• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Маусым, 2021

«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі аяқталды

539 рет
көрсетілді

Өнер шеруінің нәтижелері мен жетістіктері ҚР Ұлттық кітапханасында өткен отырыста қорытындыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталмыш іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармалары мен аудандық мәдени ұйымдардың басшылары қатысты. Жиын барысында вице-министр Н.Дәуешов өңірлердің өзара қарым-қатынасын арттыра түсетін «Сәлем, Елорда» сынды республикалық шаралардың ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге жеткізу қажеттігін атап өтті.

«Жоба аясында өңірлерден келген мәдениет қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдады. Бұл шаралар еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған әріптестеріміз үшін мүмкіндіктер алаңына айналып, олардың рухани толысуына септігін тигізді», деді вице-министр.

Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылған «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі биыл офлайн форматта Алматы облысы мен Алматы қаласындағы өнер ұйымдарында өтті. Фестивальдің мақсаты - өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу. Сонымен қатар өнер шеруі аясында ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді  республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамтылды. Жобаны «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» үйлестіруде. Осы орайда Қазақконцерт басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы өз сөзінде осындай ірі жобаларды тек үлкен қалаларда ғана емес, сондай-ақ өңірлік мәдениет ұйымдарында да өткізу маңызды екендігін жеткізді.

«Биылғы «Сәлем, Елорда!» өнер шеруіне 20 өңірлік мәдениет ұйымы қатысты. Жоба барысында әріптестерімізге түрлі бағыттағы кәсіби мастер-класстар, танымдық мәні зор іс-шаралар мен озық үлгідегі концерттік бағдарламалар ұсынылды. Өнер шеруі аясында 22 іс-шара ұйымдастырылды, оның ішінде 9 мастер-класс, семинар-тренингтермен практикум сабақтар бар. Мастер-класстарда мәдениет саласындағы менеджмент, музыкалық театрлардағы режиссураның ерекшелігі, дыбыс және жарық операторларының қызметі, HRмәселелері сынды тақырыптар қамтылды.Өнер шеруі енді жыл соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гала-концертпен аяқталады», деп атап өтті Жеңіс Сейдуллаұлы.

Жиын барысында министрлік өкілдері пен Қазақконцерт басшылығы «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Алматы облысының және Алматы қаласының әкімдіктеріне, Алматы облысының ішкі саясат басқармасына, Жамбыл ауданы әкімдігі және мәдениет министрлігіне қарасты барлық өнер ұйымдарына өз алғыстарын білдірді.

Өнер шеруінің соңғы күнінде де концерттік ұйым қызметкерлері үшін шеберлік сағаттар өткізіліп, тәжірибе алмасу жүргізілді. Шеберлік сабағы барысында  өз саласының майталманы Қ.Қожамьяроватындағы Мемлекеттік республикалық музыкалық комедиялық ұйғыр театрының режиссері Ялкунжан Шамиев тәжірибелерімен бөлісті.

«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі эстрада жұлдыздары мен өңір өнерпаздарының қатысуымен өткен «Асқақта, армандардың Алатауы!» атты гала-концертпен аяқталды.