Ақмола – туризм саласын жан-жақты дамытуға мүмкіндігі зор өңір. Жасыл аймақтың санатына енгелі осы саладағы 500-ден астам кәсіпорын биыл несібеміз молаяр деп үміттеніп отыр.
Ежелгі ел Көкшетау деп атап кеткен сайын Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі етегін ну орман көмкерген көгілдір таулы өлке батысынан шығысына қарай шамамен бес жүз шақырымға созылады. Ені де аз емес, оңтүстіктен солтүстікке қарай түкті кілемдей құлпырған, түгін тартса майы шығатын жасыл бел, әдемі әлем аумағы 200 шақырымға жуық. Көкшенің көгілдір таулары асқары аспан тіреген биік емес, негізінен жалпақ жазира төсінде жасыл желек көмкерген ару таулар. Жаратылысы жаныңды баурайтын таулардың ең биігі – Көкше қырқасынан сырлы әлемнің сырына бойлап, жанарыңды суару үшін мың метр биіктікке көтеріліп шығасың. Сол сәтте көгілдір Көкшеге, ғажап өлкеге жанарың жеткенше қызыға қарайсың. Саф ауасы көкірегіңнің құмарын бір қандырмайтын өңірдің шебер суретшінің қылқаламымен кескінделгендей ажарлы бейнесі көз алдыңа келеді.
Өңірде үш бірдей – «Бурабай», «Бұйратау» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар. Оған әлемге қоқиқаздармен аты шыққан «Қорғалжын» мемлекеттік ұлттық қорығын қоссаңыз, табиғи байлықтың қаншалықты мол екендігін аңғарар едіңіз. Ерекше қорғалатын осы аймақта әрқайсысының тамырына елжандылықты, ұлтжандылықты меңзейтін, бойлаған жанның көкірегіне рухани нәр құятын 900-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш самсап тұр. Осы ескерткіштердің басын біртұтас көркем әлем етіп құрайтын 73 туристік маршрут түзілген. Айналып келгенде, осының бәрі, өңірдің мүмкіндігін еліміздегі туризм саласының әлеуеті зор алғашқы бес аймақтың қатарына енгізіп тұр.
Облыста туризм саласында 500-ден астам кәсіпорынның жұмыс істейтінін айттық. Қысы-жазы дүмеп келіп жататын туристерге соңғы бес жылда қалтқысыз қызмет көрсетілді. Сала серпін ала бастаған кезде жалпақ әлемді бір қауызға сыйғызғандай қуыра келген нәубет – жаман тұмаудың кесірінен 2020 жылы тоқырауға да ұшырады. Биыл қысқарған қол, кеміген жол ұзарардай үміт бар. Келімді-кетімді кісілер үшін отельдер мен қонақүйлерде 5 075 нөмір дайындалған. Олар бір мезетте 13 мыңнан астам адамға қызмет көрсете алады. Биыл алғашқы тоқсанда 1,9 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 36,7 пайыз өсім бар, қызмет түрлері де көбейген. Қонақжай қауым ең кірпияз туристің көңілінен шығатын қызмет көрсетуге қауқарлы.
Бұл жайға адам пейілімен қатар, технологияның мүмкіндігі де әсер етіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Ashyq жобасы сәуір айынан бері іске қосылып, септігін тигізуде. Тіпті, өңір «қызыл аймақтың» құрсауында болған кезде де кәсіпкерлік нысандар осы жоба арқылы, барлық санитарлық талапты сақтай отырып жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Бүгінде туристік бизнес саласында 20-ға жуық нысан осы жоба бойынша жұмыс істеуде.
