Герд Людвигті National Geographic журналының корифей фотожурналисі десек, қателеспейміз. Германияның Альсфельд кентінде дүниеге келген ол 1990 жылдары National Geographic-ке қызметке тұрып, қоршаған орта, әлеуметтік мәселелерді объектив нысанасына алады.
Людвиг ұзақ уақыт бойы бұрынғы Кеңес Одағы елдерінен фоторепортаждар жасап, оқырман ықыласына бөленді. Оның жинаған құнды фотодеректері 2001 жылы National Geographic журналы тарапынан кітап болып басылып шықты. Сондай-ақ Герд Чернобыль қаласынан да тұшымды репортаж жасағанын бүкіл әлем біледі. 2011 жылы Герд Людвиг елордамызға арнайы ат басын тіреп, қаладағы әсем ғимараттарды суретке түсірді. Кейінірек оның фотолары National Geographic журналы Tomorrowland, яғни «Келешектің мекені» тақырыбымен жарияланды. Он жылдан кейін Герд Людвиг Қазақстанға қайта келді дегенді естіген соң сұхбат алып қалуға тырыстық. Әр қадамын жоспарлап қоятын фотографты «қолға түсіру» қиынға соқты. Бірнеше күнге созылған талпыныстан соң жұма күні таңертең жүздесудің сәті түсті.
– Герд мырза, Қазақстанға бірнеше мәрте келген екенсіз. Осы сапарларыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Мен алғаш Қазақстанға 1991 жылы келдім. Ол кезең КСРО құрамында болған мемлекеттер кеңес жүйесінің кемшілігі мен Батыстың капиталистік ұстанымының зиянын тартып жатқан шақ еді. Бүкіл елге оңай болған жоқ.
Осы сәттен мәлімет тарату үшін National Geographic журналы A broken Empire (Құлаған империя – А.А.) деген мақала жариялады. Онда біз Ресейге, Қазақстанға, Украинаға назар аудардық. Себебі олар ең үлкен мемлекеттер ғана емес, әрқайсысы дамудың түрлі сатысында болатын. Қазақстанға келгенімде Алматыдан бастап, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Шымкент, Тараз қалаларын араладық. Тіпті алыс елді мекендерге де бардық. Бірақ ол кезде Ақмолаға соқпаған екенмін.
Кейінірек журналға Soviet pollution (Кеңестік ластану – А.А.) деп аталатын жинаққа фото түсіру үшін қайта келдім. Сөйтіп, Кеңес Одағы құрамында болған, бірақ көп зардап шеккен аймақтарды араладым. Әзербайжан секілді басқа елдерге де бардық. Қазақстанға келгенде Семейге барып, полигонды суретке түсірдім. Курчатов қаласында болдық.
Қазақстанға бұдан кейін 2011 жылы тағы оралдым. National Geographic журналына өзім ұсыныс жасап, заманауи Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы туралы фотомақала жарияладым.
– Елордамыз содан бері қаншалықты өзгерген?
– Содан бері қала көп өзгеріпті. Халық саны көбейген. Алғаш келгенде бос жатқан жерлерге салынған әдемі ғимараттарға куә болсам, бүгінде шаһардың өн бойына қан жүгірген. Көшелер самаладай жарық, саябақтарда қыдырған тұрғындар көп. Жаңа ғимараттар салынған. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Қазақ халқының болмысы ғажап. Келешекте де бұл өзгермейді деп үміттенемін.
Қазақ халқының менталитеті көңілімнен шықты. Өте толерантты, мейірімді қоғам екені айқын аңғарылады. Түртпектеу мен агрессия көргенім жоқ. Адамдардың болмысы шынымен де жұмсақ, жайбарақат және шыдамды көрінеді. Мұның ешқашан өзгермейтініне үмітім мол.
Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір ерекшелігі – қала негізгі жоспарға сай дамып келеді. Мен бұған дейін басқа да үлкен-үлкен қалаларға барғанмын. Ол жақтан мұндай ерекшелікті байқау қиын. Мысалы, Мәскеу жылдан-жылға үлкейіп келеді. Бірақ шаһар дамуының нақты жоспары байқалмайды. Ал елорда дамуы бас жоспарға сай жүргізіліп жатқаны анық байқалады. Келешекте де шаһардың көркеюі осы қалпынан таймайды деп үміттенемін.
– Жалпы, Кеңес Одағы елдеріне қызығушылығыңыз ерте басталған екен. Бұған не әсер етті?
– Мұның жеке басыма тікелей қатысы бар. Менің ата-аналарым, нақтырақ айтсақ, бабаларым саяси жағдайға байланысты шекарасы жиі өзгерген, қазіргі таңда Германияның құрамындағы аймақта өмір сүрген. Мәселен, атам өзінің шағын ауылынан ешқайда шықпай-ақ төрт мәрте азаматтығын ауыстырған.
