• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Шілде, 2021

Ұлттың үні мен жаны

682 рет
көрсетілді

Қазақпен бірге сан ғасырдан бері жоғалмаған ұлттық аспаптың бірі – домбыра. Қазір облыстық тарихи өлкетану музейінің қорында 88 домбыра сақтаулы тұр. Оның ішінде 1975 жылы қабылданған күміспен және сүйекпен әшекейленіп, батысқазақстандық үлгіде жасалған домбыра да бар.

Музей директоры Рашида Харипованың айтуынша, домбыралар коллекциясы Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынған. Содан бері 40 өнер иесінің домбырасы жиналыпты. Мұнда Махамбет пен Абай шерткен домбыралардың көшірмесі, Динаның, Нұрғиса мен Қаршығаның, Рысбай мен Әзидолланың қос ішектен қоңыр үнді төгілтер аспабы тарихи жәді­герге айналған. Атырауда артына мол шығар­машылық мұра қалдырған қазақ өнерінің қайталанбас саңлақтары, күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлына, күй анасы – Дина Нұрпейісова мен Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Қар­шыға Ах­медияровтың еңселі ескерт­кіш­тері бой көтерген еді. Ұлттық дом­быра күніне орай өңірдің зия­лы қауым өкіл­дері ұлы күйші Құр­ман­ғазы Са­ғырбайұлының ескерт­кішіне гүл шоғын қойды. – Алаш жұрты Атырауды ежел­ден күй елі, күйдің Отаны деп біледі. Ғасырдан-ғасырға жет­кен батыстың күйшілік өнері тари­хының тамыры тереңде жатыр. Киелі топырақтан Құр­манғазы, Дәулеткерей, Дина, Есбай мен Баламайсан, Қар­шыға мен Рысбай, Әзидолла аға­ларымыз бен қазақ күйінің қазіргі мақтанышы Ай­гүл Үл­кенбаева түлеп ұшқан. Сон­дық­тан Атыраудың күйшілік өне­рін ұлттық мәдениеттің күрета­мырының бірі ретінде айтуға толық негіз бар, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Әкімнің айтуынша, қазақпен бірге егіз ұғымға айналған домбыра – ұлттық брендтің бірі. – Өйткені домбыра – ұлттың үні мен жаны ғана емес, мыңдаған жылдар бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан қастерлі қа­сиеті. Бағзы бабалардан жеткен бас­ты байлығымыз. Сондықтан дом­бырасыз ұлт мәдениеті тарихын көз алдымызға елестету мүмкін емес, – деді облыс әкімі.«Нарын» халық аспаптар ор­кестрі ашық аспан астын­дағы алаң­да Құрманғазы Сағыр­бай­ұлы­ның «Серпер», «Бал­бырауын» жә­не басқа да бірнеше күйін орындады.

Атырау облысы