«Тур де Франс» көпкүндігінің төртінші кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл сайыста «Deceuninck-Quick Step» клубының серкесі Марк Кавендишке тең келер ешкім табылмады.
Талай дүбірлі додаларда дараланып жүрген 36 жастағы ұлыбританиялық саңлақ Францияның солтүстік-батыс аймағында орналасқан Редон мен Фужер қалалары арасын жалғастырып жатқан 150,4 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 20 минут 17 секундта жүріп өтті. Жергілікті спортшы Насер Буханни («Team Arkea Samsic») екінші орын алса, бельгиялық Йеспер Филипсен («Alpecin-Fenix») үшінші сатыға жайғасты. «Астана» клубы мүшелері арасында Алексей Луценко ең үздік нәтиже көрсетті. 28 жастағы қазақстандық велошабандоз мәреге 14-ші болып жетті.
Жоғарыдағы нәтиженің арқасында Луценко жалпы есепте 11-ші орынға көтерілді. Ал көш басындағы жағдай өзгерізсіз. Атап айтсақ, нидерландтық Матье ван дер Пул («Alpecin-Fenix») әлі де алдына жан салар емес. Оны франциялық Жулиан Алафилипп («Deceuninck-Quick Step») өкшелеп келеді. Үшінші орында – эквадорлық Ричард Карапас («INEOS Grenadiers»).