Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Әкім кездесуде өңірдің 2021 жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысына тоқталды. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы және Үкіметтің қолдауымен өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізіліп отырғанын да айтты.
Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында экономиканың өсімі 101,6 пайызды құрады. Негізгі капиталға 421 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 436 миллиард теңгеге 11 жоба іске асырылуда. Ал бүгінге 74,1 миллиард теңгеге 5 жоба орындалған. Сондай-ақ өңірде ағымдағы жылдың бес айында «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 23200 адам қамтылған. Есепті кезеңде облыста 16400 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 7300 жұмыс орны тұрақты. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. Сонымен қатар аймақтағы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 69 мыңнан 50 мың адамға дейін азайған. Облыстағы 356 ауылдық елді мекеннің 70-інің тұрғындары атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға өңірдің қолайлы климаттық жағдайын айта келіп, әсіресе егістік алқаптары мен жайылымдық жерлердің бос жатпауына айрықша назар аударылып отырғанын жеткізді. Әкімнің айтуынша, облыста арнайы әзірленген картаның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 41,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 2,1 мың гектары егістік жерлер болса, 38,9 мың гектары жайылым жерлер. Сондай-ақ ағымдағы жылы өңірде егістік алқабы 47 мың гектарға дейін ұлғайып, 768,5 мың гектарға жеткен.
Брифинг барысында Бердібек Сапарбаев өңірде балық өндірісін 2025 жылға қарай 5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда облыс аумағында 142 балық шаруашылығы айдындары болса, форель балықтарын өсіруге арналған 17 тау учаскелері анықталған. Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ол жұмыстардың нәтижесінің бір көрінісі ретінде ашылған 29 әлеуметтік дүкенді айтуға болады. Қосымша тағы осындай 12 сауда орнын іске қосу жоспарлануда. Бұл орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жүзеге асып жатқан «Алқаптан сөреге дейін» қанатқақты жобасының маңызы зор. Ол үшін 1 миллиард теңге бағытталған. Аталған жоба аясында азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында төрт сауда желілері анықталып, оларға өнімдер делдалдарсыз тікелей жеткізілуде. Бердібек Сапарбаев бес ай ішінде облыста 42 ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өткенін, онда барлығы 460 миллион теңгенің 1104 тонна ауылшаруашылық өнімі өткерілгенін, өнімдер нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен бағамен сатылғанын да айтты. Сондай-ақ өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін жамбылдықтар да айқын сезінуде екенін, әсіресе тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүруде екенін де жеткізді. Жыл басынан күні бүгінге дейін 204,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарлануда.
Биыл Мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірде 424,8 шақырым жолдар салынып, жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 90 пайыздан 93,3 пайызға, елді мекен көшелері 77,2 пайыздан 79,2 пайызға артады деп күтілуде. Жыл соңына дейін 44 мың тұрғын тұратын 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға жетпек. Сол секілді 20 елді мекенге газ тартылып, газдандыру үлесі 83,8 пайызды құрайтын болады. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыста 23 білім беру ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 1 апатты, 3 үш ауысымды және 2 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешімін табатын болады. Сондай-ақ бүгінгі таңда 150 мың жамбылдық коронавирусқа қарсы вакцина қабылдаған. Өңірде С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылып, Primary Health Care Ұлттық қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында 4 озық тәжірибе орталығы құрылған. Оның екеуі Тараз қаласында болса, қалған екеуі Жамбыл және Меркі аудандарында орналасқан. Сол сияқты, әкім мейірбике ісіндегі медициналық көмектің сапасын арттыру үшін инновациялық медициналық-әлеуметтік технологиялар енгізілгенін, облыс аудандары жылжымалы медициналық кешендерімен толық қамтамасыз етілгенін де айтып өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының бастамасымен облыста Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасында 120 төсектік «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған. Онда бүгінге дейін 620 бала ем қабылдаған. Медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге қарастырылған.
Брифингте Жамбыл облысында жүзеге асып жарқын жобалар туралы да жан-жақты айтылды. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» қанатқақты жобасы аясында 347 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілсе, 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды. Ал облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Асарлатып үй салу» жобасымен былтыр 99 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болған. Ағымдағы жылы тағы 134 үйдің құрылысы басталып, бүгінге дейін оның 14-і пайдалануға берілген. Осылайша, жалпы асарлату әдісімен 2,3 миллиард теңгенің 233 үйі салынатын болады. Сол секілді «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM лабораториясы ашылып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осындай 4 кешеннің, 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 миллиард теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарын дамыту аясында «Жомарт түлек», «Таразға тарту», «Асарлатып үй салу» жобалары бойынша бюджет қаражатынан тыс 26 миллиард теңге тартылатын болады. Ал биыл өңірде бастау алған «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында 42 нысанда абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүруде десек, олардың қатарында тұрғын үйлер мен балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары, 21 саябақ пен сквер бар. Бұл тұрғыда барлығы 42 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал жуырда бес нысандағы жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді.
Жамбыл облысы