• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2021

Бір кодтың құны

108 рет
көрсетілді

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап аяқ киімдерді міндетті цифрлы таңбалау жоспарланған. Жаңа жүйе енгізілген соң, өндірушілер мен импорттаушылардың барлығы тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне тіркелуі керек. Таңбалау кодтарын әзiрлеу үшін жүйеге өндірілген және импортталатын өнім туралы ақпаратты енгізу қажет. Мұндай бір кодтың құны 2,68 теңгені құрайды.

Бұл ретте Цифрлы эконо­миканы дамыту орталығы Қа­зақстан үшін аяқ киім шыға­ра­тын 45 шетелдік зауытпен ке­ліссөз жүргізді. Олардың көп­ші­лігі Ресей нарығына арналған аяқ киімді бір жарым жылдан бері таңбалап келеді. Тиісінше, Қазақстанға да қол ұшын созуға дайын.

Атап айтқанда, қазақстандық аяқ киім импортының 61 пайызын құрайтын Қытай зауыттарын таңбалау қызметтерінің құны бір жұп үшін 70 теңгеге тең. Түрік зауыттары Қазақстан үшін аяқ киімді 70-100 теңгеге таңбалауға дайын. Италия зауыттарында таңбалаудың ең қымбат қызметі – шамамен 300-400 теңге. Бірақ бұл елден Қазақстанға келетін тауардың көлемі жалпы импорттың 0,3 пайызын ғана құрайды.

Тауарды өндірісте бір­ден таңбалау – ең қолайлы нұ­с­қа. Бұдан бөлек, импорттау­шы­лардың Қазақстанға өнімді әкелу кезінде кедендік қоймада да таңбалау қызметіне тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Олардың қызметтері импорттаушының жалпы көлеміне байланысты бір жұп үшін 30 теңгеден 300 теңгеге дейін болмақ. Сонымен қатар бұл сомаға жөнелту, сақтау, буып-түю, стикеттеу, сканерлеу және есепке алудың барлық қосымша шығыны кіреді. Орта есеппен өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалауға байланысты шығындар бір жұп құнының 0,1-2,5 пайызын құрайды.

– Қазір аяқ киімнің таң­ба­лануына байланысты айтар­лық­тай қымбаттауы мүмкін д­е­ген ақпараттық жұмыс жүріп жат­қанын көріп отырмыз. Алайда шын мәнінде бұл жаңашыл­дық бағаға анау айтқандай әсер ет­пейді. Бәлкім, жылдар бойы «көлеңкелі» айналымда жүріп келген, қазір де «жылы орнын суытқысы» келмейтін жосықсыз кәсіпкерлер жағдайды өз пайдаларына икемдеуге мүдделі. Нарықта заңды түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлер цифрлы таңбалауды енгізуді қолдайды. Олар бұл қадам заңсыз та­уар нарығын тазартудың ең тиімді жолы, оның адал қа­тысушыларына нарық үлесін арттыру мүмкіндігі екенін жақсы біледі. Егер нарықтың ресми көлемі жылына 34 млн жұп аяқ киімді құрайтын болса, 18,8 млн адам тұратын Қазақстан үшін бұл көрсеткіш тым аз екені анық, – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Осы орайда отандық аяқ киім өндірушілер цифрлы таң­балау­ды енгізуді әрдайым қолдап ке­леді. Қазіргі уақытта аяқ киім тауарлары айналымының құры­лымы мынадай: 96 пайызы – импорт, ал 4 пайызы – ішкі өн­діріс. Ішкі нарықтың дамуы аяқ киімнің «көлеңкелі» айналымын айтарлықтай шектейді.

Б.Құрманғалиеваның пікі­рінше, цифрлы таңбалауды енгізу – нарықты контрафак­ті­ден тазартудың ең тиiмдi жолы. Ресми мәліметтер бойынша, кон­­трафактілер қазір нарықтың 48,5 пайызын құрайды. Сон­дық­тан таңбалау аяқ киімнің әр жұбын анықтауға және оны адам факторының әсерінсіз тауарлық тізбектен қадағалауға мүмкіндік береді.

Тауарға Data Matrix коды бар стикер немесе заттаңба орнату қажет болады. Data M­atrix коды тікелей аяқ киімге, сон­дай-ақ тауарлық белгіге немесе тұтынушы қаптамасына қол­данылуы мүмкін. Жаңа цифр­лы белгі сатып алушы үшін өнім­нің заңдылығын растайды. Тұтынушы кодты арнайы мо­бильді қосымшамен сканерлеп, өнім туралы толық ақпарат алып, оның заңдылығын тексере алады.