• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Маусым, 2021

Пандемия және саяси шешім

765 рет
көрсетілді

СТЕНФОРД/ЖЕНЕВА. Covid-19 пандемиясы түрлі басқару жүйелеріндегі қоғамдық денсаулық сақтау саласын сынға салды. Нәтижесінде, елде жіберілген кемшіліктер анықталды. Мысалы, Шығыс Азиядағы елдер (Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея және Жапония) пандемияны Америка мен Еуропаның көптеген мемлекетіне қарағанда жақсырақ бақылай білді.

Бірақ бұл нәтиже кей сарапшылар айтқандай, авторитарлық үкімет пен демократия туралы емес. Шығыс Азияда індетпен күресте табысқа жеткендер қата­рында авторитарлық мемлекеттер, сондай-ақ күшті және қар­қынды демократиялық елдер бар. Вьетнам секілді кедей елдер көптеген бай мемлекеттен гөрі тиімді әрекет еткенін ескерсек, айырмашылық эко­номикалық ресурстарға немесе денсау­лық сақтау саласындағы білікке байланысты емес.

Ендеше, індетпен күрестегі алшақ­тық­тың артында не жатыр? Оны түсін­діру күрделі екеніне қарамастан, мә­селе мынада. Басқару тұрғысынан үш маңызды факторды атап өту керек: мем­лекеттік әлеует, әлеу­меттік сенім және саяси көш­басшылық.

Індетпен күресте мемлекеттің қабі­леті анық болуы мүмкін, бірақ бұл маңызды мәселе. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі күшті емес ел пандемияға ұшырайды. Бұл фактор Шығыс Азия елдеріне үлкен артықшылық берді. Бірақ бәрі мемлекеттің қабілетіне ғана байланысты емес. Денсаулық сақтау саласында кейінгі жылдары үлкен жетістіктерге жеткен Бразилияда қолда бар меди­циналық мүмкіндік дағда­рыстың алдын алуға төтеп бере алған жоқ.

Екінші фактор, әлеуметтік сенім екі мәселеге байланысты. Халық өз үкіметіне сенуі керек. Әйтпесе, денсаулық сақ­тау саласына ауырлық түседі әрі карантинге қатысты шара­лардың орындалуы төмен болады. Өкінішке қарай, мұндай «институттық сенім» соңғы он жылда Латын Америкасы мен Кариб теңізі бассейні елдерінде төмендеп келеді. Сонымен қа­тар азаматтардың арасындағы сенім, яғни әлеуметтік сенімнің екінші өлшемі бар. Пандемия кезеңінде көптеген елде әлеу­меттік сенімнің төмендігі мен әлеуметтік айырмашылық салдарынан індет өршіп, зардабы ауыр болды.

Үшінші фактор – саяси көш­­бас­шылық. Қоғамда туын­даған төтенше жағдай кезін­де иерархия бойынша мем­ле­кеттік институттардың жоғары жағындағы адамдар шешуші шаралар қабылдауға құқылы. Олардың кім екені және қандай мақсат көздейтіні аталған саясаткерлер әрекетінің тиімділігін анықтауға әсер етеді. Кей саяси лидерлер пандемияны, негізінен, өздерінің саяси тағдырларына қауіп ретінде қарастырды және соған сәйкес әрекет етті. Бас­қала­ры өздерінің қоғамдық мүд­делерді қорғау­шы ретіндегі рө­ліне байыппен қарады.

Осы әртүрлі саяси қадам­дар­дың нәтижесіне қарап отырып, пан­де­мия­ға қарсы күрестің тиімділігі мен тұрақ­ты­лығын анық аңғарамыз. Сая­си көш­басшылық бүкіл салада кез­деседі. Бірақ үкіметтен бастап, жер­гілікті атқарушы органдарға дейінгі мемлекеттік мекемелер үйлесімді және бірлескен іс-қимыл жасамаса, індетпен күресу тиімсіз болмақ.

Мемлекет әлеуетін шек­теулілігі, әлеу­­меттік сенім­­нің төмендігі және сая­си жетек­­шіліктің нашарлығы – демо­кратиялық тұрғыда тоз­ғанның белгісі. Жалпы алғанда, пандемия әлемнің демократиялық рецес­сияға кезігетінін көрсетіп, бұрыннан бері қалыптасып келген қиындықтардың бетін ашты. Біздің ойымызша, бұл қиындықтар бұған дейін қалыптасқан. Соның салдарынан мемлекеттер пандемияға қауқар көрсете алған жоқ.

Covid-19 басталғанға дейін Латын Америкасы мен Кариб теңізі бассейні елдері әлеу­мет­тік наразылық пен саяси тұрақ­сыздыққа белшесінен батып, жап­пай наразылықтар мен попу­лизм қарқын алып келе жат­қан. Аймақтағы тұрақсыздық «саяси ыдырау» деп аталатын құбылысты аңғартады. Соған сәйкес, саяси жүйе оң эко­но­микалық және әлеуметтік та­быс­тан кейін күн­делікті қажет­тілігі өскен халықтың талаптарын қанағаттандыра алмаса, заңды күшін жоғалтады және тұрақ­сыздыққа түседі.

Латын Америкасының жаңа орта тап өкілдерінің тұрақты экономикалық өсім кезеңінен кейін бұрынғыша қажеттіліктері өтелмей келеді. Оның салдары енді толықтай көрінді. Сыбайлас жемқорлықтың кең тарағанына  на­разылық пен элита билікті өздерін байы­ту үшін пайдаланады деген пікір тұрақ­сыздықты күшейтті.

Басқарудағы бұл мәселенің оңай шешімі жоқ. Мемлекеттік әлеуетке инвестиция салу және әлеуметтік сенімді арттыру ұзақ уақытты қажет етуі мүмкін. Әрі оған жақсы саяси көш­басшылық керек. Соған қарамастан, пандемия кезінде тиімсіз басқаруға тап келген елдердің саяси көш­басшылары өзара байланысты үш салада сындарлы әрекет ете алады. Біріншісі және ең жеделі – мемлекеттік саясат. Пан­де­мия­ның денсаулық сақтауға, экономикалық және әлеуметтік сала­ларға түсірген салдарларын жою жөніндегі шараларды жетіл­діруге немесе кеңейтуге әлі де кеш емес.

Екіншіден, Латын Америкасы мен Кариб теңізі бассейні елдері кеңірек ойланып, «ойын ережелерін» қайта қараулары керек. Яғни кірістерді қайта бөлу үшін бюджеттік саясатты жүргізу, бірнеше субъектінің нарықты басып алуына жол бермейтін ережелер қабылдау және азаматтық қоғам ұйым­дарының сая­сатты құруға және басқаруға қаты­суына тиімді жол қалыптастыру қажет. Бұл ұзақ мерзімді жоба, бірақ келесі пандемиядан сақтануға керекті бүкіл мүмкіндікті жа­сауға жол ашады.

Соңғысы, өзгерістерді демо­кра­тиялық жолмен жүзеге асы­руға қажет тұлғалардың коалицияларын түсіну маңызды. Өзгеріс саяси жұмылдыруды қажет етеді. Бастысы, «институттар» деп ата­ған ережелер мен саясатты жасайтын және қолдайтын адамдар, яғни бәріміз екеніміз анық.

 

Фрэнсис ФУКУЯМА,

Стэнфорд университетінің Фриман Спогли атындағы Халықаралық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, FSI-дің Демократия, даму және заң үстемдігі орталығының директоры және Стэнфордтың халықаралық саясат бағдарламасы бойынша магистрі,

Луис Фелипе ЛОПЕС-КАЛЬВА,

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы жетекшісінің көмекшісі және Латын Америкасы мен Кариб теңізі бассейні бойынша аймақтық директоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org