Дәл қазір қарт құрлықтың 11 қаласында қатар өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының қызған шағы. Дүние дидарын өзіне аударған доп додасы спорттық бәсеке ғана емес, ұлттық құрамаларға, ұйымдастырушыларға, демеушілерге қаржылық тұрғыдан қыруар табыс әкелетін ауқымды шара. Осы орайда біз Еуропа біріншілігінің қаржылық есеп-қисабына назар аударғанды жөн көрдік.
Жеңілгенге де жүлде бар
2018 жылы УЕФА Братиславада арнайы конгресс өткізіп, пандемияға байланысты бір жыл кешіктірілген Еуропа чемпионатының жүлде қорын бекітті – 371 млн еуро. Алайда дүние жүзінде қалыптасқан жағдайға байланысты УЕФА аталған соманы 331 млн еуроға дейін қысқартты. Осының өзі бұған дейін ұйымдастырылған біріншіліктердің жүлде қорынан әлдеқайда қомақты. Мәселен, Португалия чемпион болған ЕУРО-2016 додасының қаржы қоржыны бұдан 30 млн еуроға аз. Яғни 301 млн еуро. Ал ЕУРО-2012 бәсекесінің жүлде қоры 196 млн еуро болған еді.
Енді 331 млн еуроның қалай жұмсалатынын есептеп көрейік. УЕФА бұл жолы дархандық танытып, әрбір қатысушыға 9,25 млн теңгеден үлестіретін болды. Демек жеңілістен көз ашпаған команданың өзі құр қол қайтпайды. Ал ЕУРО-2016 турниріне қатысушыларға 8 млн еуродан тиген болатын. Бұл жолғы сома 1,25 млн еуроға көп.
Сондай-ақ турнирдің топтық кезеңіндегі әрбір жеңіске 1 млн еуродан, ал әрбір тең ойынға 500 мың еуродан ұсынылады. Жеңілген ұжымға түк те жоқ.
Бұдан бөлек, жарыстың 1/8 финалына өткен құрамалардың бәрі қаржылық қоржынын 1,5 млн еуромен толықтырады. 1/4 финалға өткен ұжымдардың алатын сомасы бұдан жоғары – 2,5 млн еуро. Жартылай финалға жолдама алғандар 4 млн еуроны қанжығаға байлайды.
Өзгелерден қара үзіп, мәреге қатар жеткен қос финалистің қоржыны автоматты түрде 5 млн еуромен толығады. Сондай-ақ турнир жеңімпазына тағы 3 млн еуро төленеді. Егер барлық ойында жеңіске жетсе, ЕУРО-2020 додасында топ жарған құраманың 28,25 млн еуро табыс табатын мүмкіндігі бар.
Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Бұл жолғы біріншіліктің жүлде қоры неге қомақты? Мұның сыры қатысушы құрамалардың көбейгенінен байланысты. Бұрын қарт құрлықтың додасына 16 команда қатысса, 2016 жылдан бері 24 ұжым бақ сынайды.
Бұл – УЕФА тарапынан берілетін қаржы. Бұдан бөлек, әрбір елдің футбол федерациялары қосымша бонустар белгілеп отыр. Демек, футболшылардың табысы әлдеқайда қомақты болуы ықтимал.
Ұпайы түгел компаниялар
Әдетте, ірі футбол чемпионаттары әуе тасымалдаушылардың, алкоголь өнімдерін өндірушілердің, қонақүй кешендерінің қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер етеді. Бірақ ЕУРО-2020 мұндай мүмкіндіктердің бәрін шектеп отыр. Себебі түсінікті. Пандемияға байланысты қабылданған шектеу шараларының салдарынан турнирді қабылдаушы мемлекеттердің шекарасы толық ашылған жоқ. Тиісінше, стадиондар да толықтай толмайды.
Дегенмен биылғы доп додасында жоғарыда аталған факторларды пысқырмайтын компаниялардың ұпайы түгел болмақ. Енді соларға тоқталайық.
Алдымен ЕУРО-2020 турнирінен хабар тарату құқығына ие компаниялар пайдаға кенелмек. Мәселен, осы жолғы Еуропа чемпионатының трансляциялау құқығы ұлыбританиялық ITV компаниясына тиесілі. Бұл компанияның акциялары Лондон биржасында сатылады. Былтыр доп додасы кейінге шегерілгенде ITV миллиондаған көрерменінен айырылып қалды. Тиісінше, табысы да төмен сырғыды. Енді, міне компания біріншіліктен хабар тарату кезінде жарнамадан көп көлемде табыс табу мүмкіндігіне ие.
Анау-мынау факторларды елемей, қаржылық жағдайын жақсартатындардың қатарында спорттық экипировкаларды өндірушілер де бар. Олар ірі футбол чемпионаттарында жарнаманың астында қалады. Турнирге қатысушы құрамалардың футболкалары мен басқа да атрибуттарын сатып, мол пайдаға кенеледі. Мәселен, биылғы доп додасында Nike компаниясының асығы алшысынан түсуі мүмкін. Өйткені бұл компания жанкүйері өте көп Англия, Франция, Нидерланд, Португалия секілді 9 құраманы «киіндіріп» отыр. Adidas-тың да мұртын балта шаппайды. Германия, Испания, Ресей, Бельгия секілді 8 команданың керек-жарағын ұсынып отырған компания жарнамадан көп пайда түсіруге тиіс. Италия сынды төрт ұжымға өнімін ұсынған Puma компаниясы да пайданың жайын жақсы білері анық.
