Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақпараттық агенттігінде тұңғыш рет өткізіліп жатқан «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн-байқауының І кезеңіндегі жеңімпаздары анықталды.
Екі айға созылған додаға 101 суретшінің 300-ден астам картинасы келіп түсті. Солардың ішінде 8 суретші үздіктер қатарынан табылды. Олар: Аршын Қабылбек («Шахтер»), Өмірзақ Рыстан («Ұрпақ қорғаны»), Толқын Табысбек («Көсем»), Дәуренбек Бекназар («Көкейкесті»), Рахат Сапаралинова («Тас тынысы»), Аманат Назарқұл («Ұлы дала кардиограммасы»), Серікжан Ысқақбек («Қоянды жәрмеңкесі»), Құмар Омархан («Ақселеу Сейдімбек»). Айта кетейік, жеңімпаздардың 8 суреті бойынша байқаудың ІІ кезеңі жалғасады. Енді ақындар жеңімпаз атанған суретшілер салған үздік 8 суреттің біреуін таңдап, сол сурет туралы бір поэзиялық шығармасын (өлеңін) жолдау арқылы қатыса алады. Байқаудың ақындарға арналған 2-кезеңі 26 маусым мен 26 шілде аралығында өтеді.Жеңімпаз Ақын мен Суретші шығармаларынан арнайы үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) альбом дайындалады. Альбом сапалы, түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, арнайы түсірілген бейнероликтерге сілтеме берілген QR-кодтармен жарық көреді.Негізгі шарт бойынша поэзия мен суретте үндескен дуэт-үміткерлер «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» қорытынды мәдени кешіне шақыртылады.