• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Маусым, 2021

«URKER-2021» Ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды

413 рет
көрсетілді

«Қазмедиа» орталығында баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «URKER-2021» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

2021 жылы ұйымдастырушылардың мекенжайына республикалық және өңірлік радиостанциялардан, баспа және интернет-басылымдардан 340 өтінім келіп түсті. 2017 жылдан бастап барлығы 2 833 жұмыс Сыйлыққа ұсынылды, оның 248-і шорт-параққа енді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының 67 үздік өкілі «URKER» естелік мүсіншесінің иегері атанды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева салтанатты шараның басталу рәсімінде журналистердің еңбегіне алғысын білдіріп, «Ақпарат кеңістігінің қоғам дамуындағы алатын орны да, қосатын үлесі де өте зор. Себебі Медиа тек ресми ақпарат таратудың құралы емес, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік идеологияның өзегі екенін үнемі айтып келеміз. Азаматтық қоғамның қарқынды дамуы журналистердің кәсіби және азаматтық белсендігіне тығыз байланысты», - деді.

Сонымен бірге Аида Балаева биыл «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» арнайы номинациясының қосылғанын атады. Бұл номинациясының жеңімпазы «Семей таңы» газетінің журналисті Рыиза Молдашева атанды.

Оған қоса отандық радионың 100 жылдығына орай тағайындалған арнайы жүлденің иегері «Qazaq radiosy» атанды.

Салтанатты рәсімде номинациялар бойынша журналистика саласындағы беделді Сыйлық жеңімпаздарының есімдері аталды:

Жылдың үздік фотосуреті - Мақсат Шағырбаев newsroom.kz порталы

Жылдың үздік репортажы - Ануар Абдрахманов BaigeNews.kz порталы

Жылдың үздік аналитикалық материалы - Дина Имамбаева «Ақиқат» журналы

Жылдың үздік журналистік зерттеуі - Рысбек Қыдырбек «Aiqyn» газеті

Жылдың үздік сұхбаты - Тамара Вааль Vlast.kz порталы

Жылдың үздік танымдық материалы - Өмірбек Сансызбаев Massaget.kz порталы

Радиостанциядағы үздік жоба - «Новое утро» «NS» радиосы

Жылдың үздік жаңалықтар порталы - inform.kz

Жылдың үздік газеті - «TÚRKISTAN»

Жылдың үздік журналы - «Forbes Kazakhstan»

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал - Рыиза Молдашева «Семей таңы» газеті.

Финалистерге Ұлттық бәйге жеңімпазы атағында куәлік, «URKER» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге мөлшеріндегі қаржылай сыйлық табысталды.

Көрермендер марапаттау рәсімін сыйлықтың urker-awards.kz ресми сайтында тікелей эфирде көруге мүмкіндік алды.

Айта кетейік, Қазақстандық «URKER» Ұлттық сыйлығы, баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктері үшін берілетін талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканың дамуына қосқан үлестерін тану мақсатында 2017 жылы құрылған.