Қабанбай батыр ауылының тұрғындары қуанышқа кенелді. Жергілікті атымтай жомарттардың елге деген ақ ниеттері мен пейілдері қолтықтарынан демеп, болашаққа деген сенімдерін нығайта түсті.
«Тәуелсіздікке тағзым» деп аталатын ел тәуелсіздігінің тарихы екшеліп, жарқын жылнамасы әдіптеп өрілген кездесу барысында кәсіпкерлер медицина қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларына толымды сый-сияпат жасады. Алдымен жергілікті амбулаторияға арнайы көліктің кілті табыс етілді. Ауыл үшін өте керек көлік еді. Жаман тұмау жан алқымнан алып тұрған кезде мұндай көмектің мәні өте зор. «Айыртас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бақытжан Нұрақышева көлікпен бірге ауыл мектебіне мультимедиялық және роботтехника жабдықтарын сыйға тартты. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың оқушыларының сапалы білім алуына жол ашылды.
– Жанашыр жандардың арқасында ауданда алпыстан астам елге қажетті жоба жүзеге асырылды. Жақсылық іс қашанда жан жадыратады. Іскер адамдар өздерінің ақ пейілдері арқылы жас ұрпақтың бойына жақсы қасиет сіңіріп жатыр – деді аудан әкімі Бақытбек Оспанбеков.
Биыл аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары Иван Сауэр, Марс Итпаев, Тимур Пішенов, Максим Божко, Айтқожа Байжанов, Қанат Теміров бес бірдей жедел жәрдем көлігін сатып алып берсе, осы кәсіпкерлердің арқасында учаскелік полиция инспекторлары да екі көлікке ие болды. Көп-көрім көмек емес пе?! Кездесу соңында ел десе ет жүрегі елжіреп тұратын меценаттарға Алғыс хаттар мен «Жомарт жүрек» және «Туған жер» аталымдары бойынша сый-сияпат жасалды.