Міне, ескі жылды тарих еншісіне қалдырып, тағы бір жаңа жылдың парағын ашып отырмыз. Жылдар тоғысында тұрғанда «не бітірдік, алда қандай мақсаттар бар?» деген ой әркімнің көңілінде тұрады. Қасиетті Тәуелсіздігімізді алғалы уақыт қазақ елінің еншісіне жұмыс істеп жатқандай сезіледі. Қазір экономикамыз қарыштап дамып келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жыл сайын қуатты жобалар өмірге жолдама алып жатады. Жыл аяғында Елбасымыз қатысқан телекөпірде еліміздің әр шалғайында іске қосылған талай өндірістер мен кәсіпорындарды тамашаладық. Нұрсұлтан Назарбаев алда атқарылар, экономиканы дамытуда назарға ұстар тұстарды ортаға салды. Жылқы жылында да еліміздің экономикасы серпінді дамитынына көзіміз жеткендей, көңілге қазірден-ақ қуаныш ұялағандай болады.

Уақыт озған сайын жаһандану үдерісі үдей түскен кезде біз де бүкіл әлеммен бір кеменің үстіндегідей сезінеміз. Сондықтан әлем экономикасының тұрақтылығы Қазақстанға да ықпалды болады. Бұл орайда, жаңа жылда Елбасы саясатының жетістігі көрінуге тиіс деп ойлаймын. Елімізде «жасыл экономика» бағдарламасы тұжырымдалды. Бұл жаңа технологиялар, әдістер, еңбек өнімділігі мен жерасты байлығын үнемді тұтыну, оның сарқылуына, сол арқылы экологиялық теңдікті сақтау екені жұрттың барлығына аян, түсінікті болып отыр. 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тамашалары да осындай әлемдік өзекті бағытқа арналмақ. Жаңа жылда әлемдік деңгейдегі таңданарлық жаңа технологиялар экономиканың барлық салаларына енгізіле береріне кепілмін.
Экономика мен әлеуметтік сала тонның ішкі бауындай үйлесімді болғанда, дамудың да жолы даңғыл. Оның ішіндегі белдісінің бірі – білім беру саласы дер едік. Қостанай мемлекеттік педагогика институтын бітірген түлектердің біліктілік деңгейіне жұмыс берушілер жақсы баға беріп отыр. Бұл білім ордасының рейтингін көтеріп тастады. Алдағы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалуы қарқын алады деп сенемін. Жас мамандар ауылға бет алғанда, олармен бірге мектептерге жаңа леп, жаңа күш барады. Бұл ауыл мектептері мен қаланың білім ошақтарындағы оқу сапасының теңесуіне жағдай жасайды. «Мен жастарға сенемін!» деген жоқ па еді Мағжан ақын?! Педагогикадағы кадрлар жасаруы мен жаңашылдығы білім сапасының көтерілуіне кепіл. Жаңа жылда осы бағытта көп жұмыстарды ойластырып отырмыз.
Ауыл – біздің түп тамырымыз, ұлттық тәрбие мен ұлттық педагогиканың қайнар бастауы. Оны жаңғырту үшін елімізде, біздің облыста да көптеген бағдарламалар жүзеге асып келеді. Дегенмен, жылқы жылы ауылды газдандыру және ауызсу апару жұмыстары ауқымдырақ жүргізілсе, ауылдардың берекесі кіре түссе деген тілегім бар. Елдің қалаға ызғып көшуі азайса екен деймін. Жыл сайын облыс картасынан бірнеше ауыл сызылып тасталады. Бабалар мұрат еткен ұлан-байтақ жерде ақ шаңқан ауылдардың қонысы, қарасы көбейсе екен деймін. Жылқы жылы еліміздегі жақсы істер жалғасын тапса, ауыл көркейеді, экономика дамиды, білім сапасы көтеріле береді. Өйткені, өркенді елдің болашаққа бастар бағыты да осы емес пе? Жаңа жыл құтты, бейбіт, берекелі жыл болсын!
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институтының ректоры.