Көркем табиғатымен көп көңілінен шығып, бағы асып тұрған Бурабай ғана емес, зерлі Зерендінің де қосар үлесі аз емес. Табиғаты тұнық, көркем, ажарлы бұл өлке де Ashyq жобасы арқылы жұмыс істеуге ұмтылуда. Аймақтың туристік бизнес саласындағы 121 нысанында жаңа жобаның тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қауіпсіздікті сақтау, келімді-кетімді адамдарға қолайлы болуы үшін интернет платформа жұмыс істейді. Бұл орайдағы жаңа заманның талабына сай өрістетілген іс-қимылды жетілдіруге қыруар қаржы бөлініп отыр. Қаржы демекші, ағымдағы жылы туристік инфрақұрылым кешенін дамыту барысында аймақта жалпы көлемі 9 323,8 млн теңгені құрайтын 32 жоба қолға алынған. Жергілікті халық үшін де тиімділігі айта қаларлықтай. Жаңа жобалар жүзеге асқан кезде қосымша 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оған қоса үстіміздегі жылы туризм саласында 7 инвестициялық жоба қолға алынып, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 52,9 млн теңге қаражат құйылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде жалпы құны 81 млн теңге болатын жоба қолға алынып, «Ақжелкен» пансионатында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өлкеде инженерлік көлік инфрақұрылымын дамытуға да мән берілуде. Осы бағытқа 5,4 млрд теңге қарастырылса, оның 4,6 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Қалғаны облыстық бюджеттен.
Жаңаша жаңғырған, өзгеше сипатқа ие болған қасиетті Бурабай топырағына атбасын бұрған адам нені көрер еді? Көп қой. Бірі – Ұлутас. Сан ғасырдан бері мызғымай тұрған тасқамалдың маңына барсаң, жүзіңді аймалайтын самал жел ел есінде сақталған әдемі аңызды бірге есетіндей. Әне қолсозым жерде шалқалап жатқан Жекебатырдың бейнесі. Ілкі заманда қамалға анталап келген самсаған сары қолды жусатып, «әй, бір сәт мызғып алайыншы» деп көз шырымын алып жатқан батырдың бейнесі. Әлденеден сақтық ойлап, дулығасы мен болат сауытын да шешпепті. Ұйқыдағы тау бейнелі алып батырға көз алмай сүйсіне қарайсың. Осы арада сәл ғана кідіріп, аңыз жайын айта кетелік. Сіңірі шыққан кедей ауылда ересен күшті әрі арманшыл бір батыр болған екен. Жалындаған жастық шағында уайым-қайғыны елемей, дауылдатып, думандатып өмір сүреді. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген кезде төңіректегі халықтың мұң-зарын естіп, қабағын кірбің шалады. Жалпақ жұртқа күн көрсетпей тұрған жоңғарлар екен. Еділ қалмақтары да ара-тұра қоқаңдайды. Сүттей ұйыған ауылдардың шаңын аспанға шығарып, астаң-кестең қиратып, төрт түлік малды, оған қоса қорғансыз адамдарды айдап әкетеді. Ал ел іші бір-бірімен жер дауы, жесір дауымен әлек. Күндердің күнінде жас батыр бәріне қолын бір-ақ сілтеп, ауылдан кетуді ойлайды. Өзімен қылыш пен дулыға, сауытын ғана алады. Жол үстінде басқа батырлармен жүздеседі. Олар да жас батыр тәрізді бақыт іздеп шыққан екен. Осы арада батырлардың есіне арыдағы ақылман ағаларынан қалған «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейтін сөз түседі. Қаптаған қалың жаумен бірінші болып жас батыр жолықса керек. Қанша ерен батыр болса да қисапсыз жауды құрту мүмкін емес. Шегірткедей үймелеген жау қолын жапырып, жан аямай алысады. Тіпті көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Сонда барып бақыт үшін жалғыз күресудің жөн емес екенін ұғады. Алып тұлғалы батыр дәрмені әбден құрығанда туған жерінде шалқасынан жатып, тасқа айналып кеткен деседі. Міне, ұйқыдағы батыр туралы бір үзік сыр осындай. Тағылымды, тыңдаған жанның көкірегіне әдемі сезімдер ұялатып, елін, жерін сүюге баулитын бағалы сөз. Бурабай баурайына келген адам тылсым табиғаттың тұнығына сүңгіп, жасыл әлемді жанарымен аймалап, сұлулыққа сұқтанып қана қоймай, ел мен жердің қатпар-қатпар тарихынан тағылым алғаны теріс емес қой.