Чемпионат кезінде бәс тігушілердің де қатары көбейеді. Демек, бұл кезеңде букмекерлік компаниялардың да дәурені жүреді. Атап айтқанда, әлемге аты жайылған DraftKings, Penn National Gaming, Flutter Entertainment секілді букмекерлік компаниялар қосымша табысқа кенеледі деп күтілуде. Қазақстан аумағында жұмыс істейтін букмекерлік кеңселер де желпініп отырған көрінеді.
Байрақты бәсеке УЕФА-ның негізгі серіктестеріне де қаржылық тұрғыдан табыс әкелетіні анық. Олар футбол матчтарына дейін де, одан кейін де, кездесу уақытында да жарнамаланып отырады. Сондай-ақ негізгі серіктестердің логотиптері стадионның шетіндегі LED-ернеулерде көрсетіліп тұрады. Сонымен ұлттық құрамалар арасындағы УЕФА турнирлерінің негізгі демеушілері қатарында Alibaba құрамындағы AliPay төлем жүйесі, Booking.com қонақүйлерді интернет арқылы брондау жүйесі, FedEx көлік компаниясы, Ресейдің «Газпром»-ы, тұрмыстық техника өндіретін Қытайдың Hisense компаниясы, германиялық автоөндіруші Volkswagen бар.
Тақым қысқан клубтар
ЕУРО-2020 додасынан жақсы табыс табатындардың қатарында акциялары түрлі биржаларда сатылатын футбол клубтары да бар. Мәселен, Англиядағы «Манчестер Юнайтедтің», Италиядағы «Ювентус», «Рома», «Лацио» клубтарының, Германиядағы дортмундтық «Боруссияның», Франциядағы «Лион»-ның, Португалиядағы «Порту», «Бенфика», «Спортинг» ұжымдарының, Нидерландыдағы «Аякстың», Шотландиядағы «Селтиктің», Түркиядағы «Галатасарай», «Фенербахче», «Бешікташ», «Трабзонспор» секілді клубтардың акцияларын әлемдік биржалардан сатып алуға мүмкіндік бар. Демек, ЕУРО-2020 турнирінде тәуір ойнаған футболшылар өз клубтарының қаржылық жағдайын жақсарта алады.
Сол секілді байрақты бәсекеден кейін ерекше көзге түскен ойыншылардың трансферлік құны қымбаттайтыны анық. Бұл да футбол клубтарына белгілі бір деңгейде табыс әкелмек. Мәселен, дортмундтық «Боруссия» мен Англия құрамасының ойыншысы Джейдон Санчо Еуропа біріншілігінде жақсы ойнады делік. Демек, дортмундтық клуб футболшыны өзге клубқа сатарда қомақты қаржы сұрауға құқылы. Трансферден түсетін қаржы инвесторларды қуантып, клубтардың дамуына оң серпін беретіні түсінікті. Әсіресе таланттар шоғырын қалыптастырып отырған «Бенфика», «Порту», «Аякс» секілді клубтар бір жырғап қалады. Өйткені олардың негізгі табыс көзі ойыншыларды сатудан құралады.
Билет сатылымынан түсім аз
Әйгілі Forbes басылымы пандемияға дейін ЕУРО-2020 турнирінің табысы 2,5 млрд еуроны құрайды деп мәлімдеген еді. Бұл бұған дейін ұйымдастырылған бәсекелердің табысынан әлдеқайда жоғары. Мәселен, ЕУРО-2016 бәсекесінің табысы 1,916 млрд еуроға бағаланды. Мұндағы табыс негізінен үш көзден жиналған. Билет сатылымы – 400 млн еуро, телетрансляция құқығы – 1,05 млрд еуро, демеушілік келісімдер – 480 млн еуро.
Ал биылғы доп додасында стадиондар жанкүйерлерді толықтай жинай алмайды және бұл әлдеқашан белгілі болған жайт. Демек, билет сатылымынан анау айтқандай табыс түспейді. Мәселен, осы жолы Мюнхендегі бір матчты әрі кеткенде 14 мың адам ғана стадионнан тамашалай алады. Өйткені «Алльянц-Арена» стадионының 20 пайызын ғана жанкүйерлермен толтыруға рұқсат берілді. Чемпионатты қабылдаушы кейбір қалаларда стадион сыйымдылығының 25-40 пайызын толтыруға мүмкіндік бар. УЕФА биыл билет сатылымынан 300 млн еуро табыс түседі деп болжап отыр. Бұл бұған дейінгі біріншіліктің көрсеткішінен 100 млн еуроға аз.
Әдетте, Еуропа біріншілігін қабылдаушы мемлекет стадиондардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы жұмсайтын. Бұл жолы бір ғана арена салынды. 2019 жылы Будапештте «Ференц Пушкаш» стадионын салуға 540 млн еуро жұмсалды. Өзге қалалар ЕУРО-2020 турнирінің дайындық жұмыстарына аса көп қаржы жұмсаған жоқ. Айталық, Санкт-Петербург доп додасының дайындығына 2020 жылы 36 млн еуро бөлсе, Лондон 17,8 млн еуро шығындаған. Қалған қалалардың шығыны бұдан да аз.
Мұндай ірі жарыстарда туристердің келуімен экономикалық көрсеткіштер жақсаратын еді. Алайда коронавирус бұл мүмкіндікті де шектеп отыр. Оның үстіне жеке бастың амандығын тілейтін жанкүйерлер мыңдаған адам жиналатын мұндай орындарға барудан саналы түрде бас тартатыны тағы бар. Бара қалған күннің өзінде сақтық шараларын сақтау, шектеулерді орындау оларды мезі ететіні ақиқат.
Десек те ұлттық намыс сынға түсетін мұндай додаларда ақшадан да артық дүниелер бар. Әлем алдындағы абырой-атақ пен жанкүйердің ыстық ықыласына жетер ештеңе жоқ.