Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туа біткен қадір-қасиеті, дара біткен қарым-қабілеті, мен айтар едім даналығы, кейде тіпті әлдекімге күмәнділеу көрінгенмен артынша дұрыс, дұрыс болғанда да ел үшін өте қажет болып шығатын, алысты болжайтын көрегендігі оның қарамағында қызмет еткен бізді қайран қалдыратын. Сырт көзге көп көріне бермейтін елдің ертеңін ойлаған беймаза көңілі, қала берді кәдімгі пендеге тән адами, ақжарқын қалпы, ел ішіндегі жайлы, жақсы жаңалықтарға бәрін ұмыта шын қуанатын шуақты келбеті жадымның бір түкпірінде қылаң беріп тұрады.
Қызмет бабында Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш көрген кезімнен бүгінге дейін қырық жылға таяп қалыпты. 1982 жылы Алматы облысының Күрті ауданындағы Тоқаш Бокин атындағы кеңшарда бөлімше меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін, осы тұста өңірге сапармен келген кезінде бірінші рет ұшырасқан едім. Содан кейін партком хатшысы, кеңшар директоры, аудан әкімі қызметтерін атқарғаннан Алматы, Жамбыл облыстарының әкімі, Ауыл шаруашылығы министрі, Президенттің Іс басқарушысы, Мәжіліс депутаты болған күні кешеге дейін Мемлекет басшысының ел игілігін көздеген тапсырмаларын орындаушылардың бірі болдым.
Осы аталған лауазымдық міндеттерден-ақ байқауға болады: Тұңғыш Президент маған өте жауапты қызметтерді сеніп тапсырды. Әркімнің пешенесіне бұйыра бермейтін мұндай үлкен сенім менен әрдайым жауапкершілік биігінен көріне білуді талап етті. Мен өне бойы осы ұғымды басшылыққа алдым. Осы ұғым маған да, бірге қызмет еткен серіктестеріме де ұстаным болды.
Орайы келгенде айтпасқа болмайды, 1999 жылдың ақпанында Жамбыл өңіріне әкім болып келген кезімде облыс бюджеті бар болғаны алты жарым миллиард теңге екен, ал жалақы жөнінен мұғалімдер мен дәрігерлерге жарты жылға жуықтаған қарыз бен алды бір жарым жылға ұласып кеткен әлеуметтік жәрдемақы бойынша берешек үш миллиардты құрады. Сол тұстағы өлшем бойынша бұл өте үлкен сома. Тәуелсіздіктің алғашқы жеті-сегіз жылында өтпелі кезеңнің жағдаяттарымен қордаланып қалған мұндай қаражатты бірер жылда жинақтай қою мүмкін еместей көрінгені рас еді.
«Президент ертең: «Жігіттер, не болды, ештеңе шығара алмадыңдар ма?», десе не айтамыз?, дедім мен орынбасарларыма. – Ойластырайық, әр саладан жол іздейік».
Әуелі өндіріс орындарын қайта тірілтуге күш салдық, енді ғана өнейін деп келе жатқан шағын кәсіпкерліктің тынысын аштық, жұмыс орындарын көбейтуге көп мән бердік, химия кәсіпорындарының жұмысын жандандыруға күш-жігер қостық. Президенттің тікелей қолдауы арқылы түрлі себептермен жабулы жатқан Амангелді газ кенішін игердік. Салық түсімі арта бастады. Жабылып қалған білім, мәдениет ошақтарын қайта аштық, рухани тыныс кеңейді, мұның өзі халыққа дем берді. Ең бастысы, ынта-жігерімізге сенген жайдары, жасампаз Жамбыл жұртшылығы игілікті істерді өрбітіп әкетті. Нәтижесінде, бас-аяғы жыл-жыл жарым уақыт ішінде бюджеттің барлық берешегінен арылып, өңір экономикасы тұрақты ілгерілеу жолына түсті. Халық тәуелсіздіктің тәтті дәмін енді сезе бастады.
Нұрсұлтан Әбішұлы ауық-ауық тікелей өзі байланысқа шығып, облыстағы жағдайды тұрақты назарда ұстап, орталықтан жан-жақты қолдау жасатып отырды. Үкіметке, министрлерге нақты тапсырмалар беріп, орындалуын баяндап тұруды жүктеді.
2003 жылы мамыр айында Тұрар Рысқұлов ауданында болған күшті жер сілкінісі көп зардап әкелді, тұрғын үйлердің, мектептер мен ауруханалардың, әр түрлі бағыныстағы ғимараттардың басым көпшілігі жарамсыз болып қалды. Зілзала болған күні таңертең Нұрсұлтан Әбішұлы өзі хабарласып, алдын-ала есептеулер бойынша шамамен қанша қаражат қажет болатынын сұрап, қаржы табу жолдары қарастырылатынын айтты. Көмек лезде келіп жетті. Біз де күні-түні тыным тапқан жоқпыз. Бас-аяғы алты ай ішінде бүкіл аудан жаңа келбетке ие болды.
