Елорда күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алматы облысының бірқатар өңірлерінде пәтер кілттері табыс етілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 55 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов жиналған қауымды Елорда күнімен құттықтай отырып, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Биыл Талдықорғанда 120 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ағымдағы жылы тұрғын үй мәселесін шешу үшін республикалық бюджеттен барлығы 5,6 млрд.теңге бөлінді. Сондай-ақ, 155 коттедждің құрылысына жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Мұның бәрі әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған сындарлы мемлекеттік саясаттың көрнекі нәтижесі. Мереке қарсаңында қабылданып жатқан шаралардың арқасында 55 жетісулық отбасы Талдықорғанда қоныс тойын тойлады. Бұл бәріміз үшін үлкен және қуанышты оқиға. Баршаңызды Елорда күнімен және қоныс тойымен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңырақтың астында, әр отбасында әрдайым жайлылық, өркендеу және өзара түсіністік болсын!», деді Ләззат Тұрлашов.
Жаңа қоныс иелері атынан № 4 балабақшаның тәрбиешісі Күләш Бекенова сөз сөйлеп, қалалық ТКШ бөлімі қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының арқасында тұрғын үй мемлекеттік бағдарламаларының барлық бағыттары туралы біліп, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында жеке баспанаға қол жеткізе алғанын атап өтті. Ол өз міндеттерін орындауға жауапкершілікпен қарайтын мамандарға алғысын білдіріп, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша өңірде жүргізіліп жатқан шаралардың белсенділігін ерекше атап өтті.
Ләззат Тұрлашов «Асар» оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаев пен «Сенім» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Бекованың жаңа ошағына барып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын табыс етті.
Айта кетсек, көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Бас мердігер – «ОА НИПИ ТрансНефть» ЖШС. Үйдің жалпы ауданы - 5 мың шаршы метрден астам. Пәтерлердің жалпы саны – 55, оның ішінде 20 үш бөлмелі, 15 бір және екі бөлмелі, 5 төрт бөлмелі пәтерлер.
Елорда күніне орай Іле ауданында 60 пәтерлі, Қапшағай қаласында 50 пәтерлі және Еңбекшіқазақ ауданында 30 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Көптен күткен қоныс тойын тойлағандар арасында көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы өкілдер мен мемлекеттік қызметкерлер бар.