• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Маусым, 2021

Ақмешіт үңгірі – табиғат сыйы

1717 рет
көрсетілді

Созылып кербез жатқан қазақтың Ұлы даласының табиғаты қандай бай болса, ол небір аңыз бен шежіреге, адам таңғаларлық таңғажайып кереметтерге де толы. Сондай бір кереметі мол өңірдің бірі – қазыналы Қаратау аймағы. Бұл аймақты көпшілік «киелі мекен» деп орынды атайды. Өйткені бұл өңір тұнып тұрған тарих. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданының аумағында Бәйдібек баба, Сары бәйбіше, ел аналары Домалақ пен Зеріп ана және олардың бірнеше ұрпағы мәңгілік тыныштық құшағында жатқанын, олардың бастарына әсем кесенелер тұрғызылғанын құлағы түрік көпшілік жақсы біледі. Оларға баратын даңғыл жол жылдың төрт мезгілінде де суыған емес: қысы-жазы ағылып келіп, баба мен аналардың рухтарына құран бағыштап, зиярат етіп жүрген көпшілікті көруге болады.

Сол аймақта Қазақстандағы ең көлемді, көрікті үңгір бар деген сөзді әр кез естіп жүрміз. Жаз шыға табиғаттың сол сыйын өз көзімізбен көрсек деген ой көптен көңілде жүрген болатын. Соның реті келіп, табиғаттың таңғажайып тылсым дүниесін көрсек деген ниетпен біз жолға шықтық.

Шаянға баратын тас жол бойын­дағы бірнеше белден асып, Кеңестө­бе ауылына жетпей, жол жиегінде «Ақ­мешіт» деген көр­сет­кішті көзіміз шалды. Даланың ирелең жолына түсіп 5-6 шақырымдай жер жүр­дік. Алдымызда көзге еленіп, көріне бер­­­мейтін шағын тау сілемі – күнге күй­ген тасты дөңдер кездесті.

– Анау қырда көрінген – шырақ­шының үйі. Одан бері – сайда, біз іздеп келе жатқан Ақмешіт үңгірі, – деді көлік жүргізуші алдымызда мұнарлап көрінген үйді көрсетіп. – Маңғыстаудағы әйгілі Бекет ата мешіті кершік ақ тас арасынан қол­дан қазылған десек, бұл мешіт таби­ғаттың адамдарға берген керемет таң­ғажайып сыйы, оны табиғаттың қолымен жасалынған дап-дайын тұрған зәулім мешіт десең де болады. Қазір оған көздеріңіз жетеді, – деп ол бізді тіпті ынтықтыра түсті.

Тау беткейіндегі үңгір алдын­дағы шамалы жер тегістеліп асфальт­тал­ған. Одан әрі бетондалған аяқ жол тау беткейіндегі үңгірге алып барады ­екен. Келіп-кетіп жат­қан­дар саны аз емес. Үңгірдің «ауы­зы» 30х25 метр­дей, сырттан қара­ған адамның терең­ді­гі­не көзі жет­пейді. «Биссимиллә» деп ­арнайы жасал­­ған үш бұрылым­ды те­мір бас­палдақтармен тау жыны­сы­ның тереңіне сүңгіп кеттік.

Табиғи үңгірге түсіп бара жатып, оның ішінде жап-жасыл жапырақты, биік өскен ондаған тұт ағашын кө­ріп таңғалмау мүмкін емес, нағыз ғажапқа тап болдық. «Япырау, төңі­регінде бір тал өспеген тау бетке­йін­дегі үңгірде қалайша, қайдан жасыл ағаштар көктеп тұр» деген ой келеді еріксіз.

Үңгір ішіне күн сәулесі мол тү­сіп, қабырғалардағы ақ тастарға ша­ғы­лысып жап-жарық болып тұр. Ауасы жанға жайлы, қоңыр салқын. Сырттағы ауа ыстықтығы 35-40 градус болса, мұнда бар болғаны 17-20 ғана, қоңыр салқын ауа жаныңды жадырата түседі. Әр жерден қарлы­ғаштар мен басқа да құстардың шы­қылықтағаны, ұяларынан көлбей ұшып, сыртқа еркін кіріп-шығып жүргенін байқадық. Үңгірдің ішінен жоғары қарағанда аспан кеңістігі бойтұмар пішіндес, киіз үй шаңырағы сияқты болып көрінеді екен. Үңгірдің ұзындығы 250-260 метрге жуық, ені 65-70 метр, биіктігі 35-40 метрдей болады-ау, сірә. Әр жерден әртүрлі көлемді тастар үйіндісі көзге шалынады. Бірнеше жерге орындықтар орнатылып, келушілердің үңгірді тамашалап, тыныстап, бір мезгіл тізе бүгуіне жағдай жасалыныпты.

