Қызылордада облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Н.Бекежанов атындағы театрда өткен сөз сайысын облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ашып, еліміздің отыз жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріне тоқталды, аламанға қатысатын ақындарға сәттілік тіледі. Nur Otan партиясы облыстық филиалы қолдау танытып отырған додада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман дәстүрлі өнерге демеу көрсеткен жергілікті әкімдікке, айтысты айрықша бағалайтын көрерменге ризашылығын жеткізді.
Айтысқа республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын, Қ.Мырзалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Серік Ыдырысов, ақын, режиссер, Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов қазылық етті.
Еркіндік тақырыбын арқау еткен сөз сайысына түркістандық Бекарыс Шойбеков, Арқалықтан келген Айбек Қалиев, Нұр-Сұлтан қаласының атынан Әсем Ережеқызы, Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатаев, Батыс Қазақстаннан Бауыржан Ширмединұлы, шығысқазақстандық Серік Қуанған мен Семей қаласынан Айшолпан Тілеутай қатысты. Сөз барымтасындағы ақындар қатарында Айдос Рахметов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Нұрзат Қару және Жамбыл Бақытәліұлы сынды Сыр жүйріктері ел алдына шықты.
Жыр додасында ақындар еркіндіктен бастап қазіргі ел тұрмысын жырға қосты. Қоғамдағы өткір мәселелерді айтып, тыңдаушы жұрттың айызын қандырды.
Республикалық ақындар айтысының қорытындысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова еркіндіктің елең-алаңынан бастап, бүгінгі күннің бейнесін суреттеген доданың маңыздылығына тоқталды, рухани құндылықтар мен ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеуде айтыстың орны ерекше екенін атап өтті. Ұлт сөзін сөйлеген ақындарға алғысын білдіріп, елге ынтымақ пен береке тіледі.
Жалпы осы айтыста қазалылық Нұрзат Қару жарқырай көрінгенін айта кеткеніміз жөн. Алғашқы айналымда «Айтыстың ақтаңгері» атанған Айбек Қалиевке қарсылас болған талантты қыздың тауып айтқан сөзіне қол соққандар көп болды. Одан кейін де арынын тежеместен оза шауып, бас бәйге алды. Бірінші орын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Екінші орынды белгілі айтыскер Бекарыс Шойбек, үшінші орынды Аспанбек Шұғатаев, Әсем Ережеқызы, Айбек Қалиев сынды ақындар иеленді. Ал Нұрмат Мансұр қазылар шешімімен Жүрсін Ерман атындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды. Серік Қуанған, Айшолпан Тілеутай, Айдос Рахметов және Бауыржан Ширмединұлына ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 70 жасқа толған ұлт өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманға дәстүрге сай шапан жауып, аймақ тұрғындары атынан құрмет көрсетті.
ҚЫЗЫЛОРДА