Қытай, Үндістан, Индонезия, Жапония және Вьетнам 600-ден астам көмір зауытын салуды жоспарлап отыр. Таяуда жарияланған зерттеуге сүйенсек, Азияның бес елі әлемде жаңадан салынатын көмір зауыттарының 80 пайызына инвестиция құймақ.
The Guardian басылымының пайымдауынша, бұл жаһандық климатқа қауіп төндірмек. Ал жаңартылатын энергия көздерін салу жаңа көмір зауытының құрылысына қарағанда әлдеқайда арзан. Көмір зауыттарына құйылатын инвестиция арқылы жалпы көлемі 300 гигаватт энергия өндіруге жетеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл Ұлыбританияның қажеттілігінен үш есе көп. Осы орайда, БҰҰ көмір зауыттарын мүлдем жоюға үндеп отыр. «Жаңартылатын энергия көздері арзан кезеңде көмір энергиясын пайдалануды қолдайтындар толқынға қарсы жүзіп жатыр. Инвесторлар жаңа көмір жобаларынан аулақ болуы керек. Олардың көпшілігі зиян әкелуі мүмкін», дейді есеп авторы Катарина Хилленбранд фон дер Найен. Азия көмір зауыттарына ақша құюды жалғастырып жатқанда дамыған әлем елдері одан бас тартуға кірісіп кетті. Мәселен, Ұлыбритания үкіметі көмір зауыттарын пайдалануды тоқтату мерзімін жоспардан бір жыл бұрын, яғни 2024 жылға дейін аяқтайтынын мәлімдеді. Бұл шешімді қоршаған ортаны қорғаушылар жылы қабылдады. Қазіргі таңда көмір арқылы елдегі энергетиканың 1,5 пайызы қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта Ратклифф-на-Соардағы (Ноттингемшир) көмір зауыты жабылады. Ал Бертон А электр станциясы 2022 жылы қыркүйекте тоқтайды. Бірақ әлемнің басқа елдеріндегі жағдай мәз емес. Қытай көмір өндірісіне қаржы құятын әлемдегі жетекші инвестор саналады. Бейжің билігі 1100 гигаватт тоқ өндіретін көмір электр станцияларының қуатын тағы 187 гигаваттқа ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бірақ баламалы энергетика көздерінің қарқыны жоғары. Күн және жел электр станциялары қазірдің өзінде Қытай қолданатын электр энергиясының 85 пайызын өндіруге қабілетті.