Содан бір жыл бұрын, 2002 жылы қыркүйек айында Тараздың 2000 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтілді. Бұл ретте де Тұңғыш Президентіміздің ел тарихына, өңірдің әл-ауқатын арттыруға деген шынайы қамқорлығын сезіндік. Президент Жамбыл жеріне келгенде жұртшылық орталық алаңға сыймай кететін.
Мен өзіммен қызметтес болған орынбасарларым Александр Савченкоға, Жұмабек Сапарәлиевке (марқұм), Кеңесбек Демешке, Бөрібай Жексембинге, Керімжан Бижановқа, қала, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына, соғыс және еңбек ардагерлеріне, жалпы, өңір халқына қиындығы көп кезеңде игілікті істерді бірге атқарғанымыз үшін қашан да ризашылығымды білдіріп отырамын.
Жамбылда жүргенімде бір күні Меркеге барып, ауданның жаңа әкімін таныстырып тұрғанмын. Дәл сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы телефон соғып, ел-жұрттың хал-жағдайын сұрады. Мен мағлұмат бердім. Сөзімді тыңдап болған соң «Серік, сені Алматы облысына қайтарсам деп ойлап едім, байқаймын, Жамбыл жері, ардагерлер әзірше жібергісі келмейтін сияқты. Жарайды, қызметіңді атқара бер. Елге менен сәлем айт» деді.
Содан келер жылы Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалдым, 2005 жылы Алматы облысының әкімі болып бекітілдім. Міне осы кезеңде де Президенттің әр салаға, әр өңірге терең көңіл бөлетінін, жергілікті жерлердегі проблемаларды жақсы білетінін көрдік, тиісінше біз де әр ауданның, әр ауылдың мәселелеріне барынша үңілуге ден қойдық.
Елбасының кіндік қаны тамған туған өлкесі – жер жаннаты Жетісу жерінде қызмет еткен жылдарым (2005 – 2011) ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген небәрі он бес-жиырма жыл ішінде ел экономикасы аяғынан тік тұрып, еңсемізді енді тіктей бастаған шақ еді. Индустриялық-инновациялық бағдарлама қолға алынған осы тұс болатын. Мемлекет басшысы бүкіл ел көлемінде, оның ішінде Алматы облысында серпінді жобалардың іске асырылуын тұрақты түрде қадағалап отырды. Осы бағдарламаны, Жол картасын жүзеге асыру арқылы жыл сайын мыңдаған жұмыс орындары ашылып отырды.
«Серік, жұмыс орындарын көбейтіңдер, әсіресе, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге күш салыңдар. Бұл үшін өнім шығаратын жаңа өндірістерді іске қосу керек, сол үшін де мына индустриялық-инновациялық бағдарламаға пәрмен беріп отырмыз. Баяндап тұр», деген тапсырмасы біздің басты жол бағдарымыз болды. Осынау серпінді жобаларды іске асыру арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, халықтың жан басына шаққандағы табысы, түптеп келгенде әл-ауқаты арта түсті.
Өтпелі кезеңдердің болмай қоймайтын қиыншылықтарын бастан өткеріп, құлазыңқырап қалған Талдықорған қаласы біз сөз етіп отырған кезеңде заманға лайық келбеті бар көрікті де кең тынысты облыс орталығына айналды.
Өмір болған соң жетістіктер мен қиындықтар қатарласып қалатын жағдайлар болады. 2010 жылы наурыз айында үш күн бойы толассыз жауған жауынның салдарынан Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылы аумағындағы суқоймасы жарылып, етекте орын тепкен елді мекенді су шайып кеткен еді. Өкініштісі, апаттан адам шығыны болып, ауылдағы тұрғын үйлер түгелдей дерлік қирап қалды. Бірақ бұл жолы да республика басшылығы елді мекенді, ауданды, облысты төтеннен келген қасіретпен жалғыз қалдырған жоқ.
Мемлекет басшысы қиындықты тезірек еңсеруіміз үшін моральдық тұрғыдан да, орталықтан қаржылай көмек көрсету тұрғысынан да барынша қолдау жасады, елді мекенді қалпына келтіру жұмыстарын бақылауда ұстап отырды. Біз оның салқын түсетін қоңыр күзге дейін ауыл адамдарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын уақтылы орындадық. Қызылағашта түгелдей ауыз суы, қорасы, малы, шарбағы, жиһазы, көшесінде жолы бар жаңа үйлер салынды, былайша айтқанда, заманауи елді мекен бой көтерді.
