Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңі сенсациялар сыйлауда. Швейцария құрамасы осы турнирдің басты фавориті Франция құрамасынан басым түсіп, ширек финал жолдамасын қалтаға басты деп хабарлайды Egemen.kz.
Бухаресте өткен матчтың негізгі және экстра-таймы 3:3 есебімен тең аяқталды. Ал пенальти сериясында швейцарлар 5:4 есебімен басым түсті.
Матчтағы бірінші голды Швейцария құрамасы салды. 15 минутта Харис Сеферович мергендік танытты. 55 минутта Швейцария есептегі басымдықты еселейтін мүмкіндікті мүлт жіберді. Рикардо Родриго 11 метрлік айып добын соға алмады. Ал 57 және 59 минутта дубль авторы атанған Кәрім Бензема ойын тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып жібергендей еді. 75 минутта Поль Погба айып алаңының сыртынан ғажайып гол соққан мезетте ешкімнің де Францияның жеңісіне титімдей күмәні қалмаған болатын.
Алайда бұл жақта да тура Хорватия-Испания матчының жағдайы қайталанды. 81 минутта Харис Сеферович екінші голын соқса, 90 минутта Марио Гавранович Франция қақпасынан саңылау тауып, есепті теңестіріп кетті.
Ал пенальти сериясында швейцариялықтар үздік шықты. Шешуші соққыны орындауға шыққан Килиан Мбаппе швейцар қақпашысы Янн Зоммерді қапы қалдыра алмады. Осылайша, Франция құрамасы сенсациялы жағдайда турнирді аяқтап отыр. Швейцария құрамасы ширек финалда Испанияға қарсылас атанады. Ойын 2 шілде күні Санкт-Петербургте өтеді.