Елдің астанасында ұлыс халқын біртұтас идеяға ұйыстыратын саяси-құқықтық шешімдер қабылдануымен қатар, бір орталыққа шоғарландырылған аймақтар ықпалдастығы ұйыстырылады. Осы арқылы мемлекеттің алтын діңгегі қаланады. Осы орайда, бұдан 30 жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз дара тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен дамудың даңғыл жолына түсіп, ең бастысы қос ғасыр тоғысында өзінің жаңа астанасын таңдады. Осы бір тарихи оқиға жайлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» тарихи публицистикалық еңбегінде: «Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күні-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық сенімді едім. 1992 жылы Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру жайлы ойға бекіндім» дейді.
Ежелгі қоныс, ескі жұрт
Осылай тарихи таңдау жасау арқылы Елбасы жас мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтумен қатар, еліміздің әлеуметтік-экономикалық үдерістерін жедел әрі тиімді басқарудың жасампаз жолын негіздей алды. Десек те, қазіргі таңда әлем көз тігіп, азуын айға білеген елордамыз тақыр жер, тайғақ өлкеде ғайыптан пайда болған жоқ. Елорданың өзіндік тарихы, хронологиялық тізбесі бар. Осыны көктей шолып айтар болсақ...
Ұлы даланың апайтөс байтағы, ежелгі түркі-қыпшақтың атамекен қонысы – сайын дала Сарыарқаның тарихы терең. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің бір еңбегінде: «Сарыарқаға алғаш аяқ басқанымда даланың адам бойына құятын ғаламат қуатына қайран қалдым әрі оны жан-тәніммен сезіндім», деген екен. Расында, Елбасы айтқандай, ғалам қуатына толы сахара жазираның ішке бүккен құпиясы көп. Соның бірі – елорда іргесінде орын тепкен ортағасырлық Бозоқ қаласы. Бұл ежелгі қоныс, ескі жұртты ғалымдар қазіргі елорданың «атасы» ретінде танып, қазақ даласындағы қала мәдениетінің көне үлгісі деген пайым жасауда.
Ежелгі Бозоқ қалашығы жайлы ақпарға біз 1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланған орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі арқылы таныспыз. Осындағы деректе, Есіл-Нұра бойында Бұзық атты көлдің жағасында көне қоныстың орны жайлы баяндалған. Кейін анықталғандай, қала атауы Бозоқ екен.
Аталмыш нысанға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 1999 жылы танымал археолог Кемел Ақышев зерттеу жүргізіп, қалашық уақыттық тұрғыдан түрлі кешендерден тұратынын анықтады. Атап айтқанда, Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы, яғни нысан VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейінгі аралықта, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген пайым жасалса, ескерткішке жүргізілген археологиялық зерттеулер қала құрылысының тарихи хронологиясын анықтады. Ондағы қорытынды бойынша: «VI ғасырда ежелгі түркілер қуатты әскери мемлекет құрып, Өтукен даласынан батысқа қарай Дунайға көшкен кезде VII ғасырда бұл территорияны игерген» деген ғылыми болжам айтылуда.
Қалашық сонымен қатар, керуен жолдары түйіcінде маңызды рөл атқарып, егіншілік, балық аулау және керуен саудасын басқарумен айналысатын қоныс ретінде өмір сүрген. Бұған стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстар қалдығы, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, монеталар және т.б. артефактылар дәлел. Ал ХІV ғасырда Нұра-Есіл аймағының исламданған ақсүйектерінің рухани орталығы болып, мәдени-мемориалдық кешендер салынды.
Сондай-ақ Бозоқ қалашығы – ирригациялық құрылыс жоспары жасалған Орталық Қазақстандағы алғашқы ескерткіш. Мұнда аумағы 1000х300 метрді құрайтын суару жүйесімен жабдықталған диқандық кәсіп аймағы анықталып отыр. Суару құрылымы негізгі арнадан, бірінші, екінші таратқыштардан және валиктер жүйесінен тұрған. Негізгі арна Бұзықты көлінен шығысқа қарай 580 метр созылып жатыр. Оның ені 1, тереңдігі 0,3 метр. Мұндай суару жүйесі Есіл алқабының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлдерді табиғи су қоймасы ретінде игеруімен құнды. Қоймалар көктемгі тасқын кезінде суға толады. Жазда, қажет болған жағдайда суды арналар арқылы егіндікке ағызып отырған.
Қазіргі таңда елорда іргесіндегі ежелгі қоныс, ескі жұртқа далалықтардың Еуразия кеңістігінде қалдырған ізі деген тарихи баға беріліп, бұл идеяны орнықтыру мақсатында 2018 жылы «Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» құрылы. Аталмыш мекеме қалашық аумағында Ұлы Дала мәдениетінің жиынтығы іспеттес «Аспанасты музейін» ашу ісімен айналысып жатыр.
Ақмола бекінісі және сыртқы округтың құрылуы
Келесі кезекте, яғни патшалық Ресей дәуірінде Ақмола бекінісінің іргесі қаланып, 1832 жылы 22 тамызда Ресей императоры І Николайдың бұйрығымен «Ақмола сыртқы округы» ресми ашылғаны жайлы мәлімет бар. Осы жылдары Шығыс-Сібір генерал-губернаторы қызметін атқарған С.Б.Броневский жазбасында, бекініс тұрғызу шарасы жергілікті қазақ атқамінерлері Қоңырқұлжа бастаған сұлтандар өтініші негізінде іске асты делінсе, Батыс Сібір генерал-губернаторы И.А.Вельяминовтың бұйрығымен 1830 жылы бекініс орнын анықтауға келген Петропавл коменданты Ф.К.Шубин бастаған отряд жаңа бекіністің орнын таңдап, қазығын қаққаны жайлы дерек айтылып жүр.
Отряд басшысы Ф.И.Шубиннің есеп жазбасында, қазіргі қала тұрған жер округ орталығы ретінде таңдалуына бірінші себеп, бекініс іргесінде суы мол Есіл дариясы ағып жатса, екіншіден бұл нүкте ежелден бері Солтүстік өлкені Орталық Азиямен байланыстыратын керуен жолының маңызды өткелі болғаны айтылыпты. Бұл таңдаудан біз ортағасырлық Бозоқ қалашығының тарихи миссиясы кейінгі ресейлік саяхатшылар тарапынан да аңғарылғанын байқаймыз. Үшіншіден, өңірде тал-тоғайдың молдығы әкімшілік орталықты отын-сумен қамдауға қолайлы.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов келтірген мәліметке жүгінсек, 1831 жылдың соңында округ қарамағында 131262 адам, 3576 ауыл болғаны жайлы айтылса, подполковник Шубиннің жазбасында, бекініс маңайында қарпық-алтай руларының қазақтары төрт түлік мал ұстайды, бұлардың қолында 332452 жылқы, 670775 қой, 31666 түйе бар. Әсіресе, қазақ жуандары Сапақ пен Жұман әрқайсысы 8 мың жылқы айдап жүр, делінген.
Көп кешікпей Ақмола бекінісі Орталық Қазақстанның ірі әскери-әкімшілік сауда орталығына айналды. Бұл жерге атты казак жасағы орналасты. Оларға Орталық Азиядан Батыс Сібірге бет алған сауда керуендерінің қауіпсіздігін бақылау міндеттелді. Сөйтіп Ақмола бекінісі дала округтерінің қуатты плацдармына айналды. 1834 жылы әкімшілік ғимарат және шенеуніктер мен әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйлер салына бастады. Сөйтіп өңірде ресейлік биліктің нығаюына байланысты өзгерістер пайда болды.
Одан кейін ХХ ғасырдың басында Ақмола қаласы облыс орталығы ретінде танылды. Төңкеріс жылдары бұл қалада қазақ қайраткері Сәкен Сейфуллин «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығаруды қолға алды. Қала Кеңес үкіметі кезінде облыс орталығы міндетін атқарды. Кейін Тың өлкесі құрылуына байланысты Солтүстік өңірдегі ірі әкімшілік құрылымның эпицентрі болды.
Тың игерудің орталығына айналған қала
КОКП Орталық Комитеті 1954 жылы өткен пленумында «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жайлы шешім қабылдап, Қазақстан аумағында бос жатқан 6,3 млн. гектар тың жерді игеру мақсаты қойылды. Сөйтіп, 1960 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесі құрылып, құрамына Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары біріктірілді. Өлке орталығы ретінде Ақмола қаласы таңдалып, 1961 жылы 20 наурыз күні Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төралқа қаулысымен қала аты «Целиноград» деп өзгертілді.
Тың өлкесіне қарасты 600 мың шаршы шақырым аумаққа 508 кеңшар мен 107 ұжымшар және 14 ауданға қарасты 5000-нан астам елді мекен кірді. Халық саны 3,6 миллион адамды құрап, республика тұрғындарының үштен бірін иеленді.
Өлкенің әкімшілік орталығына айналған қала қарқынды дамуды бастады. Шаһардың бас жоспарын ленинградтық Горстройпроект бөлімшесі жасады. Қала тұрғындарының күрт өсуіне байланысты жаңа шағынаудандар жоспарланды. Бес қабатты тұрғын үйлер салынды. Ал олардың көлемі шағын болғандықтан «хрущевка» деп аталды. Қалада тұрғын үй құрылысының қарқын алғаны соншалық 1961 жылдың басында тұрғын үй қоры 600 мың шаршы метрге артып, 115 мың адам баспаналы болды.