Алғашқыда Аустрия-Венгрия империясының құрамында болса, кейіннен Германияға өткен. Содан кейін Чехословакияға тиесілі саналды. Ақыры Үшінші рейхтің меншігіне берілді.
Әкем Чехия әскері сапындағы неміс ретінде Германияға қарсы соғысты. Нацистік Германия Чехословакияны басып алған соң, жау әскерінің сапына күштеп қосылды. Сөйтіп, Кеңес Одағына шабуыл жасағандар қатарынан табылды. Ол Сталинградқа дейін барып, жараланып, аман қалыпты.
Соғыс аяқталған соң бізді Батыс Германияға қоныс аударды. Бүкіл дүние-мүлкіміз жұртта қалды. Балалық шағымда босқын ретінде өте кедей өмір сүрдік. Әкем өмір бойы бұдан кейін соғыс болмаса деп тілеп өтті. Жасөспірім шағымда ата-анамның әрекеті үшін өзімді кінәлі сезіндім. Нәтижесінде, менің бүкіл жұмысым кінәлі сезінуіме, тарихында Еуропамен соншалықты көп соғысқан елге арналды. Сондықтан бұл өңірге қызығуымның сыры менің кінәлі сезінуімде жатыр.
– Алғаш келгеннен бері Қазақстан талай өзгерісті бастан өткерді. Қазір қандай, бұрын қандай еді?
– Қазақстанға алғаш келгенімде Шымкентке барған сапарым есімде. Қаланы суретке түсіріп жүрдік. Біз жатқан қонақүйде мүлдем тамақ жоқ болды. Бір жолы мейрамханада стейкке тапсырыс бердім. Тамағым келген соң жей алғаным жоқ. Пышақпен кесілмейді, оны аяқ киімге ұлтарақ қылсам да былқ етпес еді.
Ал қазір бәрі өзгерген. Дүкендерде азық-түлік самсап тұр. Тұрғындар бақытты. Алғаш келгенде көрген тозығы жеткен өндірістердің бәрі жаңарған. Меніңше, өзгеріс өте үлкен. Тіпті кей жағдайда, мысалы, технология саласында Қазақстан Батыстың кей елдеріне қарағанда әлдеқайда дамып кеткен деп айта аламын.
Кеңес Одағы құрамында болған елдерде алғашқыда қарапайым телефон желісі жүйесі өте нашар еді. Телефон қызметі жұмыс істеген жоқ. Бірақ Қазақстан басқалардан бұрын ұялы байланыс қызметіне көшті. Қазір тұрғындардың бәрі қолданады. Батыстың кей елдеріне қарағанда озық әрі білімді деп айта аламын.
– Мәселен?
– Мысалы, халықтың көбі Kaspi бағдарламасын қолданып, сол арқылы төлем жасайды. Бұл таңғаларлық жетістік. Инстаграм секілді әлеуметтік желіні көп қолданады. Бұл да айтарлықтай табыс.
Оған қоса, ел билігінің экологияға көңіл бөлгеніне, қоршаған ортаны жақсартуға назар аударғанына ризамын. Мәселен, астананың айналасындағы жасыл белдеуді алып қарайық. Әрине, оны түсіру маған қиынға соқты. Бірақ жасыл белдеудің қаншалықты үлкен екенін көрудің өзі өте қызық. Айта кетерлігі, маған ілесіп жүрген гидтердің кейбірі ол туралы білмейтініне таңғалдым.
– Сөзіңіз аузыңызда. Экология туралы айтып қалдыңыз. Арал теңізіне бардыңыз ба?
– Иә, Арал теңізін көзіммен көрдім. Бұл – өте үлкен апат. Оның қоршаған ортаға тигізетін зиянын, келешекте әкелетін зардабын әлі түсініп үлгермедік деп ойлаймын. 1990 жылдардың басында Арал қаласына бардық. Қалаға Чернобыльден кейін ат басын тіреген едік. Өзімізбен Гейзер-Мюллер есептегіш ала жүрген едік. Мен оны өшіруді ұмытып кетіппін.
Арал қаласында қонақүйде жатқанда есептегіш радиацияның бар екенін білдіріп, белгі берді. Қонақүйде бізбен бірге ғалым қонған екен. Одан есептегіштің шиқылдауының мәнін сұрадық. Ол біздің мұны аңғарған алғашқы адам екенімізді айтты. Сондай-ақ мұның бірнеше себебі болуы мүмкін екенін де жеткізді. Радиация уран өңдеу орындарынан аққан судың Арал теңізіне құйылып жатқан өзенге қосылуынан болуы ықтимал. Бәлкім, радиация Байқоңыр ғарыш айлағынан тарауы да мүмкін. Келешекте Арал теңізіне барып, қазіргі жағдайын көзіммен көргім келеді.
– Жоспарыңызда бар ма?
– Бәлкім, алдағы бірнеше жылда барып қалармын...
