Көкшетауда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала тарихына тағзым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Конференцияны облыс әкімі Ермек Маржықпаев ашып, жүргізіп отырды. Көкшетау топырағына арнайы келген Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Egemen Qazaqstan» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, академик, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Жамбыл Артықбаев, қазақстандық суретші-реставратор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырым Алтынбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев пен осы оқу орнының археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Данияр Тілеуқабылов егемендік алғаннан бергі ел тарихын, мәдени мұраны зерделеудегі жетістік жайлы кеңінен ой толғады.
Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Қазақстан күллі түркі халқының қасиетті қарашаңырағы» деп атап көрсетілген болатын. Түркі қауымдастығының бас қосуы іспетті бұл халықаралық конференция Bolashaq сарайының фойесінде орналастырылған «Ақмола облысының киелі орындары» көрмесі мен тақырыптық бейнероликті тамашалаудан басталды. Одан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың конференцияға қатысушыларға арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды. «Арқаның төрінде, киелі Көкше өңірінде есімі елге мәлім тарихшылар мен этнографтардың, археологтер мен мәдениет қайраткерлерінің басын қосып отырған бұл іс-шараның маңызы өте зор. Тарихын түгендеп, болашаққа батыл көз тігіп, ұлы мақсат жолында ұйысқан ұлттың ізі – біз, өткені бай, келешегі кемел халықпыз. Тәуелсіз Қазақстан ұлы дала төсінде дәуірлеген қуатты мемлекеттердің бүгінгі ізбасары. Егемендігімізді сақтап, одан әрі нығайту үшін кешегі күннен сабақтастығымыз үзілмеуге тиіс. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, терең пайымдау қажеттігін айтса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлт шежіресін ұлттық мүдде тұрғысынан жазу керек екеніне баса назар аударды» деп жазылған құттықтау хат конференцияның мазмұнын аша түсті.
Конференция модераторы, Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі Тофик Мохсен оглы Аббасов өзінің алғысөзінде түркі халықтарының өткен тарихы айрықша тағылымды, бүгіні де жарқын екендігін ерекше атап өтіп, түркі қауымдастығының алдында қазіргі заман талабына сай туындап отырған маңызды міндеттерге тоқталды.
– Шындығында, түркі сөзінің ауқымы кең. Ол – тек бір ұлттың ғана атауы емес, бірнеше мемлекетті біріктіретін, халықтың шыққан тегін білдіретін тарихы терең ұғым. Біздің өткеніміз ортақ, тарихи-мәдени кодымыз бір. Мұны білу, қайда және кіммен бара жатқанымызды түсіну үшін қажет. Әлбетте, соңғы отыз жыл түркі халықтары үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Егемендікті алғаннан кейін келешектің қамы үшін тарихты зерделеуге, өткенімізді саралауға бет бұрдық. Бүгінде түркі қауымдастығы кеңейіп келеді, – деді Тофик Мохсен оглы Аббасов.
Бұл конференцияның киелі Көкше топырағында өткізілуі тегін емес. Көкшетау Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы болып жарияланды. Жыл бойы еліміздің барлық мәдениет ордалары қаламызға келіп, қазақстандық өнерді насихаттайды деп келісілген болатын.
Конференция қатысушыларының алдында сөз алған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәдени жобаның үлкен бір бөлігі ретінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілуі өңіріміз үшін үлкен абырой және жауапкершілік екендігіне тоқталды.
– Халқымыздың тарихы өз бастауын Қазақстан аумағын мекендеген сонау палеолит дәуіріндегі қауымдастықтардан алады. Біз – Атбасар неолит мәдениетінің, жылқыны алғаш қолға үйреткен ботайлықтар мен Андронов мәдениетінің тікелей ұрпақтарымыз, – деді Ермек Боранбайұлы. – Ұлы қытай қорғанынан бастап, Рейн өзеніне дейін бірнеше мемлекет құрған түркітектес ғұн тайпалары баршаға таныс. Ұлы дала тарихында жерімізге Түркістан атын берген Ұлы түркі қағанатының орны ерекше. Хазарлар мен түргештердің, қарлұқтар мен қарахандардың, оғыздар мен қыпшақтардың мұрасы туған тарихымызда өшпес із қалдырды. Былтыр ғана біз Орталық Азияда түркі этностары құрған Алтын Орданың 750 жылдығын атап өттік. Қазақ даласын қорғаған атақты Бөгенбай, Олжабай батырлар, Үмбетей жырау, Саққұлақ бидің кесенелері сақталып қалды.
– Бүгінгі алқалы жиынның сұңқар Сәкен жырға қосқан сұлу да қасиетті өлке әрі Абылай мен Кенесарыдай хандардың ақ ордасы қанат жайған Көкше төрінде өтуінің символикалық маңызы зор. Елбасы Ұлытаудағы ұлағатты сұхбатында қазақ халқының тарихи тамырларын сонау сақ, ғұн, көктүрік және Алтын Орда дәуірімен сабақтастырып, Қазақ хандығының дәстүрлі арналарын айшықтап берген еді. Расында, Қазақ хандығының бастауында Алтын Орда – Ұлық ұлыс тұрғанымен, оның түпкі тамыры, алтын діңгегі Түркі қағанатына тірелетіні ақиқат. Бүгінгі бауырлас халықтардың барлығы да өз атауларын түріктер деп сол қарашаңырақ қағандықтан мирас етіп алуы кездейсоқ емес, – деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі.
2018 жылдан бастап, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы ұйымдастырылып келеді. Бірінші экспедиция Бурабай – Түркістан бағыты бойынша Абылай ханның тұлғасымен байланысты тарихи жерлерді зерттеді. Екінші сапар Көкше жерінен ұлы ойшыл әл-Фарабидің туған мекені – Отырар қаласына дейін ежелгі керуен жолымен өтті. Биылғы экспедиция Шығыс Қазақстанға Абай атамыздың туған жері мен Қазақ хандығының ел қорғаған ұлы шайқастары өткен тарихи орындарды сүзбек. Өз баяндамасында осы жайларды кеңінен атап өткен өңір басшысы осынау конференция ғаламдық тарихтағы Ұлы даланың орнына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы егемендік жылдары еліміздің ұлттық тарихты, мәдени мұраны зерделеудегі жетістігі жайлы толымды баяндама жасаса, Кембридж университетінің ғалымы Ребекка Робертс, «БиБиСи» телеарнасының ТМД мен Орталық Азия елдері коммерциялық өкілдіктерінің басшысы Сергей Становкин, Кембридж университетінің археологі, жазушы-аудармашы Джоанна Добсон да өз ойларын онлайн режімде ортаға салды. Осылайша, отандық және шетел ғалымдарының басын қосқан бұл конференция тамыры терең тарихымызды одан әрі байыптап танымдауға жол ашатыны, жиында айтылған парасатты пайымдар мен құнды пікірлер қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосары анық.
Көкшетау