ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматыда өткізген көшпелі кеңесте заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша жүргізген мониторинг нәтижесін ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
2020 жылы ғарыштық мониторингпен қамтылған 23 қалада (https://waste.garysh.kz) 8 884 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталып, оның 80% жойылды. Бүгінгі таңда ғарыштық мониторингпен ауданы 250 025 шаршы км астам 35 ірі елді мекен қамтылып отыр.
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі елді мекендер төңірегінде заңсыз қоқыс үйінділерін жою және оларға жол бермеу бойынша ведомствоаралық жүйелі іс-шаралар қабылдаудың жоспарын іске асыруға кірісті.
Ведомство қосымша «жедел» желіні іске қосты (+7775 952 49 00). Бүгінгі күні желіге 1 300 өтініш түскен. 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 787 қоқыс орны жойылды. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен заңсыз қоқыс үйінділерін жоюға шамамен 100 млн теңге бөлінеді.
Қоқыстың заңсыз төгілу проблемасын шешу жаңа экологиялық кодексте де күшейтіліп отыр. Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша елімізде шығатын қалдықтар көлемі күн сайын өсіп келеді.
– Оны шешудің бірден бір жолы – қалдықтарды энергияға айналдыру, - дейді вице-министр.
20 мамырда экология министрлігі қалдықтарды энергияға айналдыру жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық жариялады. «Waste to Energy» кешендерін Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында іске қосу жоспарланып отыр. Зауыт құрылысы инвесторларды тарту есебінен жоспарланған. Алты кешеннің құрылысына тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 181 млрд теңге.
Заң талабы бойынша ауаға шығарындылар еуропалық стандарттарға сай болу талабы қойылған. Сондай-ақ болашақ зауыттардың осы талаптарға сәйкестігіне мемлекеттік бақылау жүргізілетін болады.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқаруға қатысты ұсынылып отырған жүйені енгізу барасында қоқыс полигондарына балама енгізу есебінен мемлекеттік бюджетті 5 жыл ішінде 5,4 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 6 070 520 тонна ҚТҚ жүйелі басқарылады.
«Waste to Energy» энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жобаны іске асыру жыл сайын түзілетін 5 млн тоннаға жуық ҚТҚ кәдеге жаратуға жол ашады. Атап айтқанда қайта өңдеу көлемін 1,65 млн тоннаға дейін ұлғаяды (750 мың тонна – сұрыптау және қайта өңдеу, 900 мың тонна-қалдықтарды энергияға айналдыру). Соның нәтижесінде 2024 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін 30%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Экология министрлігі аталған жобаға қоғам қызығушылығын ескере отырып, Қазақстанда «Waste to Energy» жобасын іске асыру мәселелері бойынша қоғамдық мониторингтік комиссия құру туралы шешім қабылдады.