Келер жылы көктемде Президент өзі келіп елді мекенді аралап, жұртшылықпен жүздесті. Су тасқынынан опат болғандарға арналған ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеп, мемлекеттің қашанда халықты қиындықпен жалғыз қалдырмайтынын, жаңаша құлпырған Қызылағаш соның бір көрінісі екенін атап көрсетіп, бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығара білген жұртшылыққа, облыс активіне ризашылығын білдірді.
Сөйте тұра, арада уақыт өткен соң Мемлекет басшысының, Үкіметтің пәрменімен, тікелей қолдауымен ел-жұрт болып бәріміз бірге атқарған ортақ сауапты істі «мен бітірдім» деп жеке иеленуші «батырлар» шықты.
Осыған қоса айта кетейін, ешбір әкімді айырма жол, қайырма жол, айналма жол салды, қар тазалады, құбыр тартты, құм септі, гүл екті деп дәріптеудің қажеті жоқ, ол бұған өз қалтасынан ақша жұмсап жатқан жоқ қой. Бұл жұмыстар оның қызметтік міндеттерінің бір бөлігі, сол үшін оған халықтан жиған салықтан айлық төленеді. Мәселе, сол жұмыстардың уақтылы, сапалы орындалуын, заңға сәйкестігін қамтамасыз етуде, халыққа бірінші кезекте не қажеттілігін айыра білуде болу керек деп білемін. Қала берді ірілі-кішілі көпшілік үшін маңызды істер Елбасының, Президенттің, Үкіметтің тапсырмасымен, назарда ұстауымен жүзеге асырылып жатады. Қай деңгейдегі болсын әкім бірінші кезекте ол мемлекеттік тапсырмалардың орындалуын ұйымдастырушы, үйлестіруші, сол үшін де жоғарғы басшылық пен халық алдында жауап беретін тұлға екенін ұмытпауы керек.
Елбасымен күн сайын қоян-қолтық, тым-тығыз араласып кеткенім жоқ, бірақ алыс та жақын, жақын да алыс қашықтықта жүріп, оның тағылымынан көп нәрсені ойға түйдім. Соның бірі осы айтып отырғанымыз – ел алдындағы жауапкершілікті бәрінен жоғары қоюды өз міндетіме шегелеп алдым.
Барды бағалай білу, әр нәрсенің қадіріне жете білу, жақсы мен жаманды таразылай білу әсте де әр азаматты да, мемлекетті де абырой биігіне жетелесе керек. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, тәуелсіздікпен таң атырып келе жатқан отыз жыл ішінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасының басшылығымен Қазақ елі бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті.
Осы жылдар ішінде Қазақстан бүкіл әлем таныған, ілгерілеу жолымен қадамын нық басқан, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды. Түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Орталық Азиядағы қуатты мемлекетке айналды.
Республикамыз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздік органдары құрылды.
Қазақстан шекарасының заңдық тұрғыдан шегенделіп, межеленуі мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы халықаралық саясатының және Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Осы сөздердің мән-маңызына үңіле қарасақ, бұл дегеніміз тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген ел тарихындағы баға жетпес жетістіктердің бірегейі болып табылады.
Қазақстанның түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болып, төрағалық етуі, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшылары қатарында болуы – оның жоғары беделінің айғағы.
Жылдан-жылға көркейіп, қарқынды дамып келе жатқан елордамыз Тәуелсіз Қазақстанның жержүзі мойындаған мақтанышы болып табылады.
Мұның бәрі Елбасымыздың ұлан-ғайыр еңбегімен тығыз байланысты екені даусыз ақиқат.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығы» кітабын (құрастырушы-автор К.Демеш) парақтай отырып, абыз ағаларымыздың бірі Мырзатай Жолдасбеков жазған мына жолдарға көзім түсті: «Арғы-бергі заманда қазақтың басына мұндай бақ қонған жоқ. Құдайшылығын айту керек, қазақ халқы ешқашан қазіргідей мамыражай өмірді де басынан кешкен емес. Әр халықтың, әр мемлекеттің даму жолында алтын дәуір деген болады. Қазақ халқы қазір сол алтын дәуірді басынан кешіп отыр. Алтынды аяққа теппей, барымыз бен бағымызды бағалай білгеніміз, жақсы мен жаманды саралай білгеніміз жөн».
Ел үшін тыным таппаған, ұлт ынтымағын сақтаған, абыройын асырған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде Қазақ елі қол жеткізген жетістіктер жөніндегі осынау ақиқат сөздермен әркім-ақ келіседі деп білемін.
Тәуелсіздік – бабалардың ақталған аманаты. Елбасы есімімен етене байланысты егемен елдігіміздің асқақ белгісі – Көк байрағымыз мәңгі биікте желбірей берсін!
Серік ҮМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері