• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2021

Ауылдарда мәдениет ошақтары жетіспейді

431 рет
көрсетілді

Ел өңірлерінде 350-ден астам мәдениет нысаны жетіспейді. Бұған қоса, ауылдық жерлерде мәдениет кадрлары тапшы. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

Жоғарғы Сот судьясы Қанат Мусиннің төрағалығымен өткен комиссия отырысында мәде­­ниет және өнер саласындағы қыз­мет­керлердің әлеуметтік-эко­но­микалық және еңбек құқық­та­рын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Баяндама жасаған Ақтоты Райым­құ­лова жергілікті атқа­рушы ор­ган­дардың ақпа­раты­на сәйкес бү­гін­де респуб­ли­ка бойынша ай­мақ­тарда 353 мәдениет нысаны, оның ішінде 127 мәдениет үйі, 113 кітапхана, 85 ауылдық клуб, 10 театр, 8 музей, 2 концерт залы және 2 мәдени-демалыс ұйымы жетіспейтінін айтып өтті.

«Мәдениет нысандарын оң­тай­­ландыруға байланысты жер­гі­лікті атқарушы органдар осы са­ладағы ғимараттарды қыс­қар­­тып жатыр. Бұл үрдіс талдау жұ­мыс­тары кезінде анық бай­қал­ды», деген министр өңірлерде мәдениет ұйымдарын жаппай біріктіру тәжірибесі барлық жерде қолданылатынын жеткізді.

Бұл, әсіресе моноқалалар мен ауыл халқының мәдени құн­ды­лықтарға қолжетімділігін шек­тейтінін айтқан ол: «Елді мекендердегі мәдениет нысандары көрсететін қызметтердің халыққа қолжетімділігін қам­та­масыз ету үшін жергілікті атқа­ру­шы органдарға ең төменгі мемлекеттік нормативтерді сақ­тау ұсынылады. Бұл мәселе, атап айтқанда, ауыл-аймақтар мен моноқалаларға қатысты. Мәдениет ұйымдарының қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жастардың дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз. Сол себепті балалар мен жасөспірімдердің шы­ғар­машылық әлеуетін артты­ру­ға ерекше мән берген жөн», деп атап өтті ведомство басшысы.

Министр сондай-ақ қазіргі таңда жергілікті жерлерде жас мамандарды әлеуметтік қол­дау­ға бағытталған бірқатар бағ­дар­ла­маның жұмыс істемейтінін де бүкпесіз айтты. «Мысалы, «Дип­лом­мен – ауылға!» жобасы ел өңірлеріндегі кадр тапшылығы проблемасын шешпейді», деген ол бүгінгі күні ауылдық жер­лер­дегі мәдениет ұйымдарына 1200-ден астам кадр қажет екенін айт­ты.

«Архив саласына білікті кадр жетіспеушілігінің басты себебі –архивші мамандығы мәртебесінің төмендігінде жатыр». Осылай деген А.Райымқұлова жоғары оқу орындарының бұл бағыт бойынша мамандар даярлауға мүдделі емес екенін де сынға алды. Мысалы, бүгінде «Архив жүргізу», «Құжат жүргізу» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша мамандар даярлауды еліміз бойынша жалғыз жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүзеге асырады. «Сондықтан өңірлердің жоғары оқу орындарында архив ісі және құжаттама саласы бойынша мамандықтар ашу, Білім және ғылым министрлігі «Архивтану», «Құжаттану» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша мемлекеттік гранттарды ұлғайтуы қажет», деді баяндамашы.

Бұл ретте комиссия мүшелері облыстардың, республикалық ма­ңызы бар қалалардың, астана­ның жергілікті атқарушы орган­да­ры қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесіне ауыл­дық және қала маңындағы елді мекендердің мәдениет объек­ті­лерімен қамтамасыз етілуі сияқ­ты өлшемдерді енгізуді ұсын­ды.

Мемлекеттің басым міндет­те­рі­нің бірі – мәдениет және өнер ме­кемелері қызметкерлерінің әлеу­меттік-экономикалық және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету. Сол себепті де жиында сөз алған комиссия мүшелері бұл сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалу дәрежесі – кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытының басты индикаторы болып табылатынын атап өтті.

Жиынға қатысқан Парламент, Үкімет, сот органдарының, білім, ғылым, мәдениет және өнер меке­ме­лерінің, халықаралық және үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкіл­дері, заңгерлер табысты мемлекеттің мә­дени саясаты қоғам мен мемлекет тыныс-тіршілігінің барлық маңызды аспектілерін дамытудың сапалы өлшемі екендігін атап көрсетті.

Отырыста сондай-ақ архив мекемелері, кітапхана жүйесі үшін білікті кадрларды даярлау және қайта даярлаудың өзекті мәсе­лелері жан-жақты талқы­лан­ды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет және өнер саласындағы әлеумет­тік маңызы бар жобаларды қар­жы­ландыру көлемін ұлғайту, сондай-ақ еліміздің архив мекеме­ле­рі үшін жаңа ғимараттар салуды қаржыландыру туралы мәселелерді қарау ұсынылды.

Бұдан басқа, комиссия мүше­ле­рі мәдениет пен өнер салаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, мәдениет объектілері қызметін цифрландыру, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік мәдени процеске ықпалдасу әлеуетін жандандыруға ерекше назар аудар­ды.