Жетісуда жұқпалы індетпен күрес шарасы бәсеңдеген жоқ. Облыс – қазір короновирус инфекциясының таралуы бойынша «жасыл аймақ» санатында. Алайда бұл сақтық шарасын босаңсытуға болады деген сөз емес. Сол себептен де өңірде санитарлық талап әлі күшейген қалпында қалып отыр.
Ал тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өңірдегі қызмет көрсету нысандары жаппай Ashyq жобасына қосылуда. Әрине, азаматтардың денсаулығына қатысты жауапкершілігі жеке басқа қатысты болғанымен, індет таралуының алдын алуға қосымшаның да оң ықпалы тиіп отырған көрінеді. Мәселен, бірер күн ішінде Ashyq жобасы арқылы тексерудің нәтижесінде аймақтағы 103 тұрғынның «қызыл» және «сары» мәртебеге ие екені расталыпты. Соның ішінде Талдықорған қаласында 57 «сары» және 36 «қызыл» мәртебесін тасымалдаушы, Панфилов ауданында 1 «қызыл» және 3 «сары» мәртебесін тасымалдаушы, Ескелді ауданында 1 «қызыл» және 2 «сары», Қарасай ауданында 1 «қызыл», 1 «сары» және Еңбекшіқазақ ауданында 1 «сары» түсті мәртебе көрсеткен адам анықталған екен. Демек індеттің таралуына жол бермеу үшін Ashyq жобасының тиімділігі бар деген сөз.
– Бүгінге дейін облыстағы демалыс бассейндері, лотерея клубтары және туризм нысандары Ashyq жобасына толық қосылды. Яғни барлығы 740 нысан қосымшаны өз қызметіне енгізген. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары, Талдықорған қаласының әкімдігі мен әуежай да қосымша арқылы жұмыс істей бастады. Цифрлы платформаға туризм, мәдениет, спорт және санаторий-курорттық мақсаттағы нысандар, демалыс үйлері белсенді түрде қосылуда. Қазір келушілер мен мекеме қызметкерлеріне ыңғайлы болу үшін Ashyq қосымшасын ғана емес, сонымен қатар Аitu қосымшасын, Kaspi.kz және Halyk Homebank банк қосымшаларын да қолдануға болады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов.
Айтпақшы, аймақтағы эпидемиялық ахуал қалыпты деңгейде болғанымен, індет белгісі анықталып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген тұрғындар саны тәулік сайын өсіп отыр. Мысалы, өткен аптаның соңында вирус жұқтырғандардың саны 37 адамға жеткен. Яғни бір тәулік ішінде Талдықорған қаласында 11 науқас, Талғар ауданында 7 науқас, Қарасай ауданында 5 науқас, Іле ауданында 4 науқас, Жамбыл ауданында 3 науқас көмекке жүгінсе, Қаратал және Көксу аудандарында індет жұқтырудың 2 жағдайы Еңбекшіқазақ, Кербұлақ және Ұйғыр аудандарында бір-бір адамнан коронавирус анықталыпты. Сондай-ақ өткен аптада 55 адам індеттен жазылып шыққан. Ал қазір облыс ауруханаларында 652 адам ем қабылдап жатса, оның ішінде 28 науқастың жағдайы ауыр екен. Жалпы, аймақтағы жұқпалы аурулар стационарларындағы орындар санының қатылуы 32,1 пайыз шамасында болып отыр.
Мұнан бөлек өңірде коронавирусқа қарсы вакцина алу ісі де қарқынды жүруде. Бүгінде екпенің бірінші компонентін алғандар саны 283 006 адамға жеткен. Ал толық егілгендердің тізімінде 176 566 адам тұр. Дерек бойынша, облыс аумағында күн сайын 3 364 шамасындағы тұрғын індетке қарсы вакцина салдыруға өтініш береді екен.
Алматы облысы