Еуропа жасыл алаңдарында өтіп жатқан футболдан Кәрі құрлық біріншілігінің ширек финал ойындары өз мәресіне жетті.
¼ кезеңге шыққан 8 үздік команда ішінен іріктелген 4 ұжым енді финалға шығу үшін бақ сынайды. Жартылай финалға жолдама алған төрт құраманың ішінде Италия, Испания және Дания құрамалары бұған дейін кем дегенде бір мәрте Еуропа чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болған. Ал өзін футбол әліппесін ойлап тапқан ел санайтын Англия 60 жылдың ішінде әлі тұғырдың биік сатысынан көріне алмай келеді. Ағылшындардың осы күнге дейінгі ең ірі жетістігі – үшінші орын (1968, 1996 жылдар).
Биылғы Еурода қалайда бас жүлдені Англияда алып қалуға ниеттенген (финал Лондонда өтеді) британиялықтар өз тарихындағы айтарлықтай тәуір чемпионатты өткізуде. Гарет Саутгейттің командасы ширек финалда Украинаны 4:0 есебімен ойсырата ұтып, құрлық турнирінің жартылай финалына шықты.
Римде өткен кездесудің 4-минутында ағылшындар есеп ашып үлгерді. Рахим Стерлингтен пас алған капитан Харри Кейн мергендігімен көзге түсті. Бұл – оның Еуродағы небәрі екінші голы. Осы голдан кейін аздап абдыраған украиналықтар 10-минуттан бастап ес жиды. Тіпті Пикфорд қақпасы маңында сенімді шабуылдар ұйымдастыра бастады. Яремчук пен Ярмоленко бастаған жігіттер бірнеше рет айып алаңына кіріп, ағылшын жанкүйерлерінің зәресін ұшырумен болды. Бірақ өткір шабуылдардың бірі де нәтиже берген жоқ.
Екінші таймда ағылшындар қайтадан қаһарына мінді. Әуелете көтерілген допқа бірінші болып жеткен Харри Магуайр есепті еселеп кетті. Ал 50-минутта Кейн дубль авторы атанды. «Ливерпуль» лидері Джордан Хендерсон 63-минутта ұлттық құрама сапындағы алғашқы, бұл ойындағы төртінші голды соғып, Англияға сенімді жеңіс сыйлады.
Осылайша, Андрей Шевченко шәкірттері Еуроға жаңа тарих жазу үшін келген Англия құрамасына қарсы еш амал жасай алмады. Командалардың деңгейі ойын бойы ерекшеленіп тұрды. Комментатор әріптесіміз айтпақшы, Донецкінің «Шахтер», Киевтің «Динамо» ойыншылары мен «Тоттенхэм», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» ойыншыларының деңгейі, әлбетте, жер мен көктей болмақ. Мұны Украинаның бас бапкері Андрей Шевченко ойынға дейін-ақ мойындап қойғандай еді.
Ал бұған дейін Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Чехия мен Дания арасындағы матч дат құрамасының жеңісімен аяқталды. Тартысты басталған кездесуде жанкүйерлер голды көп күткен жоқ. Матчтың 5-минутында Ларсеннен пас алған дат жартылай қорғаушысы Томас Дилейни есеп ашты. Бұдан соң да айтарлықтай болмаса да Дания құрамасының ойындағы басымдығы байқалып тұрды. Каспер Хьюлманд шәкірттері 42-минутта таблодағы көрсеткішті еселеді. Ұрымтал сәтте қажет жерден табылған шабуылшы Каспер Дольберг құрамасының басымдығын арттыра түсті. Екі құрама үзіліске 0:2 есебімен аттанды.
Екінші тайм бастала салысымен Чехия құрамасы белсенді шабуылдауға көшті. 49-минутта Патрик Шик есеп айырмасын қысқартқанда, чехиялық жанкүйерлердің жүрегінде жеңіске деген үміт оты қайта тұтанған-ды. Бірақ 1:2 есебі ойын соңына дейін өзгеріссіз қалып, Дания келесі кезеңге жолдама алды. Айта кетейік, Патрик Шик осы чемпионаттағы бесінші голын соқты. Осылайша, чех шабуылшысы гол саны бойынша Криштиану Роналдумен теңесті. Сондай-ақ 2004 жылғы Еуропа чемпионатында 5 гол соққан отандасы, сұрмерген Милан Бароштың да рекордын қайталады.
Қалған уақытта Чехия құрамасы белсене ұйымдастырған бірнеше шабуылын соңына дейін жеткізе алмады. Ал кей сәтте дат шабуылын тойтаруға біраз уақыт жұмсауға мәжбүр болды. Допқа иелік ету және пастың дәл берілуі тұрғысынан Чехия құрамасы қарсыластарынан сәл басым тұрды. Дегенмен бұл аздаған басымдық олардың есепте алға шығуы тұрмақ, теңестіруге де мүмкіндік берген жоқ. Немесе чехиялықтар бұл аз-маз мүмкіндікті өз кәдесіне жарата алмады деген дұрысырақ болатын шығар.
Финал жолдамасы үшін Англия мен Дания құрамалары ойнайды. Матч 7 шілде күні Лондонда өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады. Екі команда да топтық кезеңде жарытып гол соқпаған, есесіне плей-офф кезеңінен бастап ерекше күш алған ұжымдар қатарына жатады. Дания топтық кезеңнің алғашқы екі матчында жеңіліп, алайда соған қарамастан топтан шығып қана қоймай, жартылай финалға жетіп отыр. Еуропа чемпионаты осындай кереметтерімен баурайды.
Ал бірінші жартылай финал матчында Испания мен Италия кездеседі. Бұл кездесу 6 шілде күні Англия астанасы – Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтеді. Айта кетейік, Испания ширек финалда Швейцария футболшыларымен негізгі уақытта тең ойнап, бәрібір матч соңындағы пенальти сериясы арқылы басым түсті. Бір айта кетерлігі, кездесудің алғашқы минуттарында Альбаның алыстан тепкен добын қайтармақшы болған швейцариялық футболшы Закария абайсызда Зоммер қорғаған қақпаға гол соғып алды. Өз кезегінде бұл – биылғы Еуропа чемпионатындағы оныншы, яғни рекорд автогол. 60 жылдық тарихы бар Кәрі құрлық біріншілігінің барлық чемпионатында жалпы 9 автогол соғылған еді. Биыл бір чемпионаттың өзінде 10 автогол соғылды. Біріншілік аяқталуына әлі үш матч бар. Демек, бұл көрсеткіш әлі де жаңаруы мүмкін.
Тағы бір ширек финал бәсекесінде Италия бірінші таймда-ақ Бельгияны 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алған болатын. Бұл – Италия футболшыларының тарихи жетістігі. «Скуадра Адзурра» өкілдері 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінен бастап бүгінге дейін қатарынан 15-ші (5 матч финалдық кезеңде) ойын жеңілістің не екенін білмей келе жатыр. Сондай-ақ Роберто Манчини шәкірттері жеңіліссіз ойын сериясын 32-ге дейін жеткізді. Италиялықтар әлем рекордын жаңалау үшін әлі үш матч жеңілмеуі керек. Әлемдік рекорд Бразилия мен Испанияға тиесілі – 35 ойын.