолдау тауып, іске асырылады деген сенімдемін. Жобаға кез келген жас өз жұмысын ұсына алады», дейді қазылар алқасының мүшесі Асхат Олжабай.
Байқауға өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарынан 15 студент қатысып, өзінің қазақ және орыс тілдеріндегі публицистикалық жұмыстарын ұсынған. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес «Әлеуметтік бағыттағы мәселелер» аталымы бойынша Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті Б.Асқар, «Құқықтық бағыттағы мәселелер» аталымы бойынша «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің студенті Д.Берекеева, «Экологиялық бағыттағы мәселелер» аталымы бойынша Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті Ш.Жүсіпов және «Әскери бағыттағы мәселелер» аталымы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Е.Юсупов жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді.
«Мен ұсынған жоба әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Бүгінгі қоғамда ажырасу белең алып отыр. Жобада отбасы құндылықтарын сақтау және ажырасуды азайтудың жолдары ұсынылды. Алдағы уақытта да әлеуметтік мәселелерге байланысты ұйымдастырылған түрлі байқауларда белсенділік танытамын», дейді байқау жеңімпазы Б.Асқар.
Жамбыл облысы