• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Маусым, 2021

Ауғанстанда екі министр ауысты

186 рет
көрсетілді

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мемлекеттің Қорғаныс және Ішкі істер министрлерін қызметтерінен босатты. Ауғанстандық басылымдар бұл шешім елдегі Талибан қозғалысының қысымына байланысты қабылданды деп жазды.

Талибан қозғалысы өткен аптада 40-қа жуық ауданды басып алған. Министрлерді қызметінен босатуға халық саны өсіп, көші-қонды реттеу мүмкін болмай, талибтермен келісім күннен-күнге қиындап жатқаны себеп болды дейді Президент әкімшілігі. Президент жаңа министр ретінде 1990-жылдардағы азаматтық соғыста талибтерге қарсы соғысқан қолбасшы Ахмад Шах Масудтың қол астында болған генерал Бисмиллях Хан Мұхаммадиді тағайындағанын мәлімдеді. Ол 2018 жылдан бері құрылымды басқарып келген Асадуллах Халидтің орнына келді. Ал Ішкі істер министрі ретінде Ғани әкімшілігі генерал Абдул Саттар Мирзакуалды тағайындады. Бұл шешімді ел Парламенті де қолдады.

Естеріңізде болса, қыркүйектің 11-індегі қанды оқиғаға 20 жыл толуына орай АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстандағы әскерді қайтаруды мақсат еткен-ді. Пентагон шешім қабылдағаннан кейін Талибан мемлекеттік күштерге қарсы со­қ­қы­ларын бәсеңдетті. Дегенмен өткен аптада тағы да 6 ауданның талибтерге өткені мәлім болды. Бұл мемлекеттік құрылымдарды, халықты эвакуациялауға мәжбүр етті.

 

Иранның жаңа президенті белгілі болды

Ирандағы президент сайлауы мәресіне жетті. Елдің Жоғарғы сотының басшысы Ебрахим Раиси саяси додада басым түсті. 

Ресми деректерге сүйенсек, Раиси 17,9 млн дауыс жинаған. Сайлауда 28,9 млн азамат дауыс бергенін ескерсек, бұл 62 пайызды білдіреді. Одан кейінгі орынды революция сақшыларының басшысы Мохсен Резан еншіледі. Ол 3,4 млн дауыс жинады. Орталық банктің бұрынғы басшысы Абдолнассер Хеммати 2,4 млн дауыс жинаса, Амир Хосейн Газизаде Хашемиді 1 млн сайлаушы қолдаған. Дауыс санау барысында 4 млн дауыстың жарамсыз екені мәлім болды. Ел полициясы республика бойынша ондаған адамды ұстаған. Олар ереже бұзумен қатар, сайлаудың өтуіне кедергі келтірмек болған.

Ескеретін тағы бір жайт – бұл сайлауға шетелдік байқаушылар шақырылмаған. Оған қоса, кейбір учаскелерде техникалық ақауларға байланысты дауыс беру тоқтатылған. Кей учаскелерде бюллетень жетпей қалыпты.