Міне, осындай тағылымды көрсететін мультимедиялық интерактивті кешен Абылай хан алаңында осы жылдың маусым айында ашылды. Бұл нысанның елімізде әзірге баламасы жоқ. Қазірдің өзінде Бурабай баурайының қонақтары осы жаңа заманғы құрылғылар арқылы ел тарихының тұңғиығына бойлай алады. Жаңа технология арқылы құс қанаты ғана жететін биіктікке көтеріліп көз салса, жалаулы жасыл аймақтың інжу-маржандай көркем қойнауы бейне бір уысыңда тұрғандай көрінер еді. Ертеректе Бөлектаудың биігіне табан іліктірген жұрт шамамен 150 метрдей көтеріліп, мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай аққайың көмкерген жоталарды жанарымен сүзіп өтетін. Сол сәтте қатпар-қатпар жартастар әдіптеген Жұмбақтас, Оқжетпес сылаңдай көрініп, Бурабай көлі мен Үлкен Шабақты қолсозым жердегідей мөлт-мөлт етіп мөлдіреп жатар еді. Бүгінгі қуатты, жаңа технологияның нәтижесінде бар суретті, бар болмысты толайым көріп, көз қанықтыруға мүмкіндік туып отыр.
Курортты өңірдегі соңғы жаңалықтардың бірі – «Бурабай» визит орталығы. Көпшілік көңілін аударатын қызғылықты орынның бірі – төрт залдан тұратын табиғат музейі. Бұл жерден орманның тынысын аңғарып, Бурабай курортты аймағында әлденеше жыл бойы жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен танысып, көңіл көкжиегін кеңейтуге болады. Осы тақырыпқа аңсарыңыз ауса, Бурабай кентіндегі тарихи-өлкетану мұражайына бас сұқсаңыз, талай тамаша дүниеге куә болар едіңіз. Ұзын-ырғасы үш залдан тұратын музейдің әр бөлімінде бағалы дүниелер бар. Соның бірі – этнография залы. Ежелден ән ұшып, өлең қонған өлкенің інжу-маржан іспетті жәдігерлері осында жинақталған. Қазақ ән өнеріне мәңгі өлмес жауһар туынды сыйлаған Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай тәрізді дүлдүлдердің сұлу да сырлы әуені есіп тұрғандай. Заманында табиғаттың таңғажайып көркіне аспандағы аққуға үнін қосқан Біржан сал да, Ақан сері де, Үкілі Ыбырай да, Балуан Шолақ та таңдай қаға қараған. Алыптардың табанының ізі қалған әдемі өлке бүгінде келімді-кетімді мың сан адамның көкірегін көркем сұлулығымен тәнті етіп, арыдағы асылымен нұрландыруда.
Көңіл тоғайтып, сәл ғана көтерілсеңіз алдыңыздан зообақ кездеседі. Бұл жерде аң мен құстың отыздан астам түрі бар. Террариумда Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Африкадан, Аустралия мен Камбоджодан жеткізілген сан алуан аң-құс бұл тараптағы біліміңізді жетілдіріп, көңіл көкжиегін кеңейте түспек. Дәл қазір Aqbura Park-тің атағы жер жарып тұр. Құрқылтайдың ұясындай ықшам демалыс базасында отбасымен демалғанға не жетсін?! Жай ғана демалыс емес, Үлкен Шабақтының жағалауындағы әрқилы шағын архитектуралық мүсіндерді көріп тамашалап, тылсым сырына қаныға аласыз. Осы маңға ат шалдырсаңыз, кәдімгі қазақтың киіз үйін жалға алуға болады. Етегін түріп тастасаңыз, үлбірей соққан салқын самал тәніңізді рахат сезімге бөлеп, көкірек сарайыңыз кәдімгідей ашылып қалады. Бір жақсы жері, ақ дастарқанға келер тағамның басым бөлігі – ұлттық дәм.
Соңғы жылдары Бурабай баурайы өзгеше кейіпке енді. Табиғаттың тартуына сәулетті де ажарлы нысандар айрықша салтанат үстеуде. Мың естігеннен бір көрген артық демекші, келген жанның өкінбесі анық.