Осы жылдары жаңадан бірнеше мөлтек аудан бой көтерді. Соның бірі қазіргі «Целинный» ықшам ауданы. Елорда көшінің алғашқы жылдары Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары орналасқан бұрынғы «Кеңестер Үйінің» алдына арнайы «экран сөре» орнатылып, жаңа фильмдер көрсетілді. Оны тыңгерлер келіп тобымен тамашалай алды.
Осы жылдары Латвия архитекторлары жобалаған 2355 орынға лайық Тың игерушілер сарайы салынды. Бұл нысан көлемі мен жабдықталуы жағынан Кремльдегі съездер Сарайынан кейінгі екінші орынды иеленді. Қазіргі «Жастар сарайы» мен «Есіл» қонақүйі осы жылдары бой көтерді. Бұған қоса, Тың теміржолының құрылысы басталды. Сонымен қатар өнеркәсіптік аса ірі нысандар: «Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш» өндірістері, газ аспаптары, шойын қорытатын, вагон жөндейтін, керамикалық комбинат т.б жұмыс жасап тұрды. Азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, кірпіш өндірісі мен темірбетон өнімдерін өндіру қарқынды дамыды.
Сөйтіп Целиноград қаласы Солтүстік Қазақстанның ірі өндіріс ошағына айналды. Бұл жерде назар аударатын оқиға сол тұста Тың өлкесін көрші Ресей Федерациясының құрамына қосу туралы мәселе көтерілді. Мәскеу «Тың өлкесін тікелей Ресей Федерациясының құрамына бағындыру» жайлы құжат дайындап жатты. Бірақ бұл жоспар қазақ зиялыларының табанды қарсылық танытуының арқасында іске аспады. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Целиноград қаласы мен облыс атауы қайтадан Ақмола деп өзгертілді.
Елбасының таңдауы немесе жаңа дәуір жаһұты
Қазақ елінің астанасын Сарыарқа төріне көшіру идеясы өткен ғасырдың басында алаш қайраткерлерінің аңсары болды. Мысалы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы болса, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ... Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деп өзекжарды ойын жазып кетсе, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің естелігінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы кезінде қолыма академик Қаныш Сәтбаевтың баянхаты түсті. Ол анау-мынау мәселені емес, Қазақ КСР-ның астанасын Қазақстанның географиялық орталығы Қарағанды не Целиноградқа көшіруді ұсыныпты. Есімде қалғаны: осы хат Мәскеуге жіберілген екен. Мәскеу: «Басқа істейтін істерің жоқ па?» деп келте кесіпті, дейді (Назар- баев Н. «Еуразия жүрегінде». – Алматы: Атамұра, 2005. - 88 б).
Жоғарыда алаш қайраткерлері мен кеңестік ұлт зиялыларының арман-аңсарын ХХ ғасыр аяғында Н.Ә.Назарбаев іске асырды. «Қазақстанның жаңа астанасын таңдау кездейсоқтық емес. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа ахуал қалыптасты. Уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан құруға мәжбүрледі» деп жазады Нұрсұлтан Әбішұлы 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының 117-ші бетінде. Тұңғыш Президентіміздің жоғарыдағы пайымынан мемлекет астанасын ауыстыру мәселесі кездейсоқ туындаған дүние емес екенін аңғарғандаймыз.
– 1994 жылы 6 шілде күні Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйледім, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы 2010 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінің 94-ші бетінде: «Астаны көшіру тәуелсіздіктің ең жоғары талабы дегенді айттым. Бұл орайда тыңғылықты зерттеу жүргізіліп, 32 өлшем бойынша талдау жасалғанын, осының ішінде Ақмола барынша артықшылыққа ие екендігін атап айттым. Нәтижесінде, Жоғары Кеңестің «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген шешім залда жарияланды. Сөйтіп 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін, яғни 1997 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» аса маңызды Жарлығы қабылданды» – дейді Елбасы.
Осылай ел кіндігі Арқаға қоныс тепкен ширек ғасырда елорда адам танымастай өзгерді. Осы жылдары құйылған инвестициялар бүгінгі таңда мультипликативті экономикалық тиімділік берді. Қала тарихында ірі халықаралық саяси-экономикалық шаралар: ЕҚЫҰ Саммиті, Азиада ойыны, ЭКСПО-2017 қатарлы аса ауқымды оқиғалар болды. Қала атауы 2019 жылы 20 наурыз күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.