Шу қаласының тұрғындарынан 96 келіден астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Шу-Меркі автожолында «Ауди» маркалы көлігі тоқтатылып, ондағы 35 пен 46 жастағы азаматтарды және көлікті тексеру кезінде жүк салғыштан төрт қап табылып, оның ішінен жалпы салмағы 96 келі 900 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты анықталды», деп мәлім етті Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.
ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Ұсталғандар кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.