– Инстаграм аккаунтыңызда елордамыз туралы пост салып, қалаға қатысты жоспарыңыздың шетін шығарыпсыз. Толығырақ айтып берсеңіз?
– Негізі инстаграмдағы аккаунтыма түсірген суреттерімді салып отырамын. Менде шамамен 375 мыңдай фоллоуер бар шығар. Сондай-ақ фотоларымды National Geographic журналының аккаунтына да жариялаймын. Онда шамамен 160-170 миллионға жуық фоллоуер бар. Бұл – әлемдегі шоубизнеске қатысы жоқ ең көп оқырманы бар аккаунт. Оның үстіне, басқа компаниялардан да оқ бойы озық. Бұдан бөлек, National Geographic журналының фотографтары негізін қалаған ұйымымыз бар. Онда да өзіміз түсірген суреттерді жариялап отырамыз.
Алғаш 2011 жылы келгенде Астанаға ғашық болдым. Сол кезде көргендерімді қайта түсіргім келді. Алғашқы сапарымда негізінен шаһардың архитектурасына ғана көңіл бөлдім. Арасында үйлену тойларын, пикникке шыққан адамдарды, өзеннің жағалауын да суретке түсірдім. Енді қыста келсем бе деп жоспарлап отырмын. Қыс мезгілінде мүлдем келмеген екенмін.
– Қыста келуге кеңес бермес едім.
– Ресейдің Якутск аймағында жүргенде суық ауа райында жұмыс істегенмін. Сондықтан аяздан қорқа қоймаймын. Оның үстіне, қыста неше алуан қызық кадрлар түсіруге болады.
– Ұлттық тағамдарымыздан ауыз тидіңіз бе?
– Әлбетте. Маған қатты ұнады. Негізі, жылқы еті мен үшін таңсық емес. Бала кезімде ауылымда жылқы етін сойып сататын, сондықтан оны жиі жейтінбіз. Студент кезімде француз қызбен араластым. Өзіңізге мәлім, француздар үшін жылқы еті –жеңсік ас.
Айтпақшы, 1990 жылдары келгенде өмірімде жемеген дәмнен ауыз тидім. Маған қойдың көзін шанышқыға шаншып ұсынды. Бізді қонақ еткен үй бізге арнап қой сойған екен. Үлкен тамақ келгенде бүкіл әлемді суретке түсіріп жүрсің деп, қойдың көзін ұсынды.
– Қазақ халқының дәстүрлі мерекелерін, ұлттық спорттарын суретке түсіре алдыңыз ба?
– Жоқ, спорт фотографиясы ерекше дайындықты қажет етеді. Мен спорт фотографы емеспін. Оның үстіне, қазір көкпар болып жатқан жоқ. Бірақ келесі келгенде жоспарыма қосып қоямын. Өйткені көкпар – өте қызық спорт.
– Ендігі жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Алдағы уақытта үлкен саяхатқа шығып, Қазақстанды, Украинаны және Ресейді қайта айналып шыққым келеді. Бірақ ол үшін миллиондаған доллар қаражат керек. Оны краудфандинг арқылы жинайтын шығармын. Бұдан бөлек, сапар кезінде «виртуалды шындық» технологиясын пайдаланып, бейнежазба қосуды жоспарлап отырмын. Бұл сапарға дайындық бірнеше жылды қажет етеді. Бірақ Қазақстанға қайта келетінім анық.
– Фотожурналистиканың келешегі қандай? Жас фотожурналистерге қандай кеңес бересіз?
– Фотожурналистика бүкіл өмірімде талай мәрте өзгерді. Фотожурналистика ғана емес, фотография да өзгерді. Мен бастағанда фотография, негізінен, техникалық қабілетке байланысты еді. Мәселен, суретке түсіргенде оның әдіс-тәсілін жетік білу қажет болатын. Қазір фотоаппараттар мұның бәрін орындайды. Сондықтан оған назар аудару қажет емес. Бірақ оқиғаны баяндауға көңіл бөлген жөн. Яғни репортаждың негізгі ойы маңызды бола түсті.
20-30 жыл бұрынғыға қарағанда фотограф жазу қабілетіне де ие болуы тиіс. Фотомен ғана шектеліп қалмай, оқиғаны баяндау тәсілін жетілдіріп, «виртуалды шындық» секілді әдістерді қолдануға кеңес береміз. Бастысы – композиция. Техникалық тәсілдің бәрін фотоаппарат жасайды. Тіпті iPhone-ның өзімен ғажайып сурет түсіруге болады.
Оны қалай құрастыруды, қалай дұрыс жасау керектігін білу қажет. Сондай-ақ не айтатыныңызды білу үшін көп іздену керек. Нені суретке түсіріп, не жеткізесіз, сол маңызды.
– Уақытыңызды бөліп, «Еgemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз. Әңгімеңізге рахмет!
©️Axel Pries