• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Маусым, 2021

Қазақтанда тарих пәні жаңа мазмұнда оқытылады

540 рет
көрсетілді

ҚР Білім және ғылым министрінің тарих пәнін мектептерде оқыту тәртібін белгілейтін бұйрығы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Құжаттың толық атауы - «Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Білім және ғылым министрі бұйрығының жобасы.

Бұйрық жобасында ондаған өзгерту мен түзету бар. Соның ең алғашқысы 5-сыныптарға тарих пәнін оқыту мазмұнына қатысты. Бұл тармақтың өзінде 8 тармақшаның 7-еуі айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Жобаны әзірлеушілер 5-сыныпта тарих пәнімен оқушылар алғаш бетпе-бет келетіндіктен, ілімге кіріспеге ерекше көңіл бөлген.

«5-сыныпқа арналған базалық мазмұн білім алушыларды тарихты түсінуге дайындау мақсатында кіріспемен толықтырылды. Пәннің алғаш оқытылып жатқандығын ескере отырып, оларды тарихи кезеңдеудің негіздерімен, Қазақстанның тарихи картасымен таныстыру маңызды.

Сонымен қатар этникалық тарих бойынша тақырыптар мен түсініктер енгізілді. Білім алушыларда Қазақстан тарихын оқытылу басталғаннан бастап қазақтар осы аумақтың автохтонды халқы болып табылатындығы туралы нақты түсінік қалыптасуы үшін осы тақырыптарға назар аудару қажет», деп жазылған түсіндірмеде.

18-тармақтағы 6-сыныпқа арнаған оқу пәнінің мазмұны да «Түркі империясының әлем тарихындағы рөлі», «Қазақ халқының қалыптасуындағы қыпшақтардың рөлі», «Қолөнер мен металлургия», «Сәулет және қала құрылысын дамыту», «Шыңғыс қаған империясының бөлінуі», «Жошы ұлысының құрылуы және кеңеюі», «Жошы ұлысының әлемдік тарихтағы орны», «XІІI – XV ғғ. мәдениет», «Қобыланды. Алпамыс. Едіге, Орақ-Мамай. Кетбұға. Асан қайғы. Сыпыра жырау. Өтеміс қажы» деген сияқты жаңа ұғымдармен байытылған.

19-тармақтағы түзетулердің ішінде «Кенесары – ұлы даланың соңғы ханы» деген тақырып менмұндалайды.

8-сыныпқа арналған тарих пәнінде ашаршылық тақырыбы қолданыстағы оқу бағдарламасында «1921 жылғы жұт және аштық», «Ауыл шаруашылығындағы күштеп ұжымдастыру саясаты», «Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру саясатының экономикалық салдары», «1931-1933 жылдардағы аштық - ХХ ғасырдағы қазақстандық қасірет» деген тақырыптармен қамтылған.

Ал жаңа редакцияда «Қырревком қызметі», «1921-1922 жж. аштық», «Қазақстандағы социалистік индустрияландыру (мәні мен ерекшеліктері)», «Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы пікір-талас - С. Сәдуақасов», «Кіші Қазан» (мазмұны және жүзеге асырылуы)». «1928 ж. 27 тамыздағы «Байлар шаруашылықтарын тәркілеу туралы» Республика Аткомы мен Халық Комиссарлар Кеңесінің Декреті», «Бай шаруашылықтарының тәркілеу» туралы», «Ауыл шаруашылығындағы жаппай күштеп ұжымдастыру саясаты», «Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру саясатының қасіретті салдары», «1929-1932 жылдардағы шаруалар көтерілістері және наразылықтар», «1931-1933 жылдардағы ашаршылық», «Қазақстандағы ұжымдастырудың демографиялық салдарлары», «Ұжымдастыруды жүзеге асырудың әдістеріне қатысты ұлттық зиялылардың («Бесеудің хаты») қоғамдық-саяси көзқарасы мен қатынасы» деген тақарыптарға өзгертілген.

Ал отызыншы жылдардағы репрессиялар кезеңін оқыту мазмұнына «1936-1938 жж «үлкен террор» және оның Қазақстандағы салдары» деген тақырып назарға ілігеді.

Одан кейінгі кезеңдерде Е.Бекмаханов, Ж.Тәшенов, Д.Қонаев сияқты тұлғалардың еңбегіне жеке тақырыптар арналған.

Тәуелсіздік жылдарындағы тарих қолданыстағы бағдарламада да, жаңа редакцияда да негізінен мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар мен стратегияларды дәріптеуге арналған тақырыптар топтасқан. Тек жаңа редакцияда елдегі билік транзитінің басталуы тың тақырып ретінде қосылған.