Әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде павлодарлық парақшалардың бірінде жарияланған видео бойынша тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, полиция қызметкерлері 26 маусым күні сағат 05.40-та Павлодар ауданының полициясына Заря ауылының жанында автотұрақта «Mersedes Benz» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы мас күйде бола тұра жүк көлігінің демалып отырған жүргізушісіне адамдық қадір-қасиетін қорлайтын балағат сөздер айтқандығы туралы хабарлама түскенін анықтады.
– Аталған факті бойынша 1988 жылы туған жүргізуші мен 2000 жылы туған жолаушыға қатысты ҚР ӘҚБК 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жолданды. Сондай-ақ, жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен 7 жыл мерзімге айырылды, - деді департаменттегілер.
«Mersedes Benz» автокөлігі айып тұрағына қойылды.