Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «Елорда – өнер өлкесі» атты театрлардың шығармашылық кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан ән-би ансамблі драматург Қанат Жүнісовтің «Жеңіс жалауы» әскери-музыкалық спектаклін сахналады.
Қойылымның премьерасына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов қатысты.
−Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы мен қала күніне орай ұйымдастырылған «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуінің екінші күнінде сіздермен бірге Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің жанынан құрылған жаңа театрдың «Жеңіс жалауы» спектаклін тамашалап отырмыз. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Отан үшін от кешкен аталарымыздың ерлігінен сыр шертетін бұл әскери-музыкалық қойылымның маңызы зор. Біз сол ұлы жеңіске жеткен бабалар рухына тағзым етеміз. Сол ерлік дәстүрін жалғап, бейбіт күннің сақшылары болған Ұлттық ұлан бүгінде күндіз-түні тыныштығымызды қорғап келеді, − деді министр.
Талантты жас режиссер Дәурен Серғазин қойған спектакльде Екінші дүниежүзілік соғыста Берлиндегі Рейхстагқа алғашқы жеңіс туын қадаған Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі баяндалды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов өз сөзінде осы қойылым арқылы жастарға Рақымжан ағамыз секілді ержүрек қазақ жауынгерлерінің Ұлы жеңісті жақындатуға қосқан үлесі мен олардың майдан даласындағы ерлігін дәріптеу екендігін жеткізді. Сонымен қатар ол ансамбль құрамындағы театр тобы Ішкі істер министрінің қолдауымен ашылғанын, оны құру барысында ресейлік әскер театрының тәжірибесі зерттелгенін айта келіп, «Әскери театрды ашудағы мақсат – погон таққан әртістердің өнерімен өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, әскери қызметті насихаттау», деді.