• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Маусым, 2021

«Қазақтың болмысына сіңісіп кеттім»

1544 рет
көрсетілді

«Астана Опера» театрының талантты әртісі, Марико Китамура балерина мансабын аяқтап, туған жері – Жапонияға оралмақ. Осыған орай биші біздің елімізден алған әсерімен бөлісіп, ұлттық балет өнерінің ерекшеліктері туралы қысқаша айтып берді.

– Мен бес жылға жуық Мәскеуде жұмыс істеп, 2013 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі театрлардың бірі ашылады дегенді естіп, бағымды сынауға осында келдім. Түрлі елдің әртістері қатысқан қатаң конкурс­тан өтіп, «Астана Опера» труппасына қабыл­дандым» дей келіп, Жапонияға оралу туралы ойын да айтып өтті.

− Балет әртісінің сахнадағы ғұмыры қысқа, менің жасым қазір 36-да, кәсі­би мансабымды аяқтау сәті келді. Сон­дықтан Токиоға, сағындырған отбасыма ораламын деп шештім. Енді қыз­меттік саламды ауыстыруды жос­парлап отырмын, алайда балет өнері мәңгі ме­німен бірге қалады, онымен өзім үшін ғана айналысамын. «Астана Операда» жүр­генде сахнада жеке партияларды, «төрттіктерді», «екіліктерді» жасадым, театр­дың репертуарындағы түгел дерлік қойылымдарда биледім. «Шопениана» романтикалық бале­тін­дегі Прелюд ай­рықша есімде қал­ды, ол − өте күрделі нөмір. Сон­дай-ақ «Жизель», «Дон Ки­хот» балет­те­рінде ойнадым. Осындай мүм­кіндік сый­лаған балет труппасының көр­кемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Ал­тынай Асылмұратоваға алғы­сым шек­сіз. Ол кісінің қолдауын үнемі сезіндім, − дейді ол.

Сонымен қатар Марико Китамура Қа­зақстанда болған жылдары, ұлт­тық дәстүрлі тағамдарды ұнатып қалған­дығын соның ішінде өте дәмді піскен ет пен қазыны жақсы көретіндігін айтады.

«Нұр-Сұлтан қаласында біраз уақыт тұрғандықтан ба, елорданың ешкімге ұқсамайтын әсем келбеті мені үнемі сүйсіндірді. Демалыс күн­дері достарымызбен саябақтарда жиі қыдырдық, мұнда бәрі де жанға жайлы, жақсы ой­ластырылған. Бір жағынан, қазақтың бол­мысына сіңісіп кеткендіктен бе, осындай мейірімді елмен қоштасу көңілімді мұңайтады.

Театр ашылған күннен бастап, ауқым­ды іс тындырды. Осында есім­дері әлемге танымал қоюшы хореографтармен жұмыс істедім.

Басқа труппаларда мен дайын репертуарды билесем, ал мұнда балет өнерінің қыр-сырына терең бойлауға мүмкіндік болды. Шын мәнінде, «Ас­тана Опера» театры − қазақ мәде­ниетінің бетке ұстарына айналды, соған үлесімді қосқаныма өзімді ба­қытты сезінемін. Алдағы таңда театрға көрермен ретінде оралу жоспарымда бар, ал егер труппа гастрольдік сапармен Жапонияға келсе міндетті түрде сыйлықтарыммен барамын» дейді балерина.

Сондай-ақ «Астана Опера» театры­­­ның басшылығы мен балет труп­пасының көркемдік жетекшісі Алты­най Асыл­мұратова балет әртісі Марико Китаму­раға сахнада сомдаған тамаша бейнелері үшін шығармашылық табыс тілеп, алғысын білдірді.