2021 жылы қыркүйек айында барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымында, мектепте, колледжде, арнайы және әскери жоғары оқу орындарында мемлекеттік аттестация басталады, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекеттік аттестация профилактикалық бақылау үлгісінде өткізіледі. Негізгі мақсат – жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандартының талаптарын орындау шараларын қадағалау. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек беріледі. Бұл туралы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева арнайы брифингте айтты.
Тексеру жұмыстары қашықтан өтеді. Білім беру ұйымдары құжаттардың электронды нұсқасын сарапшыларға жібереді.
Аттестация аясында оқушылардың білім деңгейі бағаланады, кешенді тестілеу өткізіледі. Бастауыш сыныптарда – екі пән, негізгі орташа білім үшін – үш пән, ал жалпы орта білім алушылар төрт пән бойынша тест тапсырады.
Кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында екі салалық пән бойынша тестілеу ұйымдастырылады.
Ал мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу аясында ата-аналар арасында сауалнама жүргізіледі.
Г.Ермекбаеваның айтуынша, бұл халықаралық тәжірибе.
Айта кетейік, мемлекеттік аттестация бес жылда бір рет ұйымдастырылады. Соның аясында меншік формасына қарамастан, барлық білім беру ұйымы толығымен тексеріледі.