Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.
«Бүгін біз жетінші шақырылған парламенттің алғашқы сессиясын аяқтап отырмыз. Бұл сессия жұмысы қасиетті Отанымыз Қазақстанымызға 30 жыл толған мерейлі кезеңде басталды. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік әрбір отбасын, әрбір қазақстандықтың зор мақтанышы және баға жетпес байлығы болып саналады. Себебі дәл осы 30 жылдың ішінде біздің еліміз барлық салада зор табыстарға жетті. Бүгінгі күні Қазақстанымыз бүкіл әлем мойындаған беделі жоғары, іргесі берік қуатты мемлекетке айналды», деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Осы орайда ол Тәуелсіздік жылдарындағы ҚР Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне тоқталды.
«Бүгінде осы 30 жыл бұрын негізін қалаған, мақсаты айқын, болашағы зор «Қазақстандық жолды» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев одан әрі табысты жалғастырып келеді. Қазірдің өзінде ел дамуына нақты серпін беретін маңызды бастамалар, бірқатар саяси әрі экономикалық-әлеуметтік реформалар нәтижелі қолға алынды. Оның барлығын заң жағынан қамтамасыз етіп келе жатқан қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына да биыл 25 толып отыр. Бұл әрқашанда Қазақстанның заңнамалық тірегі болып келе жатқан Парламент үшін өте маңызды оқиға. Осындай тарихи кезеңде біздің депутаттық корпустың рөлі де, жауапкершілігі де бұрынғыдан да арта түсті», деді Мәжіліс Төрағасы.