Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Онда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысын аяқтау қаралуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осы орайда сессия ресми түрде жабылып, депутаттар қыркүйек айына дейінгі каникулға кетеді. Мәжіліс Төрағасы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойды.
Еске сала кетейік, 23 маусымда жетінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының соңғы жалпы отырысы өтті.
Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин өткен сессия жұмысын қорытындылады.
Сонымен қатар 24 маусымда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев сессия жұмысына қатысты пікір білдірген болатын.
«Парламенттік каникул кезеңінде депутаттардың жұмысы тоқтап қалмайтыны белгілі. Сіздер өңірлерге барып, халықпен, жұртшылықпен кездесесіздер. Соның аясында жергілікті жерлердегі проблемаларды зерделеп, сындарлы ұсыныстар жинақтайсыздар. Оның барлығы да алдағы депутаттық қызметімізге негіз болатыны сөзсіз», деді М. Әшімбаев.