Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жаңа радиология және радиохирургия бөлімі ашылды, онда шведтің Elekta компаниясы шығарған Leksell Gamma Knife® заманауи кешені жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов келді. Қазақстан осындай жоғары технологиялық жабдықтарға ие ТМД-дағы үшінші және Орталық Азиядағы бірінші мемлекет екенін айта кеткен жөн.
«Гамма-пышақ» – мидың әртүрлі патологиялық түзілімдерін жоғары дәлдікпен бір мезгілде сәулелендіру арқылы жоюға арналған қондырғы. «Гамма пышағы» арқылы стереотаксикалық радиохирургия әдісінің мәні зақымданған аймақтың бір рет және дәл сәулеленуінде. Тиімділігі бойынша мұндай емді хирургиялық операциямен салыстыруға болады, бірақ сонымен бірге ол анестезиясыз жүргізіледі, скальпельмен жұмыс істеуді және кейіннен реанимацияны қажет етпейді, науқастардың жасына ешқандай шектеулер қоймайды.
– Бұл біз үшін, жалпы қазақстандық нейрохирургияның дамуы үшін үлкен оқиға. Қазақстанның барлық аймақтарында диагностикалық жабдықтардың саны жеткілікті, соның арқасында аурудың алғашқы кезеңдерін анықтай бастадық. «Гамма-пышақпен» осындай науқастарды операциясыз, асқынусыз, амбулаториялық жағдайларда емдеуге болады. Біз мамандарды алдын ала дайындадық, «Гамма-пышақпен» бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан түрлі орталықтарда оқыттық – бұл Прагадағы, Миландағы, Мәскеудегі медициналық орталықтар, біздің стратегиялық серіктесіміз ресейлік академик Н.Н.Бурденко атындағы Ұлттық медициналық нейрохирургия орталығы болып табылады. Мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға үлкен көңіл бөледі және осындай қымбат құрал-жабдықтар сатып алу соның дәлелі, – деп белгілеп айтты «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Серік Ақшолақов.
Чехиядан келген мамандар тобы Нур-Сұлтанда даналанған режимде шығарылған жабдықты орнату және іске қосу үшін жұмыс істеді, ал бірінші операцияны өткізу үшін Бурденко атындағы ресейдің нейрохирургия орталығының радиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, РҒА корреспондент-мүшесі, профессор, медициналық ғылымдар докторы Андрей Голанов келді. Оның қатысуымен радиология және радиохирургия бөлімінің жергілікті мамандарына тағылымдама өтті. Оқу бағдарламалары аясында пациенттерді таңдау, емдеу және бақылаудың клиникалық аспектілері, «Гамма-пышақ» қондырғысында практикалық жұмыс қамтылды.
– Elekta үшін Нұр-Сұлтандағы Ұлттық нейрохирургия орталығының ұзақ мерзімді серіктесі болу – мақтаныш және абырой. Біз Қазақстанда Гамма-пышағын пайдалану бойынша қызметтерді ұсына алатынымызға да өте қуаныштымыз. Сіздердің кәсіби қолдарыңыздағы Гамма-пышағы Қазақстандағы, сондай-ақ көрші елдердегі мыңдаған пациенттерге оң нәтиже беретініне сенімдіміз.Біз Elekta компаниясында жарты ғасырдан астам уақыт бойы көптеген елдерде жасап келе жатқандай, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына көмектесуді жалғастырғымыз келеді. Қазақстанда нейрохирургия саласын керемет және жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін, - деді Лоран Лекселл, Elekta компаниясының негізін салушы және Директорлар кеңесінің төрағасы.
«Гамма-пышақ» кешені мемлекеттік қаражат есебінен сатып алынды, қазақстандықтар үшін емді тегін квоталар бойынша алуға мүмкіндіктері бар. Бұған дейін науқастарды шетелге қымбат ем алуға жіберуге тура келген. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы жалғыз радиология және радиохирургия бөлімі көрші елдерден келген науқастарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге дайын, бұл Қазақстанда медициналық туризмнің дамуына серпін береді.
«Гамма-пышақ» кешенді жабдығын іске қосу бойынша үлкен жұмысты шведтік Elekta-ның қазақстандық серіктесі - «Диагностика Орталық Азия» компаниясы өткізді. Пандемияның қиын кезеңінде жабдықты жеткізуге, оны орнатуға, кадрларды даярлауға және өндірушінің мамандары мен Нейрохирургия орталығының өзара әрекеттестігін ұйымдастыруға байланысты барлық мәселелер жедел әрі тиімді шешілді.
Арман Октябрь,
«Егемен Қазақстан»