Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты «Қорқыт» этноансамблі VI концерттік маусымын киелі қобызшы Ықылас Дүкенұлының шығармашылығына арналған «Жез киік» атты керемет кешпен қорытындылады.
Өз заманында қасиетті қобызбен қазақ даласын қоңыр сазға бөлеген Ықылас бабамыз қобызшылар әулетінде өмірге келген, оның әкесі Дүкен де, атасы Алтынбек те атақты қобызшы болған. Соның да әсері болар, ол жасынан өнерге жақын болып өсіп, есімі ерте танылады. Жалпы, атақты күйшінің шығармаларында өзі өмір сүрген дәуір мен ел арасына кең тараған аңыз-әңгімелер айшықты жарасым тапқан.
Сонымен киелі қобыз үні салтанат құрған кеште халықаралық байқаулардың лауреаты, Ықылас бабамыздың тікелей ұрпағы Ақнар Шәріпбаева, Олжас Құрманбек, халықаралық Шабыт фестивалінің Гран-при иегері Шолпан Шарапатова, Жанар Жүсіпова, Тоғжан Ғайса, Ерегүл Батқан секілді талантты қобызшылар күйшінің «Жолаушының қоңыр күйі», «Тоғыз тарау», «Айрауықтың ащы күйі», «Жезкиік», «Ерден» және т.б. туындыларын орындап, тыңдармандарын күй сазымен толқытты.
Әсіресе, дарынды қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Раушан Оразбаева жетекшілік ететін «Қобыз-Рух» ансамблінің орындауындағы «Аққу» күйі көрерменнің қиялын көкке самғатып, ғажайып күйге бөледі десек, артық айтқанымыз емес. Сондай-ақ керемет кеш шымылдығы «Қорқыт» этноансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбектің «Аманат» күйімен жабылды. Бұл күй аталған өнер ұжымының «төл құжаты» секілді. Өйткені ұлттық музыка аспаптарымен орындауындағы осы күйді тыңдағанда құлағыңызға ұлы дала сарыны келіп, рухтанып кетесіз.