• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Маусым, 2021

Отандық аккумуляторлар Францияға экспортталады

288 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 300-ге тарта кәсіпорын өздерінің өнімдерін алыс елдерге сата бастады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«2019 жылдан бері өндіруші зауыттан импорттаушыға дейін тауарды жеткізу бойынша өңделген өнім экспорттаушыларының шығындарын өтеу тетігі енгізілді. Қолдаудың арқасында 300-ге тарта кәсіпорын өздерінің өнімін алыс елдерге жеткізе бастады», деді Б. Сұлтанов онлайн режимде халық алдында есеп беруі кезінде.

Ол сөзіне нақты мысалдар келтірді.

«Шығынды өтеу зығыр мен рапсты Бельгияға жеткізуге, ал металлургия өнімін Жапонияға жеткізуге көмектесті. Біздің аккумуляторлар енді Италияда сатыла бастады, сондай-ақ биылдан бастап Франция нарығына өткіземіз», деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бақыт Сұлтанов экспортқа қатысты жағдайды айтты.

«Карантин шектеулері мен өнім жеткізудегі кемшіліктер азық-түлік емес тауарларға сұраныстың 20 пайызға жуық төмендеуіне алып келді. Сонымен қатар локдаундар ауыл шаруашылығы тауарларының саудасына айтарлықтай әсер етпеді», деді министр.