Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісованың мерейтойына орайластырылған қазақ мәдениеті мен шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға Аддис-Абебада тұратын қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ ҚР Елшілігінің ұжымы қатысты.
Мәдениет кеші өскелең ұрпақтың қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлы тарихи тұлғалар және олардың қазақ мәдениетін, атап айтқанда әдебиет, поэзия және халық музыкасын дамытуға қосқан зор үлесі туралы білімдерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара барысында Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаевтың, сондай-ақ қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған басқа да көрнекті тұлғалардың әдеби және музыкалық шығармалары орындалды.
Мәдени кеш қонақтарына елшілікте Қазақстанның елордасы – Нұр-Сұлтан қаласына арналған, Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің даму қарқынын суреттейтін фотокөрме ұсынылды.