Алматы қалалық экология департаменті цемент зауытындағы жарылыстан кейін жүргізген тексеру қорытындысы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Экология департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай орын алған жерге барып, зауыт аумағынан сынамалар алды. Оның нәтижесі ауаға жайылған шаңның рұқсат етілген шоғырлану нормативтерінен асып кеткенін көрсетті. Жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Еске салайық, 7 маусым күні кешкі сағат 20.00 шамасында Павлодарская 48 көшесінде орналасқан «Нұртау Темір», өндірістік базасында цемент таситын көліктен шикізатты сығынды ыдысқа айдау кезінде төтенше жағдай болған», деді департаменттен.
Тексеру нәтижелері бойынша «Нұртау Темір» серіктестігі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 327, 328 бабына сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою және зиянның орнын толтыру (атмосфералық ауаға зиянды заттар шығарғаны үшін) туралы нұсқау берілді.