«Астана Опера» симфониялық оркестрінің әртістері америкалық кинорежиссер, сценарист әрі продюсер, үш мәрте «Оскар» сыйлығының иегері Оливер Стоунның Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы Qazaq – The History of Golden Man фильміне арнап музыка орындады. Фильмнің режиссері – украиналық және америкалық киноиндустрия қайраткері Игорь Лопатёнок, оған арнап музыканы атақты композитор, «Алтын глобус» құрметті марапатының иегері Карло Силиотто жазды.
Музыка театрдың Симфониялық оркестрінің орындауында «Астана Операда» жазылды. Деректі фильм 8 сериядан тұрады. Оливер Стоунның Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі туралы ауқымды сұхбатында Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси ахуал және еліміздің мәдениеті мен тарихы жайында әсерлі әңгіме өрбиді.
– Шыны керек, фильмге кіріспес бұрын Қазақстанның сыртқы саясатынан хабарым болмаса да, мол тәжірибе жинадым. Себебі Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ол кісі жас күнінде қандай қарапайым болса, қазір де сол қалпында екендігін таныдым. Қолындағы билігіне қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлының бойынан қарапайым жұмысшы болған кездегі адамгершілік қасиеттері байқалып тұрды, − деді Карло Силиотто.
Сондай-ақ композитор өзіне режиссер мен бас продюсер музыка жазуға толық еркіндік бергендігін айтады.
− Осы туынды және бұдан бұрынғы «Көшпенділер» көркем фильміне (2007 жылғы шілде) байланысты Қазақстанға деген көзқарасым ерекше. Бұған дейін де мен Алматыға келіп, Азия фестиваліне қатысып, бірқатар композиторлармен таныстым. Осы жобада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал композитор, фольклор зерттеушісі әрі мультиинструменталист Еділ Құсайынов пен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, этнограф Ерлан Сәбитовтың музыкасын пайдаланатынымды білдім. Біз олармен қазақ ұлттық аспаптарының дыбысталуын жаздық, − деді ол.
Сонымен қатар маэстро елімізге өзімен бірге дыбыс инженері мен Лос-Анджелестен музыкалық редакторлық тобын ала келіпті.
− Қазақстанға деген махаббатымнан шабытынан музыка дүниеге келіп, «Астана Опера» симфониялық оркестрімен тамаша жұмыс істедік. Солистер – мінсіз, оркестр – ғажап, олардың бәрі кәсіби жоғары мамандар. Оркестрдің барлық солистерімен біз фортепиано солосын, арфа солосын, соқпалы аспаптар солосын жазып, хор және опера солистерімен бірлесіп еңбек еттік, − деп атап өтті сұхбат соңында Карло Силиотто.
Жас композитор, домбырашы Әбілқайыр Жарасқан да осы фильмнің саундтрегі бойынша жұмыс істеген.
− Осынау ауқымды жобаға қатысу – мен үшін үлкен абырой. Себебі мен оған композитор ретінде қатысқан жоқпын, ұлттық аспаптарда ойнайтын музыканттардың жұмысына жетекшілік еттім. Карло екеуіміз бір-бірімізді айтқызбай-ақ түсінетін жақсы доспыз, кейде әрі қарай не істеу керектігін шешу үшін бір көзқарастың өзі де жеткілікті. Мен фильмнің «шымылдығын ашатын» музыканы жаздым, онда қазақтың табиғаты тұнып тұр. Бұл композиция «Аңыз» деп аталады, оған бұл атауды жобаның режиссері әрі продюсері, Оливер Стоунның шәкірті Игорь Лопатёнок берді, − дейді ол.