Индустрияландыру нәтижесінде елімізде теміржол көлігін жасау кластері құрылғаны белгілі. Бүгінде Қазақстанда локомотивтер, электровоздар, жүк және жолаушылар вагондары, термос вагондар, тұтас таптамалы доңғалақтар, бағыттамалы бұрмалардың бандаждары өндірісі жолға қойылған.
Бұл ретте отандық теміржол тасымалдаушыларының қажеттігін өтеу үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, Локомотив құрастыру зауыты заманауи маневрлік тепловоздарды шығара бастады. Оның өнімі ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған. Жүк және жолаушы электровоздарын шығаратын Электровоз құрастыру зауыты да ішкі және сыртқы нарықтардың сұранысын өтеуде.
«ЗИКСТО» АҚ жүк вагондарын өндірумен әрі жөндеумен айналысады. Компания осы жылдың қаңтар-мамыр аралығында 298 вагон өндірді. Қазақстан вагон компаниясы да жүк вагондарын шығарады. Бұл кәсіпорын қаңтар-мамыр айларында 250 вагон өндірген. «Тұлпар» вагон құрастыру зауыты жылына жолаушыларға арналған 150 вагон шығаруға қауқарлы.
Сондай-ақ «Проммашкомплект» кәсіпорыны жылына 300 мың доңғалақ жұбынан тұратын тұтас таптамалы доңғалақтарды өндіреді. Бұдан бөлек, Сool Infinity ЖШС инновациялық изотермиялық вагондарды шығарады. Компания өнімдері негізінен экспортқа бағытталған.
Жоғарыда аталған кәсіпорындардың жоспарына сүйенсек, биылғы жыл жемісті болуға тиіс. Бұл ретте төрт зауыттың өнімі (Локомотив құрастыру зауыты, Электровоз құрастыру зауыты, «Проммашкомплект», Cool Infinity ЖШС) ТМД аумағында кеңінен танымал.