Елордалықтар ауызекі тілде «Шабыт» деп айтатын астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жанынан өткен сайын көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің көз алдыма сабырлы, ойлы бейнесі келеді.
Осыдан бес жыл бұрын асыл аға жетпіс жасқа толып, газет тапсырмасымен сұхбат алуға бардым. Қыркүйек айы болатын, екеуміз аталған оқу орнының алдында отырып әңгімелестік. Сонда ол кісі өзінің балалық шағынан бастап, өнерге келуіне мұрындық болған ағалары, қатарластары, жалпы өмір туралы салмақты сөз өрбітті. Сол кездесу маған да жылы әсер қалдырды. Биыл ұлттық музыка өнерінің дамуына зор үлес қосқан ардақтың азаматтың туғанына 75 жыл толды. Иә, туғанына... Былтыр жазда әлемді жайлаған індеттің кесірінен халқымыз парасатты перзентінен көз жазып қалды.
Сол сұхбат үстінде ол кісі: «Жас күнімде мені өнерге бағыттаған ешкім болмады. Бірақ Сыр елі жыраулық пен термешілік өнердің туы тігілген жер ғой, содан ба жыршылар ауыл-ауылды аралап, өнер көрсететін. Солардың таңды-таңға ұрып айтатын қисса-дастандарын әкемнің тізесінде отырып тыңдаушы едім. Сол әуезді үн бала кезімнен құлағыма сіңіп қалды. Жыршылар кеткеннен кейін әкемнің қамшысын домбыра секілді қолыма алып, сабалап отырамын. Соны көрген әкем бірде домбыра жасатып әкелді. Бес жасымда ол кісі дүние салып, барлығы ұмытылды. Алғаш мектеп табалдырығын ауылда аттадым да, екінші сыныпты ағам Алматыға әкеп оқытты» деп өткен күндерді сағынышпен еске алды.
Кеңес аға мектепте оқып жүргеннен күй шығарып, ән жаза бастаған. Орта мектепті үздік аяқтағаннан кейін, әке орнына әке болып жүрген үлкен ағасы атақты Ахмет Жұбановқа алып барады. Өнертанушы ғалым жас өреннің өнерге деген талабын байқап, «Мені тыңдасаң, алдымен музыкалық училищеге барып оқыған жөн, іргелі білім аласың» деп батасын береді. Сөйтіп, абыз ақсақалдың батасымен сол кездегі Чайковский атындағы училищеге түсіп, одан кейін консерваторияны тәмамдайды.
Оның алғашқы еңбек жолы Алматыдағы халық шығармашылық үйінен бастап, кейін «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, содан соң «Қазақконцерт» бірлестігінің музыкалық жетекшісі, Қазақстан Мемлекеттік телерадиосы эстарадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері секілді абыройлы қызметтерді атқарды. Ол кісі Қазақ телевизиясы музыкалық бағдарламаларының бас редакторы болған жылдары «Тамаша», «Халық − талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде» деген бағдарламалары ел сүйіп көретін хабарға айналды.
Жалпы халқымыз композиторды елге кең тараған әсем әндерімен жақсы біледі. Бұл жайында автордың да өз айтқаны бар.
«Консерваторияны тәмамдағаннан кейін ән жаза бастадым. Жазған әндерімді алып, үлкен ақындарға барамын. Ол кісілер әнімді тыңдап, ұнатады да: «Жақсы, бала. Сөз жазып беремін, ертең кел» деп шығарып салады. Ертеңіне барсам жазған өлеңі көңілімнен шықпайды. 1975 жылы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Еркеғали Рахмадиев жас композиторлар мен жас ақындарды шақырып, кездесу ұйымдастырды. Сонда мен жалындап тұрған жас ақындар Шөмішбай Сариев және Жарасқан Әбдірашевпен таныстым. Шөмішбай менімен ерінбей көп жұмыс істеді. Әлі күнге дейін алдымен шығарманың музыкасын жазамын. Сосын сол идеяны ақынға айтып, әр жолдағы буынға дейін түсіріп берем. Мәтін көңілден шықпаса, басқа нұсқасын жазамыз. Осыған Шөмішбай шыдады. Сөйтіп, екеумізден ел сүйіп тыңдайтын әсерлі әндер жарыққа шықты», деді.
Бүгінге дейін талантты тұлғаның екі жүзден аса әні бар болса, соның дені екі өнерпаздың шығармашылық байланысынан туған екен. Мәселен, Шөмішбай ағамыз сөзін жазған «Өкінбе сен», «Сәлем саған, туған ел», «Ғашықтар жыры, «Еркеледің сен», «Ойлан балам», «Домбыра туралы баллада», «Қарағым-ай» және тағы басқа әндерін халқымыздың сүйікті әншілері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Ақжол Мейірбеков, Сембек Жұмағалиев, Нұрлан Өнербаев шырайын келтіріп орындап, тыңдарманға жеткізе білді. Сонымен бірге композитордың симфониялық оркестрге арнаған шығармалары қатарында «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма картинасы, «О, дүние» кантатасы, «Жыл мезгілдері» романстар топтамасы, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзикілі мен «Алдар көсе» операттасы секілді бірқатар туындылары ұлттық музыкамыздың қазынасын байытқан сүбелі дүниелер деп айтуға болады.
Кеңес аға 2007 жылдары Алматыдан астанаға қоныс аударып, Қазақ ұлттық өнер университетінде еңбек етті. Арқаның сайын даласы ол кісіге шабыт сыйлап, «Астана» деген сүйекті симфония жазды.
«Мен ол кісіні студент кезімнен білемін. Біздің жас кезімде композитордың есімі дүркіреп тұрды, әндерін сүйіп тыңдайтынбыз. Ағамен Қазақ ұлттық өнер университетінде бір кафедрада жұмыс істедім. Қазақшылығы мол, парасатты адам болатын. Менің кіші қызымның тұсауын кесіп, батасын берген еді. Қазір ол музыка мектебінде оқиды. Ағаның композиторлығын өте жоғары бағалаймын. Әндері қандай керемет. Жұмыста көп әңгімелесетін едік. Алдыңғы толқын ағалары туралы жылы естелік айтатын. Шөмішбай ағамен өнерде ғана емес, өмірдегі достығы да ғажайып еді. Алматыда екеуі үнемі бірге жүретін. Денсаулығы жоқ екендігін айтып жүрсе да, арамыздан тез кетіп қалады деп ойлаған жоқпын. Былтыр қайтыс болғанда Алматыға дейін барып, ақтық сапарға шығарып салдық. Кеңес ағаның есімі, оның мол мұрасы барда ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», дейді Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров.
Әне бір жылдары композитор Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, одан өтпей қалды. Осы оқиға ол кісінің жүрегін жаралап кеткен секілді. Өйткені сол сұхбатта: «Өнерде бірге жүрген достарымның кейбіреуі жасаған еңбектері еленбей, мемлекеттік марапатқа да ілінбей, соған іштерінен күйініп, жүрекке жүк түсіріп, өмірден өтіп кетті. Менің де ауырып жүргенімнің бір себебі сол деп ойлаймын. Мемлекеттік деңгейде еңбегіңді бағаламағаны өкінішті. Басқалар алып жатқанда «одан менің қай жерім кем?» деген арам ой адамға бірінші келеді ғой. Арам ойды жеңген адам – нағыз адам, әңгіме сонда» деп күрсініп еді. Осындайда есімізге көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Ескерусіз қалмасын бір ісі де, Талантты бағалаңдар тірісінде» деген өлең жолдары келіп, өкініштің уын жұтамыз.
Жүрегі таза, адал адамнан ғана шынайы өнер туады. Ол кісінің болмысынан тектілік пен тазалық байқалып тұратын. Асыл азаматтың көзі тірісінде туған жері – Қызылордада «Туған жер» атты халықаралық байқау дәстүрге айналған болатын. Енді сол байқау жалғасын тапса дейміз. Болашақта Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан тұғырлы тұлғаның есіміне көше берсе де артық болмайды. Қысқасы, Дүйсекеевтің өнердегі дара жолы жалғаса береріне сенеміз.