• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 02 Шілде, 2021

Қазақстан дипломатиясының бүгінгі әлеуеті

580 рет
көрсетілді

1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап, біздің рес­публика әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгерді және бірнеше халықаралық іргелі ұйымдардың абыройлы мүшесі болды. Бүгінгі таңда Орталық Азия мен Қазақстан аймағы әлем геосаясатында ерекше мәнге ие болып отыр.

Екпінді даму динамикасының арқасында Қазақстан оза дамы­ған өзге мемлекеттердің ірі трансұлт­тық корпорацияларының назарына ілігіп, олармен де тығыз бай­ланыс орнатып келеді. Себебі біздің еліміз Орталық Азиядағы географиялық сипаты бойынша ең ауқымды мемлекет қана емес, экономикалық әлеуеті тұр­­ғысынан да көшбасшылық тізгініне ие. Сондай-ақ еліміз­­дің болашақтағы даму мүмкін­дік­терінің мол екенін де естен шығармаған жөн.

Бүгінгі күні біздің дипло­матиялық саясаттағы басымды­ғымыз бірінші кезекте Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа Одағы және Орта Азия аймағындағы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түрікменстан мем­лекет­терімен, сол сияқты Әзер­байжан, Түркия және күллі Ис­лам әле­мімен экономикалық қа­рым-қатынастарды барынша дамы­ту және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің аясында түркі әлемімен мәдени байланыстарымызды нығайта түсу болып отыр.

Бұл орайда назарда болатын басты нысана мынау: біз қан­дай да бір экономикалық, сая­си немесе мәдени байланыс­тар­ды күшейтуге тырысқанда бі­реулерге қауіп төндіру немесе қай­сыбіреулерді қорқыту-үр­кіту үшін емес, керісінше еш­кім­­нен қорықпас үшін және күл­­лі әлеммен тату-тәтті қарым-қа­­­тынас жасап, қолдан келген шаралардың бәрін де бейбіт жағдайда, яғни дипломатиялық жолмен іске асыруды көздейміз.

2001-2002 жылдары Ұлы­британияда, Ирландия Республи­касында және Норвегия Король­дігінде Төтенше және өкілетті елші болған кәсіби маман ретін­де еліміз­дің дипломаттарын Қазақстанның дипломатиялық қызметі күні­­мен құттықтай отырып, ойларында жүрсін деген ниетпен бірер ұсыныс айтқым ке­леді.

Біріншіден, біздің елші­лері­міз бірінші кезекте экономи­калық дипломатияға ең үлкен басымдық бергені абзал. Нақты­рақ айтқанда, экспортқа не шы­ға­ра алатынымызды, шетелдік транс­ұлттық корпорациялар біздің экономикамыздың қай саласына инвестиция салса, екі жақтың да ұтатынын жатпай- тұрмай дәріптеуі керек.

Екіншіден, біздің шет мемлекеттерде қызмет атқарып жүрген дипломаттарымыз бен консулдарымыз сол елдерден өмірдің барлық саласы бо­йынша, атап айтар болсақ, экономика саласынан, әлеуметтік саладан, бизнес саласынан, банк және қаржы жүйесінен, озық мәдениетінен, озық білім саласынан, ғылым мен технологияларды өндіріске енгізу тәжірибесінен, шағын немесе орта бизнестің ма­йын ішкен көшбасшыларынан, денсаулық және спорт саласынан не үйренуге болады, неден жиренуге болады деген сияқты дүниелерді дәріптеулері керек.

Ол үшін тек елшілер ғана емес, елшіліктегі дипломаттар да, консулдар да жоғарыда атал­ған салаларды зерттеп-зер­делеп, терең мазмұнды аналитикалық мақалалар мен эсселер жазып, оларды үзбей республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап тұруы керек.

 

Әділ АХМЕТОВ,

елші-дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі