Былтыр пандемияға байланысты бизнесті салықтық қолдау шаралары қабылданғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғаспақ. Сондай-ақ салық салу саласын жетілдіруге де баса мән беріледі.
Атап айтқанда, былтыр шағын және орта бизнестің барлық субъектілері үшін салықтар және әлеуметтік төлемдерді төлеу шегерілді. Экономиканың ең әлсіз секторлары 2020 жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 2020 жылдың 1 қазанына дейін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді. Экономиканың ең көп зардап шеккен 29 секторында 2020 жылдың 1 қазанына дейін салықтар және әлеуметтік төлемдердің нөлдік мөлшерлемесі белгіленді.
Бұдан бөлек өткен жылдың мамыр айында экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданған болатын. Оның аясында тағы бірқатар салықтық жеңілдіктер көзделген. Жалпы 700 мыңға жуық салық төлеуші 1 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл салық төлеушілерге өз қызметін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
– Осы жылы пандемияның салдарын азайту және іскерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында жаңа салықтық өзгерістер қабылданды. Бірінші – арнайы мобильді қосымшаны қолданатын арнайы салық режімін енгізу. Бұл шара жеке кәсіпкерді тіркеуді және қызметін тоқтатуды, салықтық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге бағытталған. Аталған режімді тек оңайлатылған декларацияны пайдаланатын жеке кәсіпкерлер ғана қолдана алады. Яғни салықтық міндеттемелерді орындауды смартфон арқылы жүргізуге болады. Бұл өзгеріс 2022 жылдан бастап енгізіледі. Қазіргі кезде салық органдары тиісті қосымшаны әзірлеп жатыр, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Былтыр да, биыл да жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті. Салық кодексі бойынша мұндай құралдар жұмыскерлерге табыс ретінде саналады. Тиісінше, салық мәселесі туындайды. Енді қабылданған өзгерістер бойынша аталған табыстарға салық салынбайды.
– Заң жобасын әзірлеу барысында бизнес өкілдері салықтық берешектің мөлшері төмен болса да, шоттарының бұғатталатынын айтып, мәселе көтерді. Біз шекті мөлшерді белгіледік – 6 айлық есептік көрсеткіш. Егер берешек бұдан төмен болса, шот бұғатталмайды. Тағы бір жақсы норма қабылданды. Бұрын салық төлеуші берешегін төлесе, шотын үш күннен кейін, кейде бір аптадан кейін ғана пайдалана алатын. Енді салық төлеуші берешегін төлегеннен кейін шотын бірден пайдалануға рұқсат берілді, – деді А.Әмрин.
Сонымен қатар Қазақстанда тауарларды өндіруді ынталандыру мақсатында жаңа тіркелген кәсіпорындар өз өнімін сатқанда, қосылған құн салығы 70 пайызға азайтылады. Осылайша, салық есептелген соманың 30 пайызы мөлшерінде ғана төленетін болады. Мұндай жеңілдіктің мерзімі – екі жыл.
Өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеуді ынталандыру мақсатында және осы бағытқа инвестицияны көбейту үшін жаңа норма көзделген. Егер шағын бизнес субъектілері өз пайдасын жаңа негізгі қорларға салатын болса, онда бұл пайдасы корпоративтік табыс салығынан босатылады.
– Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды. Заңда қолдау шаралары көзделген. Олардың ішінде салықтық қолдау шаралары да бар. Мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мүлік салығының төмендетілген мөлшерлемесін пайдаланатын болады. Бұл бір. Екіншіден, егер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өз жұмыскерлерін оқытатын болса, корпоративтік табыс салығын есептегенде жұмсалған шығындары екі еселеніп саналады, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес үшін жалақы қорынан салық төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шара 2021 жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесіне дейін қолданылады. Сондай-ақ салық және кедендік қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары тоқтатылды. Аталған шара 13,2 млрд теңге қарызы бар 8,6 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісін қамтыған. Бұдан бөлек, ілеспе шот-фактураларды тіркеуге арналған қанатқақты жобалардың мерзімі ұзартылды. Келесі жылдың 1 қаңтарында қосылған құн салығы төлеушілердің электронды шот-фактураларын беру міндеттемесі кейінге қалдырылды. Бұрын бұл міндеттеме осы жылдың 1 сәуірінен бастап қарастырылған болатын.
– Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі ең тиімді жол – бизнес үшін салықтық міндеттемелерді орындау мен жеңілдетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелер мен цифрлы шешімдерді қолдану. Осы мақсатта жеке тұлғаларға арналған «E-Salyq-Азамат» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жеке кәсіпкерлер үшін ыңғайлы және қарапайым функциялы «E-Salyq-бизнес» дамып келеді. Бұл қосымшалар кәсіпкер мен халықтың салықтық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге арналған, – деді М.Сұлтанғазиев.
Белгілі болғандай, былтыр пандемияға байланысты фискалды бақылау шаралардың тоқтатылғанына қарамастан, 6 ай ішінде мемлекеттік кірістер органдары қосымша 710 млрд теңге салықтық түсімдерді қамтамасыз еткен.
Вице-министрдің айтуынша, кедендік инфрақұрылымды жаңарту жоспарлануда. Атап айтқанда, 10 өткізу пункті қайта жаңартылады және кедендік операцияларды автоматтандырылған бақылау үшін бас диспетчерлік кеңсе салынады.
– Мемлекеттік шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары әзірленді. Шетелдермен кедендік декларациялар бойынша ақпарат алмасу жұмысы жалғасуда. Бүгінде Қытаймен ақпарат алмасу жүріп жатыр, ал Түркиямен тиісті жұмыстар басталды. Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымымен күрес шеңберінде алкогольдік ішімдіктердің цифрлы таңбалауы бойынша қанатқақты жоба жүргізілуде, – деп нақтылады Қаржы вице-министрі.
Осы жылдың екінші жартысынан бастап елімізде ЭЫДҰ-мен 100-ден астам юрисдикциядағы Қазақстан азаматтарының есепшоттары туралы ақпарат алмасуды бастайды. Былтыр бұл жұмыс пандемияға байланысты тоқтатылды. Бүгінгі таңда одаққа мүше мемлекеттермен бірге транзиттік бақылауды навигациялық пломбаларды қолдану арқылы электронды форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл мәселеде біз қазақстандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғаймыз. Соңғы цифрлы технологияларды қолдану бүкіл одақ бойынша бірнеше күн ішінде еш кедергісіз тауар жеткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, ЕАЭО интеграциясына қатысты, соңғы жылдары одақ бөлген импорттық кедендік баж салығы есебінен Қазақстан бюджетіне кірістердің өсу динамикасы байқалғанын атап өткен жөн. 2020 жылы да бұл үрдіс жалғасын тапты. Өткен жылы 322,4 млрд теңге түсті, – деді М.Сұлтанғазиев.