Табиғаты таңғажайып Қарқаралыға саяхаттап баратын кейбір тәртіпсіз туристердің жартастар мен қойтастарға «Мұнда Вася болды», «Гуля + Макс» деген сияқты жазбалар қалдырып, көзсүйсінер сұлулықтың сынына нұқсан келтіріп жататыны белгілі.
Таяуда Қарағанды мен Қарқаралының ерікті жастары «Өз елімде із қалдырмай Sayahattime» экоакциясын қолдап, жоғарыда айтылған тәртіпсіздіктің салдарымен күреске шықты. Белсенді жастар Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі «Үш үңгір» жартасындағы жабайы жазуларды өшірді. Волонтерлер жазбаларды жоюға арнайы химиялық ерітінділерді пайдаланды. Кейбір жерлерде газ қыздырғыштарын да қолдануға тура келді.
Айта кету керек, Қарқаралыдағы туристік маршруттар бойындағы жазулар мен суреттерді өшіру бастамасын Kazakh Tourism ұлттық компаниясы көтерген болатын. Ал акцияны қолдаған Jana Dunie қайырымдылық қоры еріктілерді жартасты тазартуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Акцияға белсене қатысқан Жанарай Санақбай жартастағы жазуларды жою бойынша осындай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.
– Біз облыс тұрғындары мен Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қонақтарын табиғатты аялауға шақырамыз. Алдағы уақытта мұнда табиғатты қорғауға шақыратын тақтайшалар орнататын боламыз. Себебі біз жерімізді ұрпақтарымызға бастапқы күйінде сақтап, тапсыруға міндеттіміз, – дейді жалынды жас.
Жастардың өнімді жұмысынан кейін «Үш үңгір» жартасы бұрынғы келбетіне ие болып, жарқырай түсті. Бұдан бөлек акцияға қатысушы еріктілер сенбілік ұйымдастырып, төңіректі туристер тастап кеткен қоқыстан тазартты.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы