Елорда – Еуразияның жүрегі ғана емес, алып құрлықтың «қаржы қақпасы» атанған қала. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) іске қосылғалы Нұр-Сұлтан шаһарына дәл осындай бейресми мәртебе берілген болатын. Содан бергі аз уақытта АХҚО іргелі қаржылық ұйымға айналып үлгерді.
Тарихтан төрт дерек
«Астана» халықаралық қаржы орталығы елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Бұл дүние дидарын қазақтың астанасына аудартқан ауқымды жоба болды. Бірегей қаржы институтының басқа емес, дәл осы Нұр-Сұлтанда құрылуының өзіндік себептері де бар. Оны төмендегі тарихи төрт дерек те растап тұр.
Астанадан 120 шақырым жерде Қорғалжын деген қорық бар. Дәл осы қорықта қоқиқаздар (фламинго) өмір сүреді. Жер бетіндегі саны саусақпен санарлықтай болған соң оларды «патшалық құсы» деп те атайды. Сол қоқиқаздардың Үндістан, Иран, Қытай елдерінен Қорғалжын қорығына ұшып келгендегі жолы әйгілі Ұлы Жібек жолының керуен жолына ұқсайды екен. Аңғарғандарыңыздай, АХҚО-ның астанада құрылуына қатысты алғашқы дерек Ұлы Жібек жолымен байланысты.
Тарихы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда басталып, біздің дәуіріміздің XVII ғасырына дейін жалғасқан Ұлы Жібек жолы жүздеген жыл бойы Еуразия құрлығының мәдени, рухани, экономикалық, саяси байланыстарының өзегі болғанын жақсы білеміз. Әйгілі сауда жолының қазақ даласын басып өтіп, батыста Римге дейін, шығыста Жапонияға дейін созылғаны да жұртқа аян. Батыс пен шығысты байланыстырған сол жол қазіргі Нұр-Сұлтан орналасқан аумақты да басып өткен.
Деректерге сүйенсек, сауда жолының Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы – бәрі-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Ал елорда Есілдің бойында жатыр. Сонымен қатар Ұлы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен көшпелілердің атты тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай қазіргі астанамыз орналасқан Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттықтың байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылған. Демек, Халықаралық қаржы орталығының құрылуымен астана ерте замандағы сауда-экономикалық миссиясын қайта қолға алды.
Екінші тарихи дерек түркі қағанаттарымен, Шыңғыс хан дәуірімен, Қазақ хандығымен үндесіп жатыр. Тарихқа зер салсақ, Ұлы Жібек жолының дамуы және алғашқы қағаз ақшаның қолданысқа енуі түрік қағанаттары тұсында басталған. Ал кейін Шыңғыс хан дәуірінде әйгілі сауда жолының барлық бағыты бақылауда болған. ХV ғасырда Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрды. Осы орайда, Қазақ хандығы Ұлы Жібек жолындағы негізгі мемлекет болғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Әйгілі Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары Ұлы Жібек жолы арқылы батыс пен шығыс өркениетінің алмасуына жол ашқан. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының көздеп отырғаны да осы – шығыс пен батыстың инвестициясы мен игілігін қазақ даласы арқылы тарту, тарату емес пе?!
Үшінші тарихи дерек – Ақмола өңірінде алғашқы акциялардың пайдаланыла бастауы. ХХ ғасырдың басында қазақ даласындағы алғашқы акциялар Ақмола өңірінде қолданыла бастаған. Акциялар өңірдегі тау-кен компанияларында пайдаланылған. 1903 жылы ағайынды ағылшындар – Артур мен Нелсон Фелл Ақмола қаласында Спасск мыс кенішінің бас кеңсесін ашты. 1914 жылдың 17 ақпанында Спасск мыс кенішінің 1 млн 250 фунт стерлинг көлеміндегі акциясы Лондонның металл биржасында орналастырылды. Бұл Ақмоланы революцияға дейінгі Қазақстанның қаржылық орталығына айналдырған тарихи оқиға болды. Ал асқақ астанамыз Ақмоланың аумағында жатқаны баршаға белгілі.
Астана орналасқан өңірдің сауда-саттық, экономикалық байланыстардың ортасы болғанын әйгілі Қоянды жәрмеңкесі де дәлелдейді. Орталық Қазақстандағы ең ірі маусымдық сауда орны тұтас қазақ даласын ұйыстырған. Осы орайда, АХҚО-ның миссиясы да Қоянды жәрмеңкесін еске түсіреді. Жәрмеңкеден байырғы қазақтар тұрмысқа қажетті керек-жарағын түгендесе, бүгінгі қазақтар қаржы орталығынан жоба-жоспарларын жүзеге асыруға қажетті қомақты қаржыны өңгеріп қайтпақ. Бұл – төртінші тарихи дерек.
Байқасаңыз, елорда орналасқан өңір ерте кезден-ақ сауда-саттықтың, қаржылық, экономикалық байланыстардың өзегі болған. Сондықтан ерте ме, кеш пе астанада дәл осындай халықаралық қаржы орталығы ашылуға тиіс еді. Ізгі арман астанамыздың 20 жылдық мерейтойында жүзеге асты.
Ашық та әділ
орталық
«Астана» халықаралық қаржы орталығы – Қазақстанда қаржы саласын дамыту мен экономиканы әртараптандыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қамтылған негізгі қадамдардың бірі. 2015 жылы АХҚО-ны құру туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы мен Президент Жарлығына қол қойылды. Содан кейін «Астана» халықаралық қаржы орталығын Қазақстан ішінде де, шетелдерде де алдыңғы қатарлы қаржы қызметтерін ұсынатын орталық ретінде мойындатуға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылды. Қазақстандық модель осындай құрылым қызметтерінің ең үздік тәжірибелерін енгізді. Орталықты құруға қаржы орталықтарын ашуда тәжірибесі мол халықаралық деңгейдегі біліктілігі жоғары мамандар тартылды.
Осылайша, орталықтың тиімді жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылым жасалып, АХҚО-ның барлық органдары мен ұйымдары құрылды. Атап айтқанда, мұнда ел Президенті басшылық ететін басқару кеңесі, орталық қызметін үйлестіретін әкімшілік, реттеуші, биржа, сот пен төрелік орталығы, сонымен қатар басқа да үлескер ұйымдар, орталық алаңына бизнес пен инвестицияны тарту, технологиялық және жасыл жобаларды дамыту, кәсіби оқыту ұйымдары бар.
Бүгінгі таңда орталық алаңы арқылы тартылған инвестиция көлемі 4,4 млрд долларды құрайды. Оның 1,2 млрд доллары – портфелді инвестиция. Яғни ол акционерлік капитал (321 млн доллар) мен қарыздық капиталдан (887 млн доллар) тұрады. Ал 3,2 млрд доллары – тікелей инвестиция.
АХҚО сенімді нормативті құқықтық базамен қамтамасыз етілген. Ол 2018 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Қазіргі кезде жалпы құқық негізіндегі пайдалану мен қаржылық реттеу бойынша шамамен 80 акт бар. Оны дайындауға АХҚО құқықтық консультациялық кеңесінің сарапшылары, заңнамалық қызметтерді реттеу мамандары атсалысып, актілерді халықаралық үздік тәжірибе мен стандарттарға сәйкестендірді.
Бүгінде іскерлік ортада «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметіне деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын аңғаруға болады. Олардың жұмысына Президент тағайындаған әлемдік деңгейдегі 10 судья мен 39 халықаралық арбитр тартылған болатын. Осы аралықта 15 сот шешімі шығарылып, 511 медиациялық және арбитрлік жұмыс атқарылды.
Үкіметтің толық қолдауының нәтижесінде шетелдік элементпен келісімшартқа АХҚО құқығын енгізу және сот (арбитрлік) келіспеушіліктерде АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығын пайдалану бойынша тиісті мемлекеттік органдармен мәселелердің барлығы пысықталып, реттелді. Қазіргі таңда келісімшарттардың жалпы саны 4 800-ден асты.
Цифрландыру аясында дауларды шешуде өңір үшін теңдессіз e-Justice онлайн жүйесі жұмыс істейді. Ол АХҚО Сотына әлемнің кез келген жерінен арыз беруге жағдай жасайды. Осылайша, АХҚО юрисдикциясы ашық және әділ құқықтық қорғау мәселелерінде теңдессіз құрал бола отырып, орталық пен жалпы Қазақстанды бизнес жасауға ыңғайлы жерге айналдыруда.
Биржада береке бар
АХҚО реттеушісі – Қаржы қызметтерін реттеу комитетінің жұмысы отандық және шетелдік инвесторлар мен бизнес өкілдерінің сеніміне ие реттеу режімін құруға бағытталған. Комитет қызметінің алғашқы 4 жылында әлемнің 53 елінен 833 компания тіркелді. 2025 жылға дейін көрсеткішті 2 мың компанияға жеткізу жоспарланған. Былтыр компанияларды тіркеу толықтай онлайн форматқа ауыстырылды. Ал тіркеу уақыты 7 күннен 1 күнге дейін қысқарды.
АХҚО экожүйесінде жоғары технологиялық АХҚО биржасы (Astana International Exchange – AIX) жұмыс істейді. Алғаш рет әлемнің ірі қаржылық институттары биржаның стратегиялық серіктестері әрі акционерлері атанды. Мәселен, Шанхай мен NASDAQ биржалары, Goldman Sachs ірі инвестициялық банкі және Жібек жолы инфрақұрылымдық қоры «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына тартылған. Олар жаңа технологиялар мен құралдар әкеліп, Азия мен АҚШ нарығына жол ашты.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қарашасында АХҚО биржасын ашқаннан бері 320 млн доллар акционерлік капитал және 887 млн доллар қарыз капиталы тартылды. 10,2 млрд доллар көпшілік қарызы мен 9,6 млрд доллар жеке қарыз AIX листингінен өтті.
Қазіргі таңда АХҚО биржасында үлескерлік құрал листингі бар компаниялардың («Қазатомөнеркәсіп», «Полиметалл», «Қазақстан Халық банкі», Ferro Alloy Resources Limited, Kcell, «Банк ЦентрКредит», Kaspi.kz) жалпы нарықтық капитализациясы 37 млрд долларға тең.
AIX-ке шыққан маңызды құнды қағаздардың бірі – «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының жаңартылатын энергия көздері саласындағы БҰҰ Даму бағдарламасымен келісім аясындағы жасыл облигациясы. Сондай-ақ алғаш рет Катар халықаралық ислам банкі мен Ислам даму банкінің (жасыл сукук, тұрақты сукук, дәстүрлі сукук) исламдық сукук кросы листингтелді.
АХҚО биржасы тұрақты түрде ETF, ETN инвесторларына арналған қаржы құралдарының тізімін кеңейтіп келеді. Тау-кен компанияларының сегменті пайда болып, акционерлік капиталға Қазақстан мен Орталық Азияның орта бизнес компанияларына қолжетімділікті жеңілдету үшін өңірлік акция нарығы ашылды. Оған алғашқылардың бірі болып «Банк ЦентрКредит» тіркелді.
Бүгінде AIX ресми тізімінде 64 түрлі эмитент (98 шығарылым) бар. Биржаның сауда мүшелері – 18 қазақстандық және 11 шетелдік брокер. Олардың арасында CITIC, CICC, Shenwan Hongyuan (Қытай), Wood&Co (Чехия) және өзгелерін атап өтуге болады.
АХҚО биржасы FTSE Russell индексінің талаптарына сай сауда алаңы ретінде мойындалып, FTSE Frontier Index Series («шекаралас нарықтар») ережесіне енгізілді. Сонымен қатар ETN саудасына TABYS мобильді қосымшасы жасалды. Ол жергілікті инвесторларға қарапайым және қолжетімді түрде инвестиция салуға мүмкіндік береді.
Жасыл һәм исламдық қаржы
Жасыл экономика мен тұрақты өсімге өту үшін АХҚО өз алаңында жасыл қаржыны дамыту бойынша айтарлықтай жұмыс атқарды. Еуропа қайта құру және даму банкінің қатысуымен Қазақстан үшін жасыл қаржы жүйесінің тұжырымдамасы, оны орындауға АХҚО Стратегиясы қабылданып, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында жасыл облигация шығару ережесі дайындалды.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының ұсынысымен Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне өзгерістер, ал Кәсіпкерлік кодексіне тиісті түзетулер енгізілді. Онда «жасыл жоба», «жасыл таксономия» және «жасыл қаржыландыру құралына» анықтама беріліп, бизнесті экономикалық ынталандыру мен жасыл құралдарды пайдалану шаралары қабылданды.
Үкіметпен бірлесіп жасалған осы жұмыстар АХҚО-да ғана емес, жалпы, Қазақстан юрисдикциясында жасыл қаржыландыруды жаңа деңгейге шығарды. Сонымен қатар биыл Еуразия даму банкі Жасыл қаржы орталығының акциялар пакетін сатып алды. Осылайша өңірлік деңгейде жасыл қаржыландыру құралдарын айтарлықтай ілгерілетті.
АХҚО-ның Исламдық қаржы және бизнес хабы тарапынан исламдық қаржы бойынша барлық қажетті заңнама әзірленді. Қаржы орталығының алаңында исламдық қаржы саласында қызмет көрсететін шамамен 40 компания бар. Олардың арасында катарлық Al Rayan Bank-ты бөле-жара атауға болады. Ислам даму банкі, Qatar International Islamic Bank және өзге де ұйымдардың құнды қағаздарын шығару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ислам даму банкінің қолдауымен АХҚО мен Қазақстанда исламдық қаржыландыруды дамытудың жол картасы дайындалды. Бұл жоспар 2025 жылға дейін осы саланы дамытудың түрлі бағыттарын қамтиды (ислам банкингі, капитал нарығы, такафул мен ретакафул, исламдық әлеуметтік қаржы, исламдық қаржы технологиясы мен халал индустрия). Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың және нарықтың қатысуымен исламдық қаржы саласын дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді.
Global Islamic Finance Report (GIFR 2020) есебінше, исламдық қаржыны дамыту мен ілгерілетуде АХҚО-да қабылданған бастамалар Қазақстанды Islamic Finance Country Index рейтингінде 2019 жылғы 18-орыннан былтыр 14-орынға көтерді. Сонымен қатар Қазақстан Global Islamic Fintech (GIFT) Index (Исламдық қаржы технологиясы бойынша жаһандық есеп, 2021 жыл, наурыз) рейтингінде 27-орыннан көрінді. Аталған рейтингке сәйкес, Қазақстан ТМД елдері арасында исламдық қаржы технологиясы саласында көш бастап тұр.
Қолдаудан
кенде емес
Мемлекет басшысы қаржы технологиясы мәселесінде қаржы саласының негізгі драйвері ретінде АХҚО-ның рөлін ерекше атап көрсетті. Осы орайда орталық 5 бағытта жұмыс істеп жатыр. Олар – стартаптарды қолдау, венчурлік қаржыландыру, корпоративті инновация, дарындыларды дамыту мен құзірет орталығы.
Қазіргі таңда әлемнің 50-ден астам технологиялық, АКТ және қаржы технологиялары саласындағы компаниялары АХҚО юрисдикциясына тіркелді. Олардың арасындаAmazon data Services Kazakhstan Limited, Minebest, Bitfury және өзгелері бар. Орталық Азия өңірінің қаржытехнологиясы саласындағы стартаптарын қолдау бойынша14 жергілікті және халықаралық бағдарлама жұмыс істейді.
Жасанды интеллект, блокчейн мен big data, ақпараттыққауіпсіздік саласы бойынша АХҚО алаңына әр елденқатысушыларды тарту жұмыстары жасалуда. Осы мақсаттаалыс-жақын шетелден 36 негізгі ойыншымен келісімге қолқойылды.
Қазіргі таңда АХҚО-да 135 стартап тіркелген. Оларға қолдау көрсетіліп, инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар жасалады. Шетелдік және халықаралық серіктестермен бірлесіп стартаптарды дамыту мен кеңейтуге қолайлы орта қалыптастырылуда.
Маңызды жетістіктердің бірі ретінде ел Үкіметінің АХҚО платформасында Дүниежүзілік экономикалық форумның Төртінші өнеркәсіптік төңкерісінің бірлескен орталығын құру туралы шешімін және Өнеркәсіп 4.0 саласындағы басым бағыттарды дамытуды айтуға болады. Қазақстандағы бірлескен орталық төртінші өнеркәсіптік төңкерістің технологияларын енгізу мен дамыту саласында саясатты, ұстанымды және реттеуді дайындауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, инновациялық технологиялар саласындағы Дүниежүзілік экономикалық форум мамандары мен біліміне қол жеткізіп, түрлі талқылау алаңдарын ұсынады. Орталықтың құрылуы елді цифрландыру мен аралас салалардың әлеуетін ашуда маңызды кезең болмақ.
Түйіндей келе айтарымыз, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы Қазақстанның әлемдік деңгейдегі қаржылық орталыққа айналатын зор әлеуетке ие екенін аңғартты. Еуразияның жүрегі атанған елорда енді алып құрлықтың «қаржы қақпасы» ретінде де таныла түсті. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі!