• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Маусым, 2021

Соғыс тақырыбы сыйлық алды

318 рет
көрсетілді

Әлемдік аренадағы беделді әдеби сыйлықтардың бірі – Халықаралық Букер сыйлығы. Бұл марапаттың биылғы жүлдесі француз жазушысы Дэвид Диопқа бұйырды. Британдық тәуелсіз Pushkin Press баспаүйінен басылған «Жан бауырым» (Frère d’âme) романы қазылар алқасын таңғалдырған деседі. Айта кетейік, жеңімпаз есімін Ковентри соборында өткен салтанатты рәсімде қазылар алқасының төрағасы, британдық жазушы Люси Хьюз-Халлетт жария еткен еді.

Мұндай үлкен әдеби сый­лықтардың қазақ қоғамына даңқы мен дақпырты жеткені болмаса, қаламгерлеріміз қатысып, жүлделі болып жат­­қан жоқ. Дегенмен, әлем­дік кеңістіктегі атаулы сыйлықтарды қандай та­­қырыптағы шығармалар алып жатқаны қызық. Мә­селен, ақын-жазушы Анна Московакис француз тілінен ағылшыншаға аударған (күні кеше ғана Халықаралық Букер сыйлығын алған) кітапта Дэвид Диоп Бірінші дүниежүзілік соғыс және отаршылдық кезеңдері туралы баяндайды. Демек, соғыс тақырыбы әлі де жа­­зылып жатыр һәм ма­ра­патқа да лайық. Ал қазіргі қазақ әдебиетінде соғыс та­қырыбын қаузап жүрген қа­ламгерлер бар ма?.. Әл­қисса.

Кітаптың басты кейіпкері Францияның бұрынғы афри­калық колонияларынан келген көптеген иммигрант сияқты француздар қата­рында ұрыс жүргізетін се­негалдық сарбаз. Диоптың өзі де Парижде туған, бірақ балалық шағын Сенегалда өткізген соң Францияға орал­ған. «Жан бауырым» – 55 жастағы жазушының екінші кітабы. Роман 2018 жылы жарық көрген еді.

«Бұл – соғыс, махаббат пен ессіздік туралы кере­мет әсер қалдыратын күші бар шығарма. Басты кейіп­керге сиқырмен айналысты деген айып тағылып, он­дағы әңгіменің өрбуі мен оқыр­манға жеңіл баяндалуы назарымызды ерекше аударды», дейді қазылар алқасы.

Айта кетейік, 1969 жылы негізі қаланған және бұрынғы Британ Достастығы елдерінің жазушыларына жыл сайын берілетін Букер сыйлығынан айырмашылығы – ол 2004 жылы құрылып, 2016 жыл­ға дейін екі жылда бір рет тағайындалып кел­ген. Енді жыл сайын әде­биеттегі же­тістіктері үшін қалам­гер­лерге беріледі. Ағылшын ті­ліне аударылған және Ұлы­­британияда немесе Ир­лан­дияда басылған кез келген кітаптың авторы жеңімпаз бола алады. Сыйлыққа қоса 50 000 фунт стерлинг (70 800 доллар) беріледі. Оны автор мен аудармашы тең бөліп алады.