Жергілікті халық бұл үңгірді «Әулие Ақмешіт үңгірі» дейді екен. Оның шырақшысы Асқар Рүстем­бекұлының мәліметі бойынша, бұдан жиырма шақты жыл бұрын үңгір ішіндегі ағаштар базбір себептермен (осы төңіректегі ауылдардың балалары мұнда анда-санда соғып, жеміс-жидек теретіні бар екен) өртеніп кеткен. Қазіргі көктеп, көздің жауын алып тұрған талдар – тұт ағаштары сол ағаштардың тамырынан өсіп-өніпті.

Үңгірдегі қураған талдарды сырт­қа шығарып, тазалау жұмыстарын шырақшы өзінің балалары және не­мерелерімен бірге атқарады. Ал тастардың арасынан су тамшылап, ұя салған құстардың мекенін өз кө­зімен көрген әрбір жан жәннаттың бағы осы екен деп ойлары күмәнсіз. Мұндағы құс саңғырығының қоры құстардың ғасырлар бойы мекендеп келе жатқанын байқатады. Ия, Жаратушы мен табиғаттың шебер­лігінде шек бар ма, сірә?!

Үңгір шырақшысы А.Рүстем­бекұлының бұл жерге құмарлығы бала кезден, яғни өткен ғасырдың 40-шы жылдары басталыпты. Әкесі есекке мінгестіріп, осында әкелетіні, отырып ұзақ құран оқитыны есінде. Үңгір ішіндегі бүлдіргендерді жеп өскен ауыл-аймақтағы балалар киелі мекеннің тылсым сырына терең үңіле бермейтін. Айтушыларға сенсек, ол кезде үңгір іші бұдан да кең болыпты, ал жылдар өте келе таулар да шөгіп бара жатқанға ұқсайды.

– Бұл жерді ауыл қариялары ер­теден-ақ жерасты мешіті деп айтатын. Оның қашан, қалай пайда болғаны жөнінде мәлімет жоқ. Аңыз бойынша, ертеде Ақмолда деген әулие кісі қақпа тастың арасынан кіріп-шығып жүрген. Жанында айдаһар мен диюы болған деседі. Жыртқыштар ешкімге тиіспесе де, олардың атының өзінен қорыққан халық жиылып келіп, әулиеге: «Егер айдаһар мен диюды байламасаң, сен өмірден өткен соң ешкімге бой бермейді», дейді. Сонда Ақмолда оларға жыртқыштарды байлайтынын, бірақ бұл оның өмірін қысқартатынын айтыпты. Сөйтіп, әулие ата көптің тілегімен айдаһар мен диюды бұл өңірден аластапты, – деп сөзін жалғастырды Асқар қария. – Ақмолда ата дүниеден озар алдында өзінің сүйегін осы Ақмешіт үңгіріне жерлеуді аманат етіпті. Әулиенің бейіті осы үңгірде. Қазіргі кезде бұл жер бір перзентке зар болып жүргендерге Жаратушының қолдауымен қуаныш сыйлайды. Ауылда Әжіпбай деген кісінің алпыс жасқа келгенше перзенті болмады. Осында ата-бабалар рухына құран бағыштап, Тәңір тілеуін бергеннен кейін бір қыз сүйіп, тоқсан бір жасында дүниеден озды, – дейді шырақшы.

 Халық аузындағы аңызға сенсек, мұнда бұрынырақта Арыстанбаб, Сайрам ата кесенелеріне дейін апаратын жерасты жолы болған көрінеді. Көпшілік арасында әулиелі мекен туралы «шаршағанға дем беретін, ұл сұрағанға ұл, қыз сұрағанға қыз беретін қасиетті жер» деген сөз бар. Киелі мекенге перзент көрмеген ерлі-зайыптылар, дертке душар болғандар түнеп, мінәжат етеді. Зиярат етіп келушілер арнайы да­йын­далған орында ата-бабалар рухына арнап құран бағыштайды. Ал үңгір тастары арасындағы орын­­таққа шыққан адамдардың қыз­меті жоғарылайды деген сенім де жоқ емес. Бұрын келушілер төмен қарай арқанмен жасалған сатыдан түсетін болған, сөйтіп, ауыл аза­ма­ттарының ұйымдастыруымен Ақме­шіттегі Ақмолда әулиенің ба­сына ескерткіш белгі қойылып, 25-30 адамдық үй-жай салынған. Ал былтыр кәсіпкер азамат Эдик Болатбековтің демеушілігімен түсіп-шығуға қолайлы темір баспалдақ орнатылыпты. Соңғы жылдары елі­міздің түкпір-түкпірінен, әсіресе, көктем, жаз, күз мезгілдерінде адамдар мұнда көп келеді. 2005 жылы шыққан Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясына деректер енген Ақмешіт үңгірінің туристік маңызы бар екені даусыз...

 Ақмолда ата Қаратау өңірінде емшілігімен елге танымал болған аруақты кісі болғаны тарихтан бел­гілі. Ауырған, дімкәс жандарды әртүрлі шөптермен, өсімдіктер­дің тамырымен, табиғаттың таза өнім­дерімен, сүлікпен емдейді екен. Келіндері сыйлап алғашқы жылдары «Сүлік салатын ата», «Сүлік ата» дей келе, бірте-бірте Сүлгетай әулие атанып кетіпті. Оның екі әйелінен 8 ұл (Байтығай, Төртсары, Боқмұрын, Ожырай, Құжығыр, Көзтамғалы, Есеншора, Шелек) дүниеге келіп, олардан тараған ұрпақ бұл күндері Қаратау өңірінде бір дүйім ел болып өсіп-өніп отыр. Қазіргі кезде Сүлгетай атадан тараған мыңдаған ұрпақ негізінен Жамбыл мен Оңтүс­тік Қазақстан облыстарында, көрші жат­қан Өзбекстанда тұрып жатыр.

Шырақшымен әңгімелесіп отырып, үңгірдің қасиеті туралы да сұрап білдік. «Негізі үңгірге түскен адамның тынысы кеңейіп, ерекше күшке ие болады. Қан қысымы деп жатамыз ғой, сол қалпына келеді екен. Оны осында келіп кеткендерден естимін. Қант диабеті, тыныс жолдары ауруларына да шипа іздеп келгендерді білемін. «Осында келсек, бо­йымыздағы теріс энергиядан арылып, жеңілдеп қаламыз» деушілер де бар», деді шырақшы.

Ақмешіт үңгірі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Солардың бірі – Есіркеп Қойгелді батырға қатысты айтылған аңыз. Батыр қалмаққа қарсы жорыққа шығарда кенеттен нөсер жауып кетеді. Он мыңнан астам сарбаз пана іздеп, осы үңгірге түседі де, таңғы намазға жығылыпты. Атауы жоқ үңгірді жауынгерлердің бірі батырдың есімімен атауға ұсыныс тастайды. Алайда Есіркеп Қойгелді батыр бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсылық танытады.

 «Бұл – Қаратаудың қасиеті да­рыған таудың етегі. Бізді және ас­тымыздағы аттарымызды жаңбыр­дан қорғап қалды. Сәждеге жығы­лып, намаз оқуымызға мүмкіндік берді. Үңгір ішіндегі тастары да ақ ұлпадай әппақ, керемет әсер қал­дырады. Мұның қасиеттілігі сол шы­ғар, сондықтан оны «Ақмешіт» деп атайық» депті. Міне, содан бері қасиетті орын ұрпақтан-ұрпаққа «Ақ­мешіт» аталып кетіпті.

Ақмешіт әулие үңгірі – Орта­лық Азиядағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Түркістан облысы (Шымкент қаласынан 80 шақырымдағы) Бәй­дібек ауданында орналасқан. Қара­таудың етегіндегі, әктасты жыныс­тар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгір. Жарқабақ саңы­лауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұ­рады. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағы секілді көрінеді. Ел арасында бір кездері онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп, сатымен шы­ғып-түсіп жүрген деген аңыз айтылады.

Ақмешіт үнгірін барып кө­ріп, табиғаттың шеберлілігіне, кере­меттілігіне таң болдық. Табиғат-анада көпшілік білмейтін әлі де талай жұмбақ, сырға толы дүние мол екеніне көзіміз жетті. Бұл киелі де қазыналы Каратау өңіріндегі адам таңғаларлық, ғажайып табиғаттың айта жүрер орын-мекені екеніне еш дау жоқ. Алдағы кезде қаржылы азаматтар сол жұмбаққа толы үңгірдің төңірегін, ішін, оған баратын жолды ретке келтіріп, тіпті үңгір ішіне әртүрлі жарық шамдар қойып, туристік жоспарға енгізсе қуанар­лық іс болар еді деген тәтті қиял са­намызды қытықтайды. Бәйдібек ба­баға, Қос анаға, Домалақ анаға ниет етіп барған көпшілік міндетті түр­де сандаған жылдан бері ел аузын­да жүрген Ақмешіт үңгіріне де ат басын бұрып, табиғаттың ерекше ше­берлігімен жасалынған үңгірді та­машалап, қызықтар еді, көпшілік айта жүрер еді (ретке келтірілсе, Қара теңіз жағасындағы Жаңа Афон, Киевтегі жер асты үнгірлерінен оның несі кем?!).

 Ой таразысынан өткізіп, біздің бұл ұсынысымызды белгілі азаматтар қолдап, қолға алса көпшілік үшін аса бір игілікті іс болар еді-ау деген оймен киелі мекеннен аттандық.

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Тараз