Қарағандының жастары коронавирус инфекциясымен күреске өздерінің сүбелі үлесін қосуға белсеніп шықты. Жақында олар «COVID-ті тоқтат, вакцина ал!» атты челлендж ұйымдастырып, қала тұрғындарын індетке қарсы тұру ісінде белсенділік танытуға шақырды.
Сөйтіп, аталған іс-шараға қатысқан 30 қарағандылық жас видеороликтер арқылы елге екпе алудың маңызын түсіндірді, вакциналаудан өткен өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Айта кету керек, акцияға қатысушылар арасында қалалық штабтың еріктілері, жастар мәслихатының депутаттары және жас оқытушылар болды. Мысалы, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың белсенді студенті Бектас Жұман қалыпты өмірге қайта оралудың бірден-бір кепілі вакцина алу екендігін айтады. «Жаман тұмауды» алғашқылардың бірі болып жұқтырған ол екпе салу орталықтары ашылғанда, ойланбастан тізімге біріншілердің қатарында тіркеліпті.
– Менің туыстарым да індеттің жеңіл түрімен ауырып шықты. Қазір олар вакцина салдырып алған. Екпе бізді ел ішіне дендеп енген індеттен құтқарады деп ойлаймын, – дейді белсенді жас.
Ал Қарағанды техникалық университетінің магистранты және «Жас Орда» жастар қауымдастығының жетекшісі Ілияс Смаилов болса, Спутник V вакцинасының екі компонентін де алғанын, қазіргі жағдайда өзін жақсы сезінетінін айтады. Оның айтуынша, екпе алуға достарымен бірге барған екен. «Вакциналау ұжымдық иммунитетті қалыптастырады», деген магистрант та жұртты жаппай екпе алуға шақырды.
«Сары» аймаққа өткен Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдай әлі де болса жақсарып кеткен жоқ. Соңғы тәуліктегі мәліметтер осылай деуге толық негіз береді. Мәселен, апта басында өңірде «жаман тұмаумен» ауырғандар саны 150 науқасқа жетсе, жазылып шыққандарының саны бар-жоғы 50 адамды құраған екен.