• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Елорда 05 Шілде, 2021

Қауіпсіз қала

1162 рет
көрсетілді

Елорда күнін мемлекеттік мереке ретінде тойлап келе жатқанымызға биыл 23 жыл болады. Тарих үшін 23 жыл – қас-қағым сәт. Десек те, біз осындай қысқа мерзімде керемет те көркем, сәні мен салтанаты жарасқан ару қала тұрғыздық. Астана егемен елдің қасиетті ордасына, Тәуелсіздігіміздің тірегіне, мемлекетіміздің жүрегіне айналды.

Сол себепті де талай тағдырды тоғыстырып, сан арманның орында­луына себеп болған елорданың қауіпсіздігіне әуел бастан зор мән беріліп келеді. Соңғы 10 жылда халық саны екі есе өсіп, тұрғыны бүгінде 1 миллион 200 мыңға жеткен қаланың ең бірінші қарапайым халық үшін қолайлы болуы да күн тәртібінен түскен емес.

Елорда – қауіпсіз қала

Қауіпсіз қала: ол қандай қала? Бас қала­ның қолайлылығы немен бағала­нады? Мәселен, әлемдегі ең қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы қаланың үздік үш­тігіне енген Сингапурдің басты бағы – байлығы болса, Жаңа Зеландия астанасы Веллингтонның басымдығы – қыл­мыстың төмендігінде, ал Токионың тар­­тымдылығы 13 миллионнан асып жығы­латын әр тұрғынының жайлы өмір сү­руіне қажетті жағдай жасай алуында болып тұр.

Әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың рей­­тингін жасайтын британдық The Economist Intelligence Unit компания­сының сарапшылары соңғы жылдары «қауіпсіз қала» түсінігінің өзгергенін жиі айтып жүр. Мәселен, бұрындары қылмыстың аз тіркелуі, сатылмайтын сот пен пара алмайтын полиция көр­сеткіштері алдыңғы қатарда тұрса, қазір үздікке ұмтылған қаланың табиғи немесе антропогендік апаттармен кү­ресу қабілеті, апаттың алдын алу қыз­меттерінің жұмыс сапасы, қоғамдық кө­лікке қолжетімділік, қарапайым ха­лықты апаттардан сақтандыруы, кибер қауіпсіздікті ауыздықтауы зор маңыз­ға ие болған. Осы тұрғыдан келгенде, қысқа ғана уақытта төрткүл дүниені ке­­лісті келбетімен тамсандырған Нұр-Сұлтанның қауіпсіздік көрсеткіші қан­дай? Елорданың тұрғылықты халық пен туристер үшін тартымдылығы неде?

Еліміздің ең маңызды қоғамдық, сая­си-экономикалық іс-шараларына куә болып жүрген бас қаланың қауіпсіздігіне баса назар аудару – әрине, құптарлық іс. «Қауіпсіз қала» жобасы аясында қол­ға алынған жұмыстар да нәтижесіз емес. Бұл бағытта, әсіресе, елордалық поли­ция қызметкерлеріне жүктелген жауап­кершілік аса зор. Себебі қауіпсіздік туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен, қаланың тыныштығы мен қоғамдық тәртібін қа­дағалап жүрген тәртіп сақшыларына арқа сүйейтініміз анық.

«Қауіпсіз қала» жобасы бірікті­ріл­ген бейнетіркеу жүйесі болып саналады. Деректерді өңдеу жүйесі әр­түрлі жағдайда тиімді жұмыстарды ұйым­дастыруға мүмкіндік береді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуден басқа, жоба қала­ның тыныс-тіршілігіне талдау жүргізуді автоматтандыруға, соның негізінде ше­шім­дер қабылдауға мүмкіндік береді. Жо­баны іске асыру қала тұрғындары­ның өмір сүру сапасын және олардың жұмы­сына қанағаттану деңгейін арттырады. Жоба құқық бұзушылықтың алдын алуға, қалалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ құқықтық тәртіпті тәулік бойы бақылауға бағытталған.

Бүгінгі таңда қанатқақты жоба бо­йынша елордада 1 100-ден астам бейне­бақылау камерасы жұмыс істейді. Олар­ды орнатуға арналған мекенжайлар мен нысандар тізімі аудан әкімдіктері мен Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің өтінімдері негізінде жү­зеге асырылады.

Тікелей жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтың алдын алуда таптырмас құрылғы екенін тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. Тәулік бойы қызмет атқаратын операторлардың үздіксіз ке­зекшілігі оқиға болған бетте осы аудан­дағы полиция қызметкерлеріне дереу хабар беріп, құқық бұзушылықтың дер кезінде ашылуына сеп болып келеді. Мәселен, осы жоба іске қосылған сәттен бастап, 2021 жылдың бірінші тоқ­са­нын­да қылмыстың ашылу деңгейі жақ­сар­ған болса, қоғамдық орындарда жасал­ған қылмыстардың саны 53 пайызға (8 502-ден 4 000-ға дейін), көшелерде жа­салған қылмыстардың саны 48,2 па­йызға (3 381-ден 1 752-ге дейін) азай­ған. Сондай-ақ сақшылар қоғамдық орын­дардағы жағдай туралы ақпаратты жинау және тіркеу арқылы қаланың құқық қорғау органдарының кезекші бөлімдерін ақпараттық қамтамасыз ету­дің жақсарғанын да айтады.

«Қауіпсіз қала» жобасы – әрбір нысан үшін жеке міндеттерді шеше отырып, объектілерді, қаланың барлық ауда­нын және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықты басқаруға мүмкіндік бе­ретін ыңғайлы жүйе. Жоба толық іс­ке асырылған жағдайда қаланы азамат­тардың қауіпсіздігі үшін бірыңғай цифр­лық кеңістікке біріктіруге болады. Сол себепті де алдағы уақытта «Қауіпсіз қала» жобасы аясында Нұр-Сұлтандағы бейне­бақылау камераларының санын 7500-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

 

Астананың қырағы көзі

Жедел басқару орталығы – елорда­ның қауіпсіздігі туралы сөз қозғалған­да ең бірінші еске түсетін базалық орган. Тәртіп бұзушылардың санын тө­мендетіп, сәйкесінше қылмысты ашу көр­сеткішін жоғарылатуға мүмкіндік бере­тін орталықты қаланың қоғамдық қауіпсіздігін қадағалайтын қырағы жү­йесі һәм көзі деуге де болады. Себебі, мұн­да құқық бұзушылықтар бойынша жедел жұмыс бір сәтке де толастамайды.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы ПД-нің Жедел басқару орталығында елорда аумағын тұтастай бақылауға алған 24 мыңнан астам бейнебақылау камерасы іске қосылған. Орталықтың аға инспекторы Динара Мәкішованың мәлімдеуінше, бұл құрылғылардың 13 мыңы «Сергек» ақпараттық-бейне­бақылау камерасы болса, 6 мыңы көше­лердегі жол қауіпсіздігіне жауап беретін, атап айтқанда, жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жол белгілері талабын бұзу, қоғамдық кө­лікке бөлінген жолаққа шығып кету сын­ды ереже бұзушылықтарды тіркейді. Бұ­дан бөлек, қоғамдық орындар мен көше­лердегі қауіпсіздікті қадағалау мақса­тында тағы 4 мың камера қосылған. Орталықтағы бейнебақылау операторлары апта бойы тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Күніне 24 оператор қала бойынша бейнебақылау жүйесін жіті бақылайтын болса, мұнда тәулігіне 1,5 мыңнан 2 мыңға дейін қоңырау келіп түседі екен.

«Қаладағы қауіпсіздікті сақтауда же­дел басқару орталығының алар орны ерекше. Себебі замануи бейнебақы­лау камераларын іске қосудың нәти­жесінде елорданың қоғамдық орындары мен көшелерінде тіркелетін құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны уақыт өткен сайын едәуір азайып келеді. Мәселен, осы жылдың бірінші жартысында осы құрылғылардың көмегімен 1018 қылмыс дер кезінде ашылса, 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл заң бұзушылықтардың дені қоғамдық орындарда жиі тіркеле­тін ұсақ бұзақылық, масаң күйде жұрттың мазасын алу сияқты деректер», дейді орта­лық маманы.

Елордада қылмыс санының күн санап кеміп келе жатқанын астаналық Полиция департаменті Жергілікті бас­қару қызметі басқармасының ерекше тап­сырмалар жөніндегі аға инспекторы Алмасхан Садыханов та растап отыр. Ол, әсіресе, қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылық деңгейінің біршама төмендегенін нақты сандармен айтып өтті. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, елорда аумағында соңғы алты айда қо­ғамдық орындарда жасалатын тәртіп бұзу­шылықтар өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 881-ден 802-ге дейін азайған. Оның ішінде халық көп жиналатын қоғамдық жерлерде тіркелетін қарақшылық – 25, бұзақылық – 13,5, ұрлық – 4,3, бопсалау 10 пайызға кеміген.

Сондай-ақ елордада «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша іске қосыл­ған 8 стационарлық модульдік полиция бекетінің саны алдағы бес жылда тағы 16-ға көбейеді деп жоспарлануда. Бас қалада халық көп жиналатын қоғамдық орындар мен криминогендік учаскелердегі, құқық бұзушылық жиі тіркелетін аумақтардағы қоғамдық тәртіптің жай-күйін тікелей қадағалап, азаматтардың өтініштері бо­йынша шараларды жедел қабылдауды ұйым­дастыратын заманауи модульдік бекеттер де – қауіпсіз қаланың бір көрсет­кіші.

«Елорда мәртебесін алғалы бері қала­дағы қауіпсіздік мәселесіне, әсіресе, қо­ғамдық орындардағы тазалық пен тәр­тіпке баса мән беріледі. Астанада алғаш рет 2019 жылы құрылған туристік полиция жасағының да маңызы зор. Себебі туристік полицияның басты міндеті – Нұр-Сұлтанға келген шетел азаматтары­ның қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтама­сыз ету, сол арқылы елімізге шетелдік инвесторларды тарту, елордамыздың әлем алдындағы қауіпсіздікке қатысты оң имиджін қалыптастыру болып табылады. Мәселен, қазіргі таңда қаламызда ­­4 туристік бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Олар елордамыздың «Қазақ елі» алаңы, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, «Махаббат» алаңы мен астана­мыздың символына айналған «Бәйтерек» мону­менті маңында орнатылған», дейді А.Садыханов.

 

Тәртіп табалдырықтан басталады

Мемлекетіміздің елордасы ретінде Нұр-Сұлтан қаласына қызығушылықпен келетін отандастарымыз бен алыс-жақын шетелдерден ағылған туристердің басын тоғыстыратын қос қақпа бар. Олар – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен «Нұрлы жол» вокзал кешені. Әрине, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру секілді тарихи шешімге куә болған Астана-1 ескі вокзалының да алар орны ерекше. Темір жол вокзалдары еліміздегі ірі темір жол торабы ретінде Нұр-Сұлтанның ең маңызды күретамыры болып саналса, әуежай – Оңтүстік-Шығыс Азия, ҚХР қалалары мен Еуропа арасында транзиттік көпірге айналғаны анық.

Бүгінде халықаралық әуежайдағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қам­та­масыз етіп отырған желілік полиция бөлімінде 66 полиция қызметкері бар. Күнделікті тәуліктік кезекшілікке 12 қызметкер түседі. Бөлім бастығы Мақ­сат Әбікен маңызды нысандағы жеке құрамның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мін­дет­терді жүзеге асыру екенін айтып өтті. Сонымен қатар әкімшілік және қыл­мыстық құқық бұзушылықтардың жо­лын кесу, алдын алу, оларды анықтау бо­­йынша жұмыстардың ұдайы жүргізіліп оты­ратынын мәлімдеген ол жыл басынан бері тіркелген заңсыздықтарға да тоқталып өтті.

Биыл халықаралық әуежайда 250 адам түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған. Тарқатып айтар болсақ, оның 31-і ұсақ бұзақылығы, 36-сы қоғамдық орынды ластағаны, 70-ке жуығы ішімдік ішіп, қоғамдық орындарға масаң күйде келгені, ал 42-сі қоғамдық орында темекі шеккені үшін жауапкершілікке тартылған.

«Әуе қауіпсіздігі қызметі қызмет­кер­лерімен бірлесе отырып, жоспардан тыс үнемі әуе кемесі мен жүктерді тексеру жұмыстары да ұдайы ұйымдастырылып отырады. Жолаушылардың жүктерінің тіркелу пунктінен әуе кемесіне тиелгенге дейін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де баса назар аударылады. Сондай-ақ айына бір рет бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша және басқа да заңмен тыйым салынған құқық бұзушылықтарды болдырмау негізінде, заң нормаларын және оған көзделген жазаны түсіндіру іс-шаралары жүргізіледі», дейді М.Әбікен.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлі­мі көші-қон қызметі бөлімшесінің қызмет­керлері тәулік бойы Қазақстанға ұшып келген шетел азаматтарына бірнеше санат бойынша виза беруді жүзеге асырып келеді.

Нұр-Сұлтан стансасы желілік полиция басқармасының басшысы Ермахан Жақыпбеков елордадағы ескі темір жол вокзалы бойынша тәулігіне орта есеппен 17 жолаушылар пойызы мен 10 электр по­йызы келіп-кететінін айтады. Ал бұл күнделікті жолаушылар ағыны орта есеппен 7-8 мың жолаушыны құрайды деген сөз. Ал «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешені арқылы күн сайын 20 жолаушылар пойызы мен 4 электр пойызы өтеді. Мұндағы жолаушылар саны 9 мыңнан асады.

«Астана күніне орай жолаушылар ағыны арта түспесе, кемімейді. Сон­дықтан да біз мереке күндері ғана емес, қай кезде де халықтың алаңсыз жол жү­ріп, ешқандай қауіп тудырмай жолаушылар пойыздарымен еліміздің кез келген қаласына жетуіне кепіл болып, кез келген оқыс жағдайда көмекке келуге сақадай-сай болуымыз қажет», дейді ол.

Қазіргі таңда Астана-1 вокзалында­ғы қоғамдық тәртіпті сақтап, жолаушылар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тәу­лігіне патрульдік-күзет қызметінің 10-ға жуық қызметкері жұмылдырылса, «Нұр­лы жол» вокзал кешенінде қоғамдық тәр­тіпті сақтауға тәулік бойғы жұмыс ре­жі­мінде полицияның патрульдік кү­зет қызметінің 10-нан аса қызметкері тартылған.

 

іKomek – билік пен бұқараның ашық диалогы

іKomek – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасынан туындаған нақты қа­дам­дардың бірі. Қала билігінің бұқара­ға ба­рынша жақын болуын мақсат тұт­қан сер­вис бүгінде елордалықтардың кез кел­ген мәселесін дер кезінде шешіп беру­ге мүмкіндік тудыратын алаңға айналып үлгерген. Биыл бірыңғай байланыс орта­лығына 870 мың­нан астам елорда тұр­ғы­­ны хабарласып, түрлі салада қызмет алған.

іKomek қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірованың айтуынша, сервис толықтай цифрландырылған және мыңнан астам қалалық қызмет жұмысын бірізге түсірген. Бұл сервистің қызметін жыл сайын елорданың 600 мыңнан астам тұрғыны пайдаланады. Орталық жұмыс істегелі бері алты миллионға жуық өтініш қабылдаған.

«Бұл біздің қала тұрғындарының өтініші міндетті түрде жетер жері­не же­тетінін, сондай-ақ әкімдік бас­қар­ма­­лары, аудандық әкімдіктер мен ком­му­­нал­дық қызметтер үшін де ыңғайлы сер­вис ұсынып отырғанымызды білді­ре­ді. Себебі енді олар өз жұмысын тұр­ғын­дармен өзара байланыс негізінде жос­­парлай алады. Сол сияқты тұрғын­дар ел­орда дамуына белсене атсалысуда. Бұл қала­ның тіршілігіне бейжай қара­май­тындарын көрсетеді», дейді Ж.Дүбірова.

іKomek қалалық орталығында бар­лық оператор әмбебап маман ретінде оқытылған. Өтініштердің елеулі үлесін оператор сөйлесу барысында ұдайы жаңарып отыратын ауқымды білім ба­за­сының арқасында шешеді. Базада мем­лекеттік басқармалар мен қаланың коммуналдық қызметтерінің жұмысы туралы ақпарат, яғни анықтамалық деректер, коммуналдық қызметтердің жос­­парланған және профилактикалық жұмыстары туралы мәліметтер сақта­лады. Бұл мәліметтер сонымен қатар өтініш берудің цифрлы тәсілдерін пайдаланатындар үшін де қолжетімді. Бәрі – онлайн режімде қолжетімді.

Сонымен қатар іKomek-тің әмбебап операторлары өтініштерді тіркеп, оның атқарылуын бақылау үшін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Осыдан кейін тұрғынға жұмыс нәтижесі туралы хабарланады. Қазіргі уақытта орталыққа қаланың бүкіл аумағында, оның ішінде балабақшаларда, мектептерде, емханалар мен т.б. орындарда орналасқан 16 мыңнан астам бейнебақылау камерасы интеграцияланған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында іKomek ор­талығында Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің қызметкерлері де отыр. Бейнебақылау камералары арқы­лы оператор құқық бұзушылықтарды анық­тап, полиция қызметкерлеріне қыл­мыстарды ашуға көмектеседі.

Сол сияқты орталық арқылы қардың күрелмеуі, жауын-шашын кездерінде су басу, ашық қалған құдықтар, заңсыз қоқыс тастау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басқа да келеңсіз оқиғаларды дер кезінде анықтап, нақты шара қолдануда пайдасы зор.

Яғни іKomek өтініштің қашан ке­ліп түсетінін күтпейді, бейнебақылау каме­ра­­ларын пайдаланып, алдын ала әре­кет етеді. Мәселен, өткен жылы іKomek бей­не­бақылау операторлары 17 мың­нан астам инцидентті анықтаған. Бір сөз­бен айт­қанда, қаланы тұрғындар үшін қо­лайлы етудің заманауи тәсілі болып санала­тын сервис елордалықтар тарапынан кең қолдау тауып отыр. Бұл – айтылған сөздің іске асуына, күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселе мен жағ­дайға талдау жасап, оның шешу жолдарын көрсетіп